15 қар, 2017 сағат 21:49

"Ямал маусымдары" ауқымды жобасы қорытындыланды

Ямал-Ненец автономды округі – Түмен облысының құрамына кіретін Ресей Федерациясының субъектісі. «Ямал» сөзі ненец тілінен аударғанда «жер шеті» дегенді білдіреді. Шынымен, бұл аймақ Арктикада, Батыс Сібірдің солтүстік жағында орналасқан.

Ямал –  дәстүрлі үйлер мен байырғы тұрғындардың кәсіптері мен заманауи инфрақұрылымды байланыстыратын қызықты өңір, жаһандану жағдайында білімді, дамыған, бірақ өзінің ерекше мәдениетін, салтын, тұрмыстық ғұрпын сақтап қалған халық.

Аталған аймақ шалғай орналасқандықтан, Ямал жайында көбі біле бермейді, оның өмірімен қызықпайды. Ұйымдастырылған «Ямальские сезоны» жобасының арқасында түрлі елдердің адамдары бірте-бірте сұлу табиғаты, өз мәдениетін, тарихын, тілін, дәстүрлері мен ғұрыптарын сақтаған халқы бар бұл өңір жайында біле бастады.

2017 жылғы 15 қарашада С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының конференц залында Петропавл қаласында Ямал-Ненец автономды округі презентациясы өтті. Бұл – «Ямальские сезоны» ауқымды жобасының соңғы іс-шарасы. Аталған жобаның мақсаты мәдениет мен өнер саласында ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасының шекаралас аймақтарында дипломатиялық байланысты нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды құру болып табылады.  

Ұйымдастырушылар Ямал-Ненец автономды округінің Халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар департаменті, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, сондай-ақ Қорған облысындағы Ямал-Ненец автономды округінің өкілдігі болды.

Іс-шара басталмас бұрын «Ямальские сезоны в Казахстане» көрнекі кітап көрмесі, «Ямал. Мир. Арктика. Люди» фотокөрмесі ресімделді. Ресей Федерациясының халық суретшісі Герман Травниковтың суреттер көрмесі ұсынылды, оның жұмыстары облыстық бейнелеу өнері мұражайында қойылған.

Ресей Федерациясының Қорған облысындағы Ямал-Ненец автономды округі өкілдігі басшысының орынбасары Елена Рудовская жобаны іске асыру аясында іс-шараны ұйымдастыруда жәрдем көрсеткені үшін алғыс сөздерін білдірді. Ол Солтүстік Қазақстанмен, әсіресе мәдениет пен өнер саласында бұрыннан достық орнағанын атап өтті. «Біздің мәдени өзара алмасуымыз халқымыз бен еліміздің достық қарым-қатынастарын нығайтуға септігін тигізеді». Сөйтіп, Ямал-Ненец автономды округі Халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар департаментінің атынан мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына, Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов: «Біз өзгерістер мен қызықты оқиғалар дәуірінде өмір сүреміз. Жуырда мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Владимир Владимирович Путиннің қатысуымен Ресей-Қазақстан өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Форум аясында 2018 жылы ұқсас іс-шараны Петропавл қаласында өткізу жайында хабарланды. Бұл елдердің мықты достық қарым-қатынасын көрсетеді», - деді.

Сонымен бірге Наиль Салимов «Россия и Казахстан – два крыла вечной дружбы» гуманитарлық-мәдени акциясының аясында өткізілген кездесу мәдениеттің дамуына, екі ел халықтарын байытуға оң әсер ететіндігін атады.

Іс-шара соңында Константин Ямзин және Ирина Юн ұлттық аспаптарды қолданумен ненец тілінде әндер шырқады. Көрермендер әртістерді ду қол шапалақпен қарсы алып, олардың туындыларын сүйсіне тыңдады.

Іс-шарадан кейін барлық тілек білдірушілер ненец халқының дәстүрлі тағамдарынан ауыз тиді, дәмі бәріне ұнады.

Іс-шараға Петропавл қаласы шығармашылық зиялылары және жұртшылық өкілдері, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, кітапханалар, мұражайлар қызметкерлері, колледждер, М. Қозыбаев ат. СҚМУ оқытушылары мен студенттері, жұртшылық, БАҚ қатысты.