Түркістан облысы мен Шымкент қаласы арасында нысандарды бөлу балансы жасалып, 99 нысан шым қаланың коммуналдық меншігіне өтті. Бұл мәселе бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс 41-сессиясында қаралды.
Сессия барысында қаланың 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді. Бұл мәселелер депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Мәслихатта қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есеп берді. Қала статусының өзгеруіне байланысты негізгі күш әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстарына бағытталғанын айтқан қала басшысы жергілікті атқарушы органдардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімде көптеген іс-шаралар атқарылғанын жеткізді. Мәселен, қалалық әкімдіктің басқару құрылымына өзгерістер енгізіліп, қызметкерлердің саны 509-дан 721-ге жеткен. Ал, әкімдіктің 15 салалық бөлімдері қайта құрылымдалып, басқарма болып өзгертілген. Тағы жаңадан 8 басқарма құрылған.
Шымкентте атқарылған жұмыстардың 10 айлық көрсеткіштеріне тоқталған шаһар басшысы өнеркәсіп өнімінің көлемі 384 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артқанын атап өтті. Осы кезең аралығында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 9,5 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, жаңа 613 жұмыс орны ашылған.
«Осыдан екі жыл бұрын қабылданған даму тұжыырымдамасы бойынша Шымкентті миллион тұрғыны бар қалаға жеткізу мақсаты қойылған еді. Біз оған қол жеткіздік. Таяуда Оңтүстік Кореяға барып қайттым. Онда Сеул қаласының басшылығымен кездесіп, құрылыс компаниясының басшыларымен бірқатар келісімдерге қол жеткіздік. Енді келесі жылы қалада үлкен құрылыс жұмыстары басталады», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.