31 мам, 2019 сағат 12:20

Таспиховтың сенімді өкілдері перинаталдық орталықта кездесу өткізді

 

Президенттікке кандидат Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында ақ халатты абзал жандармен кездесті. Бұл жөнінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Халық денсаулығын жақсартуда аймақта біршама жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, ана мен бала денсаулығы жіті назарда.

Бұл ретте Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының алар орны зор. Медициналық мекеме 2014 жылы ашылған. Аурухана 350 орынға жасақталған, мұнда 764 адам қызмет атқарады.

​Кездесуде аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов еліміздегі саяси науқан туралы айта келе, кәсіподақ атынан сайлауға түскен кандидат Аманкелді Таспиховтың өмірбаяны, еңбек жолы туралы әңгімелеп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Еңбек ұжымы кандидат тұғырнамасында көтерілген мәселелер туралы ойларын ортаға салды. Президенттікке үміткер Аманкелді Таспихов тұғырнамасындағы еңбек қатынастары бойынша қойылған талаптарға қатысты пікір білдірді.

Кездесуге орталықтың 50-ден аса қызметкері қатысты. Жиын барысында қатысушыларға үгіт-насихат материалдары таратылды.