04 ақп, 2019 сағат 20:30

"Түсімде ылғи өртенеді бір Сәби..."

Қаралы оқиға барша жұрттың қабырғасын қайыстырып кетті. Көңілге мұң, кеудеге өксік, жанарға жас үйірді. Жүрек қанжылап, тіл байланды. Бес бірдей сәбидің ауыр қазасы елді есеңіретіп, етегін жасқа толтырды. Ақындардың азалы жыры көкіректегі шер-шеменді ақтарып, жан дертін қозғады...

***

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.
Жер бетінен жайлы орын таба алмай,
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!

Уақыт боп, айырылдық жас жаннан,
Өміріміз тар бөлмеде басталған.
Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,
Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!

Қастарыңда болсын дайым анаңыз,
Әкетайың болсын дайым панаңыз,
Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те,
Ұжымақта зәулім сарай саламыз!

Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,
Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын,
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,
Отанымда еш жамандық болмасын!

Кеңшілік Тышқанұлы

ШАПАҒАТШЫ

...Бұл қоғамның ұнамады-ау бір ісі,
(шер шөлмегін босата алар кім ішіп?!)
Бес Періште - жасыл қанат бес Сәби,
Көкке ұшып кете барды түн іші.

Үркер қайда - 
Төбеде ме?
Батыста?
Не жорамал - бүк түсіп бұл жатысқа?!
Кете барды бес Періште - бес Сәби,
Қала алмады жалын қамап,
От ұстап.

Жыла, жүрек,
Жүде, көңіл, оязып,
Берер ме екен Күн емшегін,
Ай азық?
Ұстап қала алмады ғой арқаның
Ақ шалмалы аязы.

Енді оралмас,
Мекен болмас кір ғалам - 
Мың бояулы дүниесін бұлдаған.
Еске салып егілтеді біздерді,
Күл орнына өскен райxан гүл ғана.

Даңғазаға бұрмас қайта мойынын,
Еліктірмес "Үйшік-үйшік" ойыны.
Терезеден жаутаң қағып жанарлар,
Тас қаладан іздемейді мейірім...

Азам -ауыр,
Қайғым - қалың,
Ой - терең,
Бірақ бізді түсінбейсің, БӘЙТЕРЕК...
Бұтағыңа қонақтайтын балапан,
Аспанға ауып кете барса қайтер ең?!

Жұмақ кірер - 
Сарай,
Хауыз,
Кіл шағыи,
Ертегілер әлеміндей тұмса күй.
...алақанын жайып маған талпынып,
Түсімде ылғи өртенеді бір Сәби.

Мен де мұңды,
Туған өлкем жырақта,
Қанша тағдыр тамұқ кешіп, жүр отта.
Сол Сәбиді кеудеме әкеп арулап,
Жуындырам көзден аққан бұлаққа...

Бес Періште тәмамдалмас сапары,
Шырақ жағып жүрер түнге от алып.
...Шапағатшы болсын саған Сәбилер,
Менің сорлы,
Менің ұлы Отаным!

Мұрат Шаймаран

***

Ақ қар, көк мұз, аяз қысар бір жақтан,
Жоқшылық-ай, бақытымды ұрлатқан.
От ішінде оянбаған қыздарым -
Жүрегіме салмақ салды зіл батпан...

Қазыбек Құттымұратұлы

***

Түн. Ана – цехқа, әкесі кетті СТО-ға 
Өртке оранды бес қыршын. Тоба! Тоба!
Бұл қазаққа байлығы жетер еді
Сансыз мыйлыарт кетпесе ЭКСПО-ға.

Дарақылық шашпалық дамып бірге,
Оңды-солды пұл кетті сан иттерге.
-Балаларға қимайтын қаржы қайда?!
- Қайда болсын, кетті ғой саммиттерге

Шетел үшін айналдық соғым малға
Мадақ үшін - қып-қызыл шығындарға
- Әлеуметтік салаға ақша бар ма?
- Қайдағы ақша?! Кетті ғой форумдарға!

Балаға жоқ. Шоуға бар, жолдауға бар,
Жалау болып ілінген шұлғауға бар.
Конференция, симпозиум, съезд, жарыс, 
Тағы не бар, солармен былғауға бар.

Кінәлінің барша ісі көктей солсын,
Ішкен асы тамақтан өтпей қойсын. 
Елді сорлы қылғанның құлағынан 
Құлын даусы бесеудің кетпей қойсын!

Нұрлан Сәдір

ҚЫЗДАРДЫҢ ҚАЗАСЫНА

Өмір деген - ысыраптың дерті ме,
Өлім деген - ысыраттың өрті ме?..
Бір бөлмеде бес гүл қатар өскен ед,
Ажал келіп көз салыпты көркіне.

Үй орнында қалды күл мен үйінді,
Қайран ғұмыр қыршынынан қиылды.
Бес тағдырдың үзілгені-ай бір түнде,
Зарлы дауыс жеп барады миымды.

