#
#
Cәрсенбі 20/11/2019

Жасанды интеллекті созылмалы аурумен ауыратын науқастарға қалай көмектеседі?

  • 28.10.2019
  • 0
  • 1925

Кішкентай ғана денесі бар, көзі күлімдеп тұратын Мабу атты робот Catalia Health стартапының бетке ұстар жетістігі саналады. Бұл жобаның денсаулық сақтау ісіндегі инновациялық шешімдері көпшілікке үлгі боларлықтай бірегей бастама.

Catalia Health бағдарламасы – созылмалы ауруы бар науқастардың емделу жоспарын бақылауға көмектесетін психологиялық білімі бар жасанды интеллект. Бұл робот науқастармен күн сайын әңгімелесіп, оларға кеңес береді, дәрі немесе ем қабылдайтын уақытты естеріне салып, науқастардың жалпы жағдайы туралы деректерді дәрігерлерге жіберіп отырады. Жіберілген деректер емделушінің телефонынан да көрініп тұрады.

Catalia Health компаниясының негізін қалаушы Кори Кид: «Біз науқастардың ем қабылдауын тиімді жоспарлайтын бағдарлама құрғымыз келді. Ем-шараның нәтижелі болуы үшін дәрігерлер науқастар жайлы деректерді үзбей көріп отыруы керек. Осылайша, біз әрбір науқаспен байланысымыз жақсы болуын қамтамасыз етеміз», - дейді.

Осыдан бір жыл бұрын жүрек ақауы бар науқастар Мабуды үйіне алды. Ал жарты жылдан кейін жобаны қаржыландырып отырған Kaiser Permanente серіктестіктің бір бөлігі ретінде роботтармен жұмыс істей бастады. Содан бері Catalia Health денсаулық сақтау жүйелері мен фармацевтикалық компаниялармен серіктестік құрды. Олар ревматоидтық артрид пен бүйрек рагына ұшыраған науқастардың емделу жоспарын құруға үлес қосты.

Созылмалы ауруды емдеу жоспары науқастар үшін күрделі процесс және көпшілігі ережені сақтап, жүйелі емделмейды. Кидтің айтуынша, Мабумен болған күнделікті әңгімелесулер тек науқастарға ғана пайдалы емес, дәрігер де робот әріптесінің жіберген деректеріне сүйеніп, тиімді медициналық шешім шығаруға көмектеседі.

 

Өзгеріс әкелген роботтар

Кид 2001 жылы магистратураға Массачусетсқа келмес бұрын, Georgia Tech-те студент әрі факультетте оқытушылық қызмет атқарған еді. Ол жасы ұлғайған адамдардың денсаулығын күтумен байланысты проблемаларды шешумен айналысты. Сонымен қатар, созылмалы аурумен ауыратын адам санының көбею себебін зерттеді.

Сол кезден бастап Кид мырза науқастарға көрсетілетін ем-шараның жүйелі болуын қадағалайтын технологияны іздеді. Көптеген студенттердің зерттеулері бойынша науқас адам дәрігермен телефонмен немесе онлайн сөйлескеннен гөрі, жүзбе-жүз тілдескенді қолай көреді екен. Адами диалогтар жағымды қарым-қатынас құруға, сенімін арттыруға жол ашады. Сол себепті Кид Масачуссетс технология институтында осы зерттеулерге сүйеніп, роботтармен жұмыс істеуді қолға алады.

Соңында Кид «егер сіздің қасыңызда жүрген интерактивті роботтың көзіне қарап сөйлесетін болсаңыз, оның психологиялық әсері шынайы адаммен әңгіме-дүкен құрғандай болады» деген қорытындыға келеді. 

Оның докторлық зерттеулерінің бір бөлігін Медиа зертханадағы Медиа өнер және ғылым бағдарламасы аясында Бостон университеті медициналық орталығындағы диабетпен және артық салмақпен күрескен емделушілермен тест өткізеді. Емделушілердің бір бөлігі артық салмақтан арылуға көмектесетін роботты үйлеріне алады. Ал қалған емделушілер тура осы бағдарламаны компьютерлеріне орнатқан. Үстелдің үстінде тұратын робот диета мен салауатты өмір салтына қатысты кеңестер беріп отырады. Тәжірибеден анықталғандай, үйінде роботы болған емделушілер салмақ тастау жоспарынан ауытқымаған.

