17 мам, 2019 сағат 18:39

Тоқаев астанадағы «Ikomek109» мониторинг және шұғыл әрекет ету орталығына барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы «Ikomek109» мониторинг және шұғыл әрекет ету орталығына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Орталық тәулік бойы қаланың қауіпсіздігін бақылайды, коммуналдық кәсіпорындардың барлық Call-орталықтарын біріктіреді және тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын өңдеуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Президентіне басқару панелінің мүмкіндігі көрсетілді. Мұнда 6 мыңнан астам камера қосылған, олар төтенше жағдайларға, оқыс оқиғаларға шұғыл әрекет етіп, оларды жоюға, сондай-ақ, қаланың тыныс-тіршілігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың қызметінің негізгі тұтынушысы ретінде халықпен тиімді кері байланыс және коммуникация орнатуы үшін заманауи цифрлық технологияны қолданудың маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы бұл тәжірибені өңірлерге тарату қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «Боталы» отбасы денсаулығы орталығында болды.

Мемлекет басшысына қаланың алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем желісінің дамуы және «Үйдегі дәрігер» жобасының жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға, әсіресе, қала халқының тұрақты өсу жағдайында медициналық көмектің сапасын арттыру және оның қол жетімді әрі жақын болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Қазақстан Президенті медициналық кабинеттерді, жеңілдікпен дәрі-дәрмектер берілетін дәріхананы аралап көрді. Сонымен қатар, заманауи цифрлық технологияны қолданатын тіркеу бөлімінің жұмысымен танысты.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы №68 мектеп-гимназияға барды.

Мемлекет басшысына елордадағы орта және мектепке дейінгі білім жүйесінің қазіргі ахуалы мен оның келешек даму перспективалары, сондай-ақ, арнайы білім беруді қажет ететін балаларға жасалған жағдай жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нұр-Сұлтан қаласындағы білім беру мекемелерінде жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмыстарының нәтижелері баяндалды. Соның ішінде, балабақшаларға кезекке қою және жолдама беру, мектепке қабылдау және мектептен мектепке ауысу, оқу орнына кіруге арналған бірыңғай электронды карта және оқушылардың тамағы мен жолақысы үшін ақшасыз төлем жүйесін енгізу сияқты үдерістерді онлайн форматына көшіру жөнінде айтылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мектеп-гимназиядағы «Шұғыла» комьюнити орталығы» қосымша білім беру орталығының жұмысымен танысты. Ол астанадағы Оқушылар сарайының филиалы саналады.

Мұнда балалардың қабілетін дамытуға арналған 5 студия мен 13 үйірме тегін жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге онлайн жүйесі арқылы жазылуға болады.