29 сәу, 2019 сағат 11:56

Үкімет басшысы студенттердің жатақхана мәселесін шешуде нақты тапсырма берді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында студент жастарды жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова баяндады, сондай-ақ жатақханалар салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқан, тәжірибелерін басқа өңірлер үлгі ете алатын Жамбыл облысының, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

"ҚР Үкіметінің алдында 2022 жылға дейін 75 мың орындық жаңа студенттік жатақханаларды пайдалануға беру міндеті тұр. Осы қажеттілікті шешуге тиіс қаржы моделі әзірленген, ол оқу орындарының өз қаражаты немесе инвестор қаражаты есебінен жатақханаларды енгізуді және пайдалануға бергеннен кейін мемлекеттік тапсырысты орналастыруды қарастырады. Кәсіпкерлер үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Банктердің пайыздық мөлшерлемесі 7%-ға дейін төмендетіліп, құрылыс ережелері жеңілдетілді, мемлекеттік тапсырыс қаржы жағынан қамтамасыз етілді", - деді Үкімет басшысы.

А. Мамин  аралық оң қорытындыларды да атап өтті.

«Осы жылдың соңына дейін 9 мыңнан астам орын пайдалануға беріледі деп күтілуде, жоспардағысы — 5 мың орын.

Жоғары деңгейдегі білім беру жүйесін құру үшін студенттердің тұрмыс жағдайын жасау керек», — деді Асқар Мамин.

Осылайша, ҚР Премьер-министрі жатақханаларды пайдалануға берудің нақты жоспарларын әзірлеп, орындауды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл бағытта инвесторлармен біріккен жұмыс ұйымдастырылып, жатақханалар салуды бірлескен күш-жігермен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалғастыру қажет екені айтылды. Бұл ретте қолда бар тетікті негізге алып жұмыс істеу керек, себебі жатақханалар құрылысына бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді.  

«Әкімдер ректорлармен және оқу орындарының басшыларымен бірлесіп, студенттер жатақханаларын салу жұмысын жандандырып, жоспарланған нысандарды уақытында тапсыруды қамтамасыз етсін, қымбат жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тоқтатсын», — деп тапсырды А. Мамин.