12 ақп, 2024 сағат 16:52

«10 Сингапурдың немесе 3 Люксембургтің аумағындай» - депутат жанып кеткен ормандардың ауқымын айтты


«Қазақстанда өртенген ормандардың аумағы шамамен 10 Сингапурдың немесе 3 Люксембургтің аумағына тең» деп мәлімдеді Парламент Мәжілісі депутаты Руслан Берденов 12 ақпанда өткен Үкімет сағатында. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды.

«Еліміздегі 30 млн гектарынан астам орман қорында жылына мыңға жуық өрт шығу фактілері анықталады. Соңғы 5 жылда 610 мың гектар орман жанып кеткен. Салыстырмалы түрде жанған аумақ 10 Сингапурдың немесе 3 Люксембургтің аумағына тең.  Өрттің салдарынан көз жұмған азаматтар, үй-күйінен айырылған жанұялар, тірідей жанып кеткен қызылкітаптағы жабайы аң мен өсімдік ресурстары жойылуда. 5 жылда орман өрті мемлекетке 30 млрд теңге шығын келтірді", - деді Руслан Берденов.


Депутаттың айтуынша, жіберілген қателіктер аз емес. Салаға көңіл бөліп, нақты өзгерістер мен қатаң қадағалау қажеттілігін былтырғы қайғылы Абай облысындағы 63,5 мың гектар, Қостанайдағы 40 мың гектар орманның өртенуі мен жазықсыз  жанып кеткен 14 адамның тағдыры дәлел.  

"Жалпы халықтың Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысына алаңдатушылық білдіретінін ескеріңіздер. Алматыдағы жер сілкінісі кезінде сиренаның қосылмағаны, байланыс операторларынан хабарлама келмегені, Сейсмология институты жұмысына көп сұрақ туындайды. Оған қандай кедергілер бар? Бұл мәселені бірлесіп, саланы қажетті деңгейге жеткізуге  жұмыс істеуге шақырамын", - деді депутат. 


Сондай-ақ, депутат Алматы қаласындағы Тау-Самалы шағын ауданында болған жағдайға назар аударды.

"Оқиғаны еріген су, жаңбыр немесе жер асты суларының қанығуына байланысты топырақ қабатының төмен қарай жылжуы деп сипаттады. Осындай аймақтарда барлау немесе болжау жұмыстары жүргізіледі ме? Біз бүгін мәселенің салдарымен күресуді әдетке айналдырдық. Қайғылы оқиғаның алдын алу үшін қауіпті аймақтарды зерттеп, болжау жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын", - деді Руслан Берденов өз кезегінде.