ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мұнай тасымалы бойынша Каспий құбырына балама маршруттардың сыйымдылығын кеңейту мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Каспий құбыр консорциумына келетін болсақ, бұл негізгі экспорттық маршрут. Негізгі жөндеу жұмыстары аяқталды. Соңғы ең шеткі айлақ жоспар бойынша айдың соңына дейін жөнделеді. Негізінде, маршрут штаттық режимде 100 пайызға жұмыс істеп тұр деуге болады. Бізде балама жолдар бар. Бірақ Каспий құбыры сияқты үлкен көлемде емес. Өйткені жылына 54 миллион тонна мұнайды тасымалдайтын балама жолды бір түнде табу мүмкін емес», - деді ведомство басшысы Нұр-Сұлтан тұрғындарымен кезесуінде.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай көлемді орналастыру үшін кем дегенде үш жыл қажет.
«Тіпті Қытайға жетізетін балама жолдың қуаты 20 млн тонна ғана. Мүмкіндікті кеңейтеміз деген күннің өзінде Қытай сонша көлемде мұнай алуға дайын ба деген мәселе бар. Ол маршрут бойынша жалғыз тұтынушы ғана бар – Қытай. Олардан басқа ешкім тұтына алмайды.
Баку маршрутын балама ретінде қалыптастыру инфрақұрылым тұрғысынан өте ұзақ. Әуелі портты қалпына келтіріп, кейін көлемін ұлғайта бастау керек болады. Екінші құрық портын орнатып, мұнай құбырын тарту керек. Танкерлер табу қажет. Каспидің табаны таяз болғандықтан онда кез келген танкер жүзе алмайды. Тек 12 мың тонналық танкерлер ғана жүзе алады», - деді Болат Ақшолақов.
Сондай-ақ, ол Баку тарапы Қазақстан тасымалдайтын көлемдегі мұнайды қабылдауға дайын болмауы мүмкін екенін еске салды.
«Осының бәрін ескерсек бұл мәселе өте күрделі. Бірақ біз балама нұсқаларды қолданамыз. Бүгінде мұнайдың бір бөлігін осы балама жолдарға жөнелтіп жатырмыз. Бұл 16,5 млн тоннадай болады. Әрине, ол 54 млн тонна емес. Біз басқа бағыттар бойынша жүк тасымалдаймыз. Сондықтан бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Бірақ біз басқа да тәсілдерін қарап жатырмыз», - деді министр.
Шарадан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында Каспий құбырына балама жол төсеудің мүмкіндігі туралы түсініктеме берді. Айтуынша, Баку бағыты бірнеше жылдың ішінде инфрақұрылым төсеуге болады. Бірақ оны резервте ұстап тұрудың шығыны орасан көп болуы мүмкін.
«Құбырға қызмет ету шығындары болады. Мысалы құбыр төсеп, басқа елдің аумағына порт салынды дейік. Ол портты жалдау ақысын мұнай тасымалдасақ та, тасымалдамасақ та төдеу керек болады. Осындай түрлі шығындар бар. Қазір соның бәрін зерделеп жатырмыз», - деді ведомство басшысы.