#
#
Сейсенбі 20/08/2019

Тұрсын Жұртбай: Абай тойы - ұлт үшін үлкен рухани есеп

  • 04.06.2019
  • 0
  • 2158

Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай Абайдың 175 жылдығы - қазақ үшін өзіне есеп беретін маңызды кезең болатынын айтады. Қоғам қайраткері мерейтой қарсаңында қолға алынуы тиіс шаралар бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әр халықтың, ұлттың бүгінгі күнмен астасқан мәселесін кешегімен, ертеңгімен жалғастыратын ұлы тұлғалары болады. Мысалы, бүкіл Германия үшін Гетеден артық ешкім жоқ. Олар тығырыққа тірелгенде де, экономикалық тоқырауға ұшырағанда да осы Гетені бірінші орынға қойып, сол арқылы бүкіл ұлтты біріктіреді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де жермен-жексен болған елді 10 жылдың ішінде-ақ қалпына келтірді. Жапония да, Франция да сондай. Ресейдің де Пушкин мен Толстой сияқты ұлы тұлғалары бар. Біз үшін де көне түркі жазулары мен Абай идеясы - сондай ұлы құндылық. Сондықтан да, Абайдың туған күнін, әр жылын атап өтуге әдеттенуіміз керек.  Абайдың 175 жылдығын атап өту - ұлт үшін үлкен рухани  есеп», - дейді ғалым.

Жазушы Абай идеясын қазаққа жат санайтындардың бар екенін де қынжыла айтты.

«Өкінішке қарай, «Абай ұлтына түк берген жоқ», «Абай ешкім емес» деген бір сауатсыздықтың шегіне жеткен делқұлы сөз былтыр бүкіл торапты жаулап кетті. Біздің сауатсызданып, миғұлаланып кеткеніміз сондай, рухымыздың әкесінен желкене бастадық», - дейді абайтанушы.

Оның ойынша, Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен үш дүниеге баса мән берілуі керек. Тойға дайындық әуелі сол 3 мәселеден басталуы шарт.

«Ең біріншіден, Семейдегі Абайдың мұражайын 20 жылғы ескіруден аршып, қалпына келтіру керек. Музейдің өзіне бір кездегі Төкен Ибрагимов сияқты саралы басшы қажет. Жидебайдағы кешеннің кейбір жерлерінен тамшы аға бастаған. Оны жөндеуге ақша үшін емес, ар үшін жұмыс істейтін ұжымдарды тарту қажет. Екіншіден, Абайдың 150 жылдығы тұсында абайтану өзінің белгілі бір деңгейіне жетті. Дегенмен, әлі де ұшқалақтықтарға ұрынып жатырмыз. Мысалы, «ар» деген сөзді ұятпен, «қарекет» деген сөзді іс-қозғалыспен шектеп жүрміз. Абайды ислам поэтикасымен талдайтын кез келді. Үшіншіден, Абайды да кім көрінген басып жатыр. 1957 жылы шыққан кітап бойынша жаңа жинақ шығарып жатқандар бар. Ішінде бұрмалау өріп жүр. Менің ойымша, Абайдың өлеңдерін 1995 жылғы академиялық басылым негізінде басу керек. Ол басқаларына қарағанда барынша кәмелетті. Мемлекет сондай шешім, пәрмен шығаруы керек. Дүниежүзінде Абай туралы не шықты, соны сараласақ болады. Абайды әркім баспауы керек. Осы 3 мәселені ертерек ескеріп, жеделдете қолға алсақ, мерейтойға дайындық сол болмақ. Қазақ қазір күпті кезеңде тұр. Осы күпті кезеңде көңілге сенім білдіретін бір идеологиялық мәселе - Абайдың тойын тойлау. Осыған салмақпен қарағанымыз жөн», - дейді Тұрсын Жұртбай.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар