06 қыр, 2016 сағат 13:12

Ван Чинжен: "ЭКСПО-2017" көрмесіне өз өнімдерін ұсынғысы келетін қытайлық компаниялар көп

Бүгін Астанада өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Қоғамдық кеңестің үшінші отырысына Қытайдың «ЭКСПО-2017» павильоны жөніндегі комиссары Ван Чинжен арнайы бейнежолдама арқылы өзінің ұсыныстары мен 2010 жылы Шанхайда өткен халықаралық көрмені ұйымдастыру кезіндегі тәжірибесін жолдады, дейді BAQ.kz тілшісі.

Қытай павилонының комиссары халықаралық шара ұйымдастыруда ең басты ескеретін жағдай әуежайлар мен вокзалдар екенін алға тартады.

«Өздеріңіз білетіндей Шанхайда екі әуежай бар. Біз дүниежүзінен келетін 40 миллион туристті қабылдау үшін әуелі әуежайларды қайта жөндеуден өткізіп, модернизацияладық. Бұл бизнеске салмақ салғанымен сол елге немесе қалаға ең әуелі табан тіреген адам елдің мәдениетін әуежайынан таниды» - дейді Ван Чинжен.

ЭКСПО көрмесі арқылы өз елінің туризмін дамытуды көздеушілер үшін бұл көрме үлкен мүмкіндік деген қытайлық өкіл қытай тарапының Астанада өтетін халықаралық көрмеге қатысуға деген құлшынысы жоғары. Тіпті, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қытайдағы мемлекеттің дамуында қозғаушы күш болып табылатын үш бірдей ұйымы арқылы қатысуға ниетті екендігін де жасырмады.

«Біз Астанада өтетін көрмеге Қытай Халықаралық сауданы ілгерілету жөніндегі кеңес, Энергетика министрлігі және Туризм министрлігі секілді құраммен қатыссақ дейміз. Онда 2010 жылғы жағдайды еске түсіре отырып, қытайлық тәжірибенің ең үздік деген екі жобасын көрермендерге ұсынбақпыз. Бірі – ҚХР мемлекеттік электрожелілері корпорациясына, келесісі – Ядролық-энергетика корпорациясына тиесілі жобалар. Бұл біздің елдегі Астанадағы көрмеге қатысқысы келетін компаниялардың ішіндегі ең таңдаулылары деуге болады. Әйтпесе, Астанада 3 айға созылатын көрмеге өз өнімдерін ұсынғысы келетін қытайлық компаниялар аз емес. Ал енді, біз ұсыныс ретінде әрі сіздерді қолдау мақсатында роуд-шоу ұйымдастыруға дайынбыз» - деді Ван Чинжен арнайы жолдаған бейнежолдауында.

Қытай павилонның комиссарынан бөлек 2015 жылы Милан қаласында өткен «ЭКСПО-2015» көрмесінің Төрағасы, Милан қаласының мэрі Джузеппе Сала да «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Қоғамдық кеңестің үшінші отырысына арнап арнайы бидеожолдау жіберген екен.