29 там, 2019 сағат 06:37

Технологияны қалай өз пайдамызға қолдана аламыз?

Технологиядағы инновациялар экономиканы өзгерткен сайын, жұмыскерлердің мұхит асып, өзге маман иесі атанып немесе өз кәсібін бастауға себеп болуда. Сәйкесінше, өз кәсібін бастаған немесе жер аударған жұмыскерлер үшін әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер алу мәселесі күрделене түседі. Сонда жұмыскерлердің болашағына кім кепілдік береді?

Әлемдік сауда нарығындағы тұрақсыздықты экономикалық жайсыздықтың негізгі себебі емес, симптомы деуге болады. Оған қоса, сауда-саттық дамыған сайын, қолайлы қаржылық орта туғызу үшін заң шығарушы органдар басқа да салаларды назардан тыс қалдырмауы керек.

Аз уақыт бұрын көптеген жұмыскер бір ғана компанияда жұмыс істеп, сол жерден зейнеткерлікке шығатын еді. Бірақ қазіргі таңда Еуропалық одақ елдерінде 40%-ға жуық жұмыскер толық емес жұмыс күнінде немесе  мерзімі белгіленбеген келісімшартпен істеп, біраз бөлігі жеке кәсіпке көшкен. Ал америкалық жұмыскер өмірінде 11 түрлі кәсіппен айналысып, бір уақытта бірнеше жұмыс істеуге мәжбүр екен. McKinsey Global институтының болжамы бойынша, 2030 жылға қарай әлем бойынша 375 миллион жұмыскер еңбек нарығындағы автоматтандыру үрдісіне орай, кәсібін ауыстыруы керек болады.

Жұмыскерлердің орнын машиналар басып жатқандықтан, олар жаңа кәсіптік білім игеруі керек болады. Егер болашақтағы жұмыс автоматтандырылатын болса, адамдар ауыр жұмыстан босап, орташа өмір сүру жасы да ұзарады. Жұмыскерлер үнемі өздерін дамытып, өмір бойы білім алуы қалыпты жағдайға айналады. Мәселен, физикалық күшті қажет ететін мамандықта жұмыс істеген жандар болашаққа бейімделу үшін адамдармен тіл табысуға көмектесетін эмоционалды және шығармашылық қабілеттерін арттыруы қажет. Автоматтандыруға бағынбайтын адамға ғана тән эмпатия, жасампаздық пен көсбасшылық қабілеттерді талап ететін, өнер білім беру, денсаулық сақтау, сервис пен менеджмент секторындағы мамандықтарды игеру қажет болады.

Осындай өзгерістер барысында экономикалық икемділіктің кілті мен қаржылық қауіпсіздік тетіктерін жұмыскердің өз қолына табыстау керек болады. Нәтижесінде, жұмыскерлер нарықтағы тұрақсыздықтан зардап шегіп немесе кәсібі толықтай «құрып» біткенше күтуге міндетті болмайды. Технология олардың жұмысын тартып алған күнде де, олар өздерінің әлеуметтік артықшылықтарынан айырылмайды.

Кейбір елдер осы өзгерістерді әзірден бақылап, қажетті шараларды бастап кетті. 2015 жылдан бастап Франция үкіметі жеке меншік кәсіп иелеріне зейнеткерлік жасқа дейін білім алуға мүмкіндік беретін аккаунт ашып берді. Кез келген жұмыскер бір жылда 24 сағаттық курстан өтіп, 120 сағаттық межеден асқанда, жыл сайынғы оқыту сағаты 12 сағат болады.

Жақында Сингапур үкіметі 24 жастан асқан әр азаматқа «білім алу аккаунтын» ашты. Аккаунттағы балансты сертификатталған оқыту орталықтары өткізетін әртүрлі кәсіптік курстарға қатысып, жұмсауға болады. Ұқсас модельдер Канада, Қытай, АҚШ мен Египетте іске қосылып, заң шығарушы органдар икемді (мобильді) әлеуметтік кепілдемеге қажетті заңнамалар мен қаржыландыру жолдарын қарастыруда.

Дегенмен, әмбебап әлеуметтік кепілдемені дамыту тек қана үкіметтік органдардың міндеті емес. Жекеменшік сектор өкілдері өз қарамағындағы мигранттан бастап, мұнайшыға дейін барлық жұмыскерлерінің қаржылық қауіпсіздікке қол жеткізуіне жағдай жасауы керек.

Қуанышымызға орай, қазірдің өзінде бірқатар стартаптардың ұсынған технологиясы адамдардың әлеуметтік кепілдемесін қамтамасыз етеді. Мәселен, Ұлыбританиядағы Trezeo сияқты жеке кәсіппен айналысатын тұлғаларға арналған қосымшада жасанды интеллектінің көмегімен әрбір қолданушы арнайы банк аккаунтын аша алады. Осы аккаунт арқылы адам пайызсыз қарыз алып, жұмыссыздық кезеңінде де төлем алып тұрады. Францияның Bob Emploi қосымшасындағы Жасанды интеллект үкіметтің мәліметтер базасындағы бос жұмыс орындары жайлы ақпаратпен жұмыс іздеушілерге лайықты кәсібін табуға көмектеседі.

Mastercard пен Royal Society бірігіп Өнер, өндіріс және болашақ сауда орталығын қолдап, Экономикалық қауіпсіздік акселераторын құрды. Серіктестіктің мақсаты – инновациялық жобалардың қолданысқа енуін қадағалап, әлеуметтік қамту мен жекеменшік сектор жұмыскерлерінің технологияның көмегімен кепілдік төлемдерін уақытылы әрі тұрақты алуын қамтамасыз ету.

Осындай біріккен жобалардың алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Jaza Duka атты 2017 жылы құрылған Mastercard, Unilever және Кенияның сауда банкінің цифрлы серіктестігі, шағын кәсіпкерлерге субсидиялар береді.

Аталмыш жобалардың бір ғана нарықты қамтуы жұмыстың басы деуге болады. Бұл бағдармалар жан-жақты дамып, әртүрлі салада қолданысқа енгенде толық құрылымға қол жеткізуге болады. Мысалы, әлеуметтік төлемдерді валютамен емес, «баллдармен» төлеген кезде осы модель шет елдерде де жұмыс істейді. Жұмыскердің стандартты дипломдары мен сертификаттары да өзге елде де өз құнын жоғалтпайтын болады.

Жұмыстың сын-сипаты өзгерген заманда әлеуметтік төлемдердің де сипаты өзгеру керек. Технологияның қарыштап дамыған заманында жұмыскерлердің қажеттіліктерін өтеу үшін үкімет пен  жеке кәсіп иелері тізе қосып, мәселені инновациялық технологиялардың көмегімен шешуі қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org