19 нау, 2020 сағат 08:05

Ұлттық банк пен KASE биржадағы саудаға қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан Ұлттық банкі пен «Қазақстан қор биржасы» АҚ бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өткен тәулікте жаһандық қаржы нарығындағы құбылмалық айтарлықтай артты. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 25 долларға төмендеп, бір тәуліктің ішінде 14 пайызға, жыл басынан бері 60 пайыздан астамға құлдырады. Әлемдік қор және валюта нарықтары құлдырауын жалғастыру үстінде. Ресей рублі бір күннің ішінде 7,3 пайызға, ал жылдың басынан бері 30 пайызға әлсіреді. Осындай жағдайда ішкі валюта нарығына сыртқы факторлардың тұрақсыздандыру ықпалын шектеу үшін және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында Ұлттық банк «Қазақстан қор биржасы» АҚ-пен бірге 2020 жылдың 19 және 20 наурызында теңге-доллар валюта жұбын Франкфурт аукционы түрінде сату шешімін қабылдады», - деді Ұлттық банктен. 

Франкфурт аукционы түріндегі сауда-саттық жүргізу туралы шешім клиенттердің қолындағы өтінімдерді қанағаттандырады және валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздануына жол бермейді. 

Сауда-саттықтың мұнан арғы режімі туралы ақпарат жария мәлімдеме арқылы таратылады.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін де «Қазақстан қор биржасы» 2005 жылдың 1 шілдесінде Франкфурт аукционы түрінде сауда-саттық енгізген болатын.