#
#
Бейсенбі 14/11/2019

"Ұлттық өнер" факультеті ашылды

  • 01.03.2019
  • 0
  • 6984

Елімізде  тұңғыш «Ұлттық өнер» факультеті ашылды. Ашылу салтанатында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиев Ақан серінің өзі қолданған домбырасымен  автордың әндерін орындады.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында елімізде тұңғыш рет құрылған «Ұлттық өнер» факультетінің ашылу салтанаты өтті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында халқымыздың рухани құндылықтары мен тамыры тереңде жатқан ұлттық мәдениетін өркендету мақсатында қолға алынған факультеттің ашылуына мәдениет және өнер  ардагерлері  профессор, академик Пернебек Момынов, Қазақстанның Халық әртісі  Сара Тыныштығұлова, Құрманғазы оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов, "Отырар сазы" оркестрінің көркемдік жетекшісі Динзуxра Тлендиева, Ұлттық университеттің басшылары мен ұстаздар қатысты.

Салтанатты шараны құттықтау сөзбен ашқан Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров айтулы бастама ұлттық мәдениет кеңістігіндегі елеулі оқиға екендігін жеткізді.

«Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлтқа қызмет ету жолдарының бүкіл механизмдері көрсетілген. Сол көтерілген мақсат міндеттерді жүзеге асыру үшін осы факультетті ашу қажеттілігі туындады.  Алдағы уақытта білім ұясы қабырғасынан түлеген жас мамандар ұлттық өнерімізді дәріптеу бағытында жаңа қырынан көрінетіні сөзсіз», - деген Асхат Максимұлы еліміздің мәдениетіне, өнері мен руханиятына сарабдал саясаты және мәні терең бағдарламалық мақалалары арқылы серпін берген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтты.

Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Пернебек Момынұлы да айтулы бастаманың танымы кең, мәні терең екенін сөз етті.

- Жаңадан ашылып жатқан бұл «Ұлттық өнер» факультеті ел мәдениеті, өнердің мерейі үшін айтулы оқиға. Жастар жылында жастарға жол ашып жатқандарыңызға дән ризамын. Бұл қазақ өнерін бүкіл әлемге паш етуге арналған үлкен мүмкіндік. Ақан, Біржандардың өнерін жалғайтын дарынды жастардың санын арттырып, қазақ өнерінің өшпес жұлдызын жарқырата беретініне сенім мол,- деді Пернебек Момынұлы.

Бүгінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» мен «Сәндік-қолданбалы өнер» кафедраларының түлектері ел мәдениетін әлемге әйгілеп, халықаралық, республикалық өнер додаларында топ жарып жүргені белгілі.  Жаңа құрылған ұлттық өнер кафедрасында қазақ өнерінің мақтанышына айналған П.Момынов, Р.Стамғазиев, Н.Жанпеисов, М.Абуғазы, Т.Мұқышев, С.Бапанова, Р.Базарбаева, Е.Даубаев сынды кәсіби мамандар дәріс бермек.

Шәкірт бойына ұлттық өнер тамырын тереңдей сіңіріп, боямасыз қадір-қасиетін шарықтатуға арналған айтулы жиында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі Рамазан Стамғазиев Ақан серінің өзі қолданған домбырасымен  автордың әндерін орындап, рухына тағзым жасады.

Сонымен қатар,  Мәдениет және спорт министрі, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлының келісімімен аталған оқу орнында «ЮНЕСКО» кафедрасын ашу көзделуде. Бүгінгі таңда, еліміздегі екі жоғары оқу орнында археологиялық жұмыстарды іске асыруды көздейтін «ЮНЕСКО» кафедралары бар. Ал, биылғы жылға жоспарланған жоба материалдық емес ұлтымыздың музыкалық мұраларын, басқа да жәдігерлерін халықаралық аренаға шығару мақсатында жүзеге аспақ.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар