27 мау, 2019 сағат 19:42

Тоқаев DP World компаниясы директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы DP World компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайемді қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға халықаралық компанияның қатысуы жөнінде мәлімет берілді.

Қазақстан Президенті шетелдік инвесторлардың өзара тиімді жұмысы үшін елімізде барлық қажетті жағдай жасалғанын айтты.

– Қазақстанның Ақтау, Құрық теңіз порттарына қатысты инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жүргеніңізді білеміз. Аталған жобалар жемісті әрі тиімді болады деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Сұлтан Ахмед бин Сулайем Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездескені үшін алғыс айтып, DP World компаниясының жақын арада іске асыру үшін жоспарлаған перспективті инвестициялық жобалары туралы айтты.