10 жел, 2016 сағат 11:20

Тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойы шетелдіктермен бірге тойланды


Тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойы елден тысқары жерлерде де аталап өтуде. Ұлыбританиядағы Уорик университетінде оқитын қазақ студенттер қоғамдастығының ұйымдастыруымен өткен шарада шетелдіктерге Қазақстан туралы мол мағлұмат беріліп, ұлттық мәдениетіміз бен ас мәзірі таныстырылды.  

Бұл күні кісі қарасы көп жиналатын университеттің Piazza орталық алаңына кішігірім қазақ ауылы көшіп келгендей болды. Дүниенің түкпір-түкпірінен білім қуып келген шетелдіктер қазақтың әуезді әні мен күмбірлеген күйін, әдемі биін тамашалап, құрт, жент, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Сондай-ақ, Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінен әкелінген  арнайы көрнекіліктер  көпшілік назарын аударды.

Атап айтсақ, ағылшын тіліне аударылған Елбасының «Көшбасшы жолы»  жинағы мен  EXPO2017, Қысқы Универсиада қарсаңында дайындалған промо материалдар мен кәдесыйларды қуана қабылдаған шетелдік  достарына  қазақ жастары еліміз туралы әңгімелеп берді. Олардың Қазақстан туралы, әсіресе, біздің елдің ашық виза саясаты, инвестициялық мүмкіндіктер туралы біле түсуіне шара барысында үлкен экраннан көрсетілген  BBC түсірген қысқа фильм де   әсер етті деуге болады. 

Уорик Қазақстан студенттері қауымдастығының  жетекшісі Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлау концепциясына сай 8 желтоқсанға белгіленген «Нұрлы болашақ» тақырыбына орайластырылып отыр.  Өйткені мұндағы студенттердің басым көпшілігі –  «Болашақ» президенттік шәкіртақысының иегері.

Сондай-ақ өз қаражаттарын жұмсап немесе Ұлыбританияның Сhevining шәкіртақысына оқып жатқан студенттер де жеткілікті. Олар келешекте бәсекеге мықты маман боп оралып,  ел дамуына барынша үлес қосуды мақсат тұтады.

"Ұлт ақпарат"