2007 жылы PhD бағдарламасын тәмамдайтын уақытта Кид мырза роботтардың көмегімен сусамырмен ауыратын адамдарды бақылайтын Intuitive Automata атты роботтарды тәжірибеден өткізеді. Ол осы идеяның артынан жүргенмен, Кид мұндай күрделі технологияны денсаулық сақтау нарығына шығаруға ерте екенін түсінеді. Себебі, ол кезде медициналық деректер енді ғана цифрлы форматқа ауысып жатқан еді.

Intuitive Automata үлкен жетістікке жетпесе де, Кид мырза денсаулық сақтау секторының өте күрделі екенін көреді. Ол артық салмақпен және сусамыр ауруымен күрескен науқастарға арналған роботтар жасап, оларды фармацевтика мен сақтандыру компанияларына сатқаннан да салмақты дүние жасау керектігін түсінеді.

Кид аталмыш салада көптеген байланыс құрып, негізгі қиындықтарды сараптамадан өткізеді. Денсаулық сақтау ісіндегі әрбір қатысушының рөлі мен сан түрлі функциялардың бір жерде тоғысуын көреді.

Сонымен қатар, Кид мырза роботтардың баға саясатын зерттейді. Сол кездерде Amazon-ның Алексасы мен Appleдың Сириі жақсы қолдауға ие болды. Нәтижесінде, Кид дәстүрлі медицинаны жаңа белеске көтеретін жобасын ұсынады.

«Дәстүрлі медицинадағы емдеу моделі бойынша науқас дәрігердің қабылдауына келеді, одан кейін дәрі-дәрмекке телефон арқылы тапсырыс береді. Оның арасында дәрігер науқастың үйіне барып тұрады. Бұл процестердің барлығы да адамның қатысуымен іске асады. Біз неғұрлым көп адамға қол ұшын бергіміз келсе, соғұрлым көп дәрігер болу керек. Сондықтан мәселе үнемі тығырыққа тіреледі», - дейді ол.

2014 жылы Кид Catalia Health-тың негізін қалады. Осы жоба аясында көптеген созылмалы аурумен ауыратын науқастар персоналды роботтың көмегімен ем қабылдады. Ең қызығы, науқастар ем алып болған соң роботтарды кері қайтарғысы келмейді. Соған қарағанда роботтардың көп көмегі тиген секілді.

Мабу және оның достары

Catalia Health жасанды интеллектіні қолданып, Мабудың әрбір науқаспен күнделікті әңгімелесуі арқылы, олар жайлы деректер жинайды.

Әдетте, робот дәрігерлер мен медбикелер сияқты диалогты «Хәліңіз қалай?» деген сұрақтан бастайды. Содан кейін дәрігерлердің қоюы мүмкін сұрақтармен жалғасып, әңгіме әр бағытта дамиды.

Мәселен, Мабу жүрегі ауыратын науқастардың демікпесі байқалғанда, олардың салмағы жайлы сұрайды. Науқастардың берген жауабына қарай,  «Дәрігеріңізге хабарласқыңыз келмей ме?» немесе «Мен осы мәліметті дәрігерге жіберейін», «Ертең тексеріске барайық» деп айтады.

Өткен жылы Catalia Health Американың жүрек ассоцияциясымен серіктестігі туралы хабарлады. Соның арқасында асоцияцияның жүрек ақауы бар науқастарға арналған ережелерін жеткізді.

Мабу әрбір науқастың дерті туралы көп нәрсе біледі. Егер науқас «Менің хәлім нашар» деп айтса, Мабу науқаста болуы мүмкін барлық жағдайларды  ескеріп, жылдам кеңес береді. Содан кейін науқасқа қамқорлық көрсететін дәрігер, медбике немесе фармацевтке осы мәліметті жібереді.

Денсаулық сақтау мекемелерімен қатар, Catalia фармацевтикалық компаниялармен де жұмыс істейді. Catalia Healthдің фармацевтикалық компанияларға жіберетін деректері анонимді болған күнде де, олардың дәрілерінің беретін әсері мен науқастардың жағдайы туралы обьективті мәлімет алады.

Келесі жылы Кид серіктестерінің санын көбейтіп, басқа да аурулармен күрескен науқастарға қол ұшын бергісі келеді. Осылайша, қарым-қатынастағы психологиялық факторларды ескеріп құрастырылған жасанды интеллектінің алгоритмдері науқастардың дәрігермен байланысын үзбей, нәтижелі ем шара қабылдауына себеп болады.

Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар