03 мам, 2024 сағат 11:42

03 мамырда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға «Қазгидромет» болжауы қандай?


Сурет: freepik

ҚР басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуімен тұрақсыз ауа-райын сақталады, найзағаймен жаңбыр, түнгі сағаттарда еліміздің солтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады  деп хабарлайды “Қазгидромет” РМК  баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова.


"Тек еліміздің оңтүстік-шығысында, батыстың, оңтүстіктің жекелеген аудандарында жауын-шашынсыз ауа-райы күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі, оңтүстігінде дауыл, оңтүстік-батысында шаңды дауыл, солтүстік-батысы, солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Түнде Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының шығысында, Ақмола облысының солтүстік-шығысында 1-6 градус үсік күтіледі. Маңғыстау облысының басым бөлігінде, Атырау облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде, Қызылорда, Қарағанды облыстарының батысында, оңтүстігінде, орталығында, Түркістан облысының солтүстігінде, оңтүстік-батысында, Абай, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Ұлытау облысының шығысында, орталығында жоғары өрт қауіпі сақталады", -деді маман. 

Сондай-ақ Алина Ысмағұлова 2024  жылдың 02 – 06 мамыр аралығында  қатты жауын-шашынның түсуінен, қар жамылғысының тұрақсыздығы мен биіктігінің жоғары болуына байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында (2700 метр биіктігінен жоғары) қар көшкіні қаупі сақталатынын айтып отыр. 

"Көшкін жүру қаупі мүмкін болуына байланысты, қарлы беткейлерге шығу ұсынылмайды. Тауда абай болыңыздар.
Мамырдан қыркүйекке дейін созылатын сел қауіптілігінің күшеюі кезеңінде «Қазгидромет» РМК Қазақстанның таулы аумақтарында жауын-шашыннан болатын сел қаупіне мониторинг жүргізеді. Күн сайын  консультациялар, болжамдар және дауылды ескертулер қоса жүретін сел қаупі туралы бюллетень шығарылады. Ақпарат әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік уәкілетті органдарға және халыққа таратылымдар мен интернет-портал арқылы беріледі. Барлық деректер «Қазгидромет» РМК сайтында қолжетімді", -дейді “Қазгидромет” өкілі.