21 қар, 2018 сағат 09:12

Тарихымыздың нақты сипаты зерделенетін болды

Бүгін Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи мақала жариялап отыр. Ұлт Көшбасшысы «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес. Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды» деп бастай келе, халқымыздың болмысына көз жүгіртіп, тарихи сипатымызды анықтап береді. 

Бұл мақала, шын мәнінде, осыдан бір жарым жыл бұрын жарыққа шыққан «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты Стратегиялық мақаланың жалғасы екенін Елбасы өзі де дәлдеп айтып отыр. 

Бүгінгі тарихи мақалада халқымыздың дана көшбасшысы еліміздегі болған барлық тарихи кезеңдерді қамтып, өткенге көз жүгіртпей, болашағымызды айқындай алмайтынымызды тағы бір еске түсірді. 

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің тарихи мақаласында өнерімізге, болмысымызға деген көзқарасымызды бір жақты ғана етпей, кез келген тарихи оқиғаның бүге-шігесіне дейін зерттеу керектігін де орынды атап өтті. Тарихи болмысымызды айқындайтын шығармалар жазылып, ұлттық фольклорымызды да зерттеу керектігі тапсырылады. 

Шынымен де, біздің ауданымыздың өзінде зерттелмеген, әлі толықтай сыры ашылмаған тарихи-мәдени көне жәдігерлер жеткілікті. Бытығай кесенесі, Қаныкей мазары, Жұмай батырдың тарихи болмысы, Ақеділ Қажы мен Беспақыр кесенелерінің аңыз-оқиғалары әлі күнге дейін толықтай зерттелмей, зерделенбей отыр. Өңірімізде есімдері аңызға айналған Құлтума, Үлебай ақындар туралы да мәліметтер өте аз. Бұл, ең алдымен, осы тарихи тұлғаларды зерттейтін арнайы институттың болмауынан да туындап отырған мәселе. Елбасының бүгінгі мақаласы осындай олқылықтарды бір жолата сейілтіп, тарихи тұлғаларға объективті баға беруімізге жол ашқандай көрінді бізге...

 

Шоқан ЗӘКАРИН,
Қорғалжын аудандық «Shamshyraq nury»
қоғамдық-саяси газетінің редакторы.