#
#
Бейсенбі 22/08/2019

Жасанды интеллект өнер туындысын жасай ала ма?

  • 17.06.2019
  • 0
  • 1896

Эдмонд Беламидің портреті былтыр 432 мың долларға сатылды. Ешкімге белгісіз адамды бейнелеген сурет неге соншалықты қымбатқа сатылған? Бұл ақпаратты естігенде, сізде шамамен осындай сұрақ туындауы мүмкін. Ал жауабы мынау – бұл алгоритмнің көмегімен салынған сурет. Алгоритмде 14-20 ғасырлар арасында салынған 15 мың портреттің деректері қолданылған.

«Christie's» аукцион үйі ұйымдастырған бұл сауда басқа да мәселелердің шетін шығарғандай болды. Адамға тән сезімдерден жұрдай компьютер өнерпаз бола ала ма? Бұл портретті өнер туындысына жатқызуға бола ма? Ал егер жұрт осы үшін қомақты ақша төлеуге дайын болса, бұл сұрақты қоюдың мән бар ма?

Қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект адам ой-өрісінің деңгейіне жетсе не одан асып кетсе, өнерпаздар мен шығармашылық саласының күні не болмақ?

Бұған дейін алгоритмдер өлең де шығарып, музыка да жазған. Сонда алгоритм өнер туындыларын жасап шығара ала ма деген сұрақ еріксіз туындайды. Білім тануды зерттейтін нейробиолог Роми Лоренцтің айтуынша, бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен «өнерпаздық» ұғымын қалай түсінетінімізді анықтап алу керек.

«Егер өнерпаздық мәселені шешудің жаңа амалдарын табу деп қабылдасақ, онда жасанды интеллект мұндай деңгейге жетті», - дейді Роми Лоренц. Осы ретте нейробиолог Google корпорациясының еншілес DeepMind компаниясын мысалға келтіріп отыр.

2017 жылы DeepMind компаниясы жасап шығарған жасанды интеллект өте күрделі логикалық Go ойынында ең үздік ойыншыны жеңіп кеткен. Бірнеше күнде ол жаңа айлалар мен инновациялық стратегияларды меңгерген.

«Google компаниясы бұл жеңісті өнерпаздыққа жатқызар еді. Өйткені жасанды интеллект бұрын кездеспеген мәселені шешудің жаңа жолдарын тапты», - дейді Роми Лоренц.

Алайда өнер мәселені шешудің жаңа амалдарын табумен ғана шектеліп қалмайтын болса ше?

Виртуалдық әлемдегі ойындарды шығару – жасанды интеллекттің өнерпаздығын сынауға лайық алаң екені сөзсіз.

«Бірақ алгоритм адамның қатысуынсыз бірдеңе жасаса, мұның нәтижесі қызықсыз болады», - дейді компьютерлік ғылымдар профессоры Джулиан Тогелиус.

Қазірде алгоритмдердің неше түрлі ойындар жасауға қабілеті бар, бірақ адам олардан тез жалығып кетеді.

Профессор ғарыш кеңістігін зерттейтін No Man's Sky компьютерлік ойынын мысалға келтіреді. Мұнда алгоритмнің көмегімен 18 квинтиллион ғаламшар жасалған. Ойында «процедуралық генерация» технологиясы қолданылады. Соның көмегімен автоматты түрде жаңа әлемдер құрылады. «No Man's Sky ойынында неше түрлі өсімдіктер мен жануарлары бар көптеген ғаламшарды зерттеуге болады. Ол техникалық жағынан алғанда үздік туынды. Бірақ оны ойнау қызық емес.

Ойында керемет алгоритмдер қолданылған. Олар өте көп зат істей алады. Бірақ бұл ойыншыларға қызық емес, өйткені адамдар үнемі өз бетінше бірдеңе істегісі келіп тұрады», - дейді Джулиан Тогелиус.

Роми Лоренц нағыз өнерпаздық мәселені шешуде тапқырлық танытудан  бөлек екенін айтады.

«Көркем шығармашылық адам ішіндегі ойларды нақты бір затқа айналдырады. Ол мәселен, музыкалық туынды не мүсін болуы мүмкін. Бұл қиялыңдағы дүниені нақты бір нысан түрінде шығару қабілеті. Ал жасанды интеллекттің ішкі жан-дүниесі болмайды. Сондықтан да ол адамдар секілді бойындағы үрейін не тілегін бейнелей алмайды. Сондықтан бүкіл істі жасанды интеллектке тапсырудан гөрі өнерпаз адамдардың машиналармен бірлесіп жұмыс істеуі жемісті болмақ», - дейді Роми Лоренц. 

Музыкант әрі Сассекс университетінің маманы Элис Элдридж жасанды интеллектті «дөңгелек не ішкі жану қозғалтқышы секілді ойлап тапқан құралдарымыздың бірі» ретінде қарастыруды ұсынып отыр.

Ол өздігінен ойнайтын виолончель жасауға көмектесті. Музыкалық аспап электр күшімен жабдықталған және онда бейімделген алгоритм қолданылған.  

«Классикалық виолончельде ойнаған кезде ысқымен жұмыс істеу керек. Ал жаңа құрылғы өздігінен музыка шығарады. Бұл музыкалық аспаптарға және жалпы жаңа технологияларға қатысты өзгеше көзқарас қалыптастырады», - дейді Элис Элдридж.

Лондондағы UAL Creative Computing Institute қызметкері Мик Гриерсонның пікірінше, жасанды интеллект өнерді дамытуға септігін тигізіп, жаңа үлгілермен істейтін өнерпаздар бен шығармашылық орталардың құрылуына әкеледі.  

2016 жылы Sigur Rós скандинавиялық тобы бағдарламалық жасақтаманың көмегімен әндерінің бірінің жаңа нұсқасын шығарды. Ол ән топтың Исландия бойынша жасаған 24 сағаттық сапары кезінде орындалған.

Roxy Music, Coldplay, Дэвид Боуи секілді танымал тұлғалармен жұмыс істеген инновациялық композитор әрі продюсер Брайан Ино да музыкалық шығармаларында алгоритмдерді қолданғанды ұнатады.

Massive Attack тобы да Mezzanine атты альбомын жаңадан өңдеу кезінде  жасанды интеллекттің көмегіне жүгінген. Жаңа альбом нейронды желі ретінде ұсынылады. Сонда Барбиканда өтетін көрме келушілері қимылдары арқылы дыбыстарды өзгерте алатын болады.

Жасанды интеллект өнер адамдарының қызметіне қауіп төндіргенімен, технология олармен бәсекелес бола қоймас. 

Пайда көрмек болғандар жасанды интеллектті адамдардың шығармашылық қабілетін төмендету үшін қолдануы мүмкін. Бірақ бұл үшін технологиялар емес, адамдардың өздері жауапты.

Мәдениетті қалыптастыратын адамдар. Бұл мәселеде технология ешқашан да адамнан асып түсе алмайтыны анық.

Мақаланың түпнұсқасы: bbc.com

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар