Қазақстанда ауқымды «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы мәресіне жетті.
Елімізде бұған дейін мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы жүзеге асқан жоқ. Сондықтан осы жобаға қатысқан аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Айтқали Бақытовтан ғылыми аударма саласының ерекшелігі мен жай-күйі туралы сұрап білдік.
«ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық саладағы таңдаулы оқулықтарды аудару жұмысына қатыстым. Біріншіден, бұл еңбектер студенттерге гуманитарлық саланың іргелі шығармаларымен қазақ тілінде танысып, өз тілінде білім алуға, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман даярлауға жол ашты деуге толық негіз бар. Екіншіден, жоба қазақ тіліндегі ғылыми ақпарат қорын байыта түсті. Әр салада, атап айтқанда, тарих, философия, социология, психология, мәдениеттану, лингвистика, медиа, экономика, кәсіпкерлік, кинотану бағытында жаңа ғылыми зерттеулердің жүзеге асуына, қазақ ғылымының ары қарай дамуына серпін қосты. Ең бастысы, аударма саласында білімі мен тәжірибесі бар мамандар санын көбейтті, кәсіби мамандардың шыңдалуына мүмкіндік берді»,- деді Айтқали Бақытов.
Филология ғылымдарының кандидаты «100 жаңа оқулық» жобасы аясында француз философы Жил Делөздің кинодағы бейнелер мен семиотикалық белгілерді философиялық тұрғыда зерделеп, қозғалыс, кеңістік, уақыт және бейне сынды ұғымдарға терең талдау жасаған «Кино 1. Қозғалыс-бейне» және «Кино 2. Уақыт-бейне» атты екі томдық еңбегін француз тілінен қазақ тіліне аударуға атсалысқан.
«Аудармашы, ғылыми редактор, әдеби редактор, жауапты редактор, корректор, дизайнер секілді мамандардан құралған жұмыс тобы философиялық ұғымдар мен категорияларды, кинотану саласындағы ұғымдар мен терминдерді дәл аудару мәселесін талқылап, пікірталас өткізіп отырдық. Ж.Делөздің екі томдық еңбегін аудару кезінде кейбір фильмдерді арнайы көріп шықтық. Мәселен, америкалық режиссер Эрих фон Штрогеймнің (ErichvonStroheim) француз тілінде «Lesrapaces (Тура аудармасы: Жыртқыштар)» деп аталатын фильмін қазақ тіліне «Ашкөздік» деп аудардық. Себебі, фильмнің сюжеті бойынша ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы ақша, байлық үшін салқындап, соңында күйеуі әйелін өлтіріп тынады. Мұнда фильм атауын тікелей аудармамен бере салуға болмайды. «100 жаңа оқулық» жобасының атап өтер тағы бір тұсы – іріктелген оқулықты аудару үшін тілді жақсы білетін аудармашылармен қатар сол саланы жетік меңгерген мамандар бірге жұмыс істеді. Оқулықты баспаға өткізбес бұрын еліміздегі жоғары оқу орындарында талқылаулар өткізілді. Бұл кітаптың сапалы шығуы үшін дұрыс қадам болды деп ойлаймын», - деді маман.
Сонымен қатар, аудармашы ғалым «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тағы бір бағыты – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына да қатысқан. Ол жобаны да Ұлттық аударма бюросы үйлестірді. Мұнда «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» деп аталатын қос жинақ БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды. Айтқали Бақытов қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын француз тіліне аудару тобында болған.
«Аударма – жан-жақты білімді, сол елдің мәдениеті мен ұлттық болмысын білуді, табандылық пен көп ізденуді талап ететін күрделі жұмыс. Тілді жақсы білумен қатар, кез-келген ұлттың тіліне ғана тән тілдік және сөйлеу әдеттерін меңгеру қaжет. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысaл келтіре кетейік. Мәселен, қaзaқтaрдa құрaлaйды көзге aтқaн мерген деген тұрaқты сөз тіркесі бaр, бұл тіркес aдaмғa жaқсы бaғa беріп, мaқтaу үшін айтылады. Енді фрaнцуз тіліндегі осы сөз тіркесінің бaлaмaсы мынaдaй: tireurquipourraitmettrelaballedansl’œildel’éléphant – «оқты пілдің көзіне тигізетін мерген». Қaзaқ хaлқындa мергендікті құрaлaйдың жылдaмдығымен өлшесе, фрaнцуздaрдa мергендіктің өлшемі – пілдің көзі, пілдің көзіндей кішкентaй нысaнaғa оғын мүлт жібермей тигізе алған aдaм нaғыз мерген болып есептеледі. Міне, аударма барысында осындай ұлттың дүниетанымына, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық ерекшеліктеріне байланысты сөздер мен тіркестердің мағынасын жоғалтып алмай, автордың түпкі ойын өзгеріссіз жеткізуге міндеттіміз», - деді ол.
Айта кету керек, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлем тілдерінен оқулық аудару ісі межесіне жетті.
Бірнеше жылда дүниежүзіндегі ең үздік деген университеттердің оқу бағдарламасына енген оқулықтар қазақ тілінде «сөйледі». Қазір қазақ тіліне аударылып, басылған 100 оқулық еліміздегі 130 ЖОО-ға тегін таратылды.