Пана таппай жұпар атқан өскінге,
Қорған болмай өтеміз-ау ешкімге.
Бес періште тәтті ұйқыда жатты да,
Сыймай кетті тірліктегі бес күнге.

Қапияда тіл мен жағым байланып,
Қапаланды қалың елім қайғы алып.
Жарық нұрды таратумен бес жүрек,
Жанып тұрды бес шыраққа айналып!..

Асылбек Жаңбырбай

***

Үзіліп түсті бес тал гүл,
сабағынан...
Қан жауып тұр Арқаның 
қабағынан...
Жарымаған пәтерге, 
жандарым-ай!
Өтер емес түйір дән тамағымнан.

Бес гүл беріп, 
бір үйге төккен арай.
Бір пәтерге зар болып өткен қалай?
Періште боп келді де, мына өмірге,
Періште боп кетті, әне, көкке қарай...

Түнде шешкен моншағым, 
Мұндағы жоқ.
Тұраламас дүние, тұрлауы жоқ.
Тал төсекте шырылдап,
балапаным,
Тал бесігің қалды ғой, 
Құндағы жоқ.

Жарас Кемелжан

***

Бес тиындық құны да жоқ - бес құрлық!
Бәсі бәсең, бес құлыншақ - бес күндік...
Бес Зарлықты қайдан іздеп кеттіңдер?
Білезігі сайланбаған бес Мұңлық...

Астанаға қайдан ғана кеп едің?
Ескегі жоқ, тұрғындары кеменің...
Жат жарықтар жанарыңды сөндіріп,
Желмая мұң-қай жақтарға жөнедің?

Қай сөзімді артсам екен ғазалға...
Бес періште - қол жүрмейді жазарға.
Жанарынан жас ағызып, егіліп
Үнсіз қалған шығар тіпті... Ажал да!

Ол жақта енді - Жолдаулар жоқ өтірік.
Әкімдер жоқ - ұрсатұғын кекіріп
Имандарың серік болсын бес бота,
Қара түнде пыр-пыр ұшқан кекілік!

Серік Елікбай

 

***

Бұл өмір келте кімге?
Пенделер ерте өлуде!
Өртенген үйдей болып,
Өзегім өртенуде.

Үміті өшкен ана,
Бақыттан кеш қала ма?
Ақмолам Бес Жұлдызды
Айналды Бес Молаға...

Дөкейлер - тажал кеуде,
Дүниені базар деуде.
Ақшаны адам жеуде,
Адамды ажал жеуде.

Қасірет арылмады,
Қасиет табылмады.
Ажал мен адамдардың,
Тоймайды қарындары.

Жегендер бай болмай ма,
Жемқорлар тайраңдай ма?
Ажалға бəрібір ғой,
Адамдар ойланбай ма?!...

Ершат Қайболдин

***

Қайран Әке,
от оранып өзегің,
аяз-қайғы қарыды.
Сорлы шешей,
тартылды ғой өзенің,
Кімге жетер зар үнің?!
Бес балаңды
құрықтады тез өлім,
Қызғалдақтар
қыршын қиды тамырын.
Ажал-оты
ерте салды-ау кезегін,
Құлыншақтар 
құшақтатты-ау қабірін!
Кім біліпті,
ет жүректі езерін?!
Қайран әкей!
Сорлы шешей!
Қорған болсын сабырың!

Мерей Қарт

***

Астана жақтан келеді хаттар көңілсіз:

Күн қатты боран дейді, ертең дейді,
Боранға кешегінің дерті өлмейді.
Болар ма аяз қатты одан асқан,
Жүрегің оған неге өртенбейді?!

Бола алмай шырыл үнге ешкім қорған,
Будақтап түнге сіңіп көштің бе арман?!
Бір шарпып жүректерді өтті-ау бүгін,
Бес сəби -
Бес күн жалған.

Ақпанның аза түні нені ұқтырдың,
Қандайлық қасіретке жолықтырдың?!
...Көңілсіз хаттар əлі келіп жатыр,
Қалшылдап тоңып тұрмын...

Асылан Тілеген

***

Көрген күннің айнасы осы деп біл,
Жанарыма ызаның жасы кеп тұр!
Бар қазақтың қайғысы бұл қасірет,
Әр қазақтың қайғысы қасірет бұл!

Тоқ ұқпайды қарыны ашты әрине,
Ол басқаша әлемде, басқа күйде!
Қай қалталы түнімен нан тауыпты,
Бесіктегі баласын тастап үйге!

Айлалылар ақыры ақ атанып,
Айыптайды әлсізді тағы апарып.
Алатынды алатын алаяқтар,
Көресіні көретін қара халық!

Есіл елдің боялып беті қанға,
Шенділер жүр оларға жекіп анда!
Бәрі ғажап әкімнің есебінде,
Бәрі ғажап көгілдір экранда!

Өрт сөнгенмен, жанған от өшпеді іште,
Тағы көндік амалсыз өткен іске.
Жаратушы жәннаттың төрін берсін,
Кешіріңдер біздерді, бес періште!
Кешіріңдер біздерді, бес періште!

Рахат Әбдірахманов