#
#
Жұма 24/01/2020

Жазушылар одағының тарихында жүздеген томға жүк болатын тағдырлар шежіресі жатыр - Қырымбек Көшербаев

  • 09.12.2019
  • 0
  • 2042

Алматыда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының және «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай пленум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық жиынға 8 елден Жазушылар одағының басшылары, мүшелері келді.

Отырыс алдында қазақ әдебиетінің қара шаңырағына айналған киелі орданың 85 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді.

Қазақтың үш бәйтерегі - Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығын арқау еткен салтанатты жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, баяндама жасады.

«Биыл - "Қазақ әдебиеті" газетінің 85 жылдық мерейтойы. Сондай-ақ, осынау қара шаңырақтың негізін қалаушылар: қазақтың үш бәйтерегі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Қазақ елі қашанда жазушылар қауымдастығын жанына сүйеу, рухына тіреу санайды. Ежелден сөз өнерін кие тұтқан қазақ өткен ғасырдың басында бір ұйымға ұйысқан ақын-жазушылар қауымдастығында дәл осындай үлкен үміт артқан болатын. 85 жылдық тарихында сөз зергерлері сол үмітті ел сенімінің темір қазығына айналдыра білді. Қазақстан Жазушылар одағының бір ғасырға жуық тарихын тарата зерттейтін болсақ, одан қазақтың қилы кезеңдерімен тұтасып жатқан жүздеген томға жүк болатын қызығынан қасіреті басым, тауқыметті тағдырлардың шежіресін көреміз», - деді Қырымбек Көшербаев.

«Өнер алды - қызыл тіл» демекші, халқымыздың қадір тұтқан өнерінің бірі - әдебиет екені рас», - деп атап өтті өз сөзінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

«Бүгінде 800-ден астам қаламгердің басын біріктіріп отырған киелі ұйым - Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толды. Сәкен Сейфуллин іргесін қалаған Жазушылар одағын әр жылдары Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Әли Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Нұрлан Оразалин басқарған. Қазақ сөзі қиын-қыстау замандарды басынан өткерді. Қазақ тілі қаржы, сот, экономика саласынан ығыстырылып өгей күй кешкені анық. Тап сол кезеңдерде қазақ тілі пана тапқан жалғыз ұйым Жазушылар одағы болатын», - деді қала әкімі.

Сонымен қатар жиында ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет баяндама жасап, аталған ұйымның осы жылдар аралығында жеткен жетістіктері мен атқарылған ауқымды жұмыстарына тоқталды.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР