25 мам, 2018 сағат 00:25

Талап Таймасұлы. "Тірліктен таймасын тақымың!.."

Киелі Ақжайық өңірінде тұратын әдебиеттанушы ұстаз, поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген ақын Талап Таймасұлының "Алшы" жинағы - бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің үлкен олжасы. Міне, аталмыш кітаптағы туындыларда ол өз өмір тәжірибесін, өнегесін, ақыл-білімін балаларға базарлық түрінде тарту етеді. Ұлттық құндылық – тәлім-тәрбиені, менталдық танымды сөз өнері арқылы балаларға ұғындырғысы келеді, жас санаға әсерлі жеткізуге тырысады, келешек пен бүгінгі ұрпақ көсегесінің көгергенін көксейді. Ендеше, Ұлт порталы қаламгердің соңғы кезде жазған мөлдір өлеңдерін жас оқырман назарына ұсынады.


Жаз

Жадыраған жаз қандай,
Күн моншағы төгілген.
Күн құшағын жазғандай,
Ыстық леп бөлінген.
 
Шабақ ойнап көл беті,
Шағала жүр қорыған.
Сағымның да келбеті,
Қырдың басын торыған.
 
Жаз шыққанда шыбындар,
Мал суатқа ағылар.
Жусап жылқы, құлындар,
Сиыр, қойы тағы бар.

Су бетіне үңілген,
Балықшының ермегі.
Қармағына ілінген –
Бір балығы еңбегі.
 
Жаз шаттығы тамаша,
Еңбегімен өнікті.
Берекесі жараса,
Адамдар да көрікті!


Отан

Қорғаған кешегі,
Отаның киелі.
Бабаның мекені,
Ұрпаққа сый еді!

Қайырып айбаты,
Дұшпаны ығысқан.
Еңсеріп қайраты,
Жаралған құрыштан!

Ерлікпен сақтаған,
Жеткені саламат.
Тарихы «Ақтабан» -
Қалдырған аманат. 

Бабаңның, атаңның,
Әкеңнің тұрағы!
Өзің де атандың –
Отанның ұланы!

Қазақтың даласы –
Ұлтыңның киесі!
Жоғалмас бағасы –
Өздерің иесі!


Тақым

Жылқыны ерекше ардақтар,
Қазақтың салтында салмақ бар.
Атаның ғұрпы мен дәстүрін,
Ұл болсаң, ұлықтап жалғап қал!
 
Жігіт бол тұлпарды тақымдар,
Азамат атанар атың бар.
Тізгіндер асауды алқынған,
Қазақы қаныңда затың бар!
 
Ал, кәне, асауды таңдап ал,
Құрықта, құлақта, жалдан ал!
Қарғып мін,
тақымды қысып қал,
Іс болсын қараған
таңданар.
 
Бір кері, бір торы, бір құла,
Түрліше келеді тұрқы да!
Тақымы мықтылар тек қана,
Көндірер асауды
ырқына.
 
Тізгіннен айрылма, ақырын,
Жетсе егер қайратың, батылың...
Сауырдан сырғымай төзіккен,
Тірліктен таймасын
тақымың!


Ауыл

Жусанның иісі аңқыған,
Сағынып тұрасың ауылды.
Ынтымақ Қаймағын қалқыған,
Аңсап-ақ тұрасың қауымды.
 
Төлімен толтырып қыратын,
Ойнаған төскейде
сағымы.
Малшылар сабалап құр атын,
Өрістен шұбырар
табыны.
 
Құс үнін тыңдаған көлмегі,
Жатады айнадай
жарқырап.
Балығын шоршыған көлдегі,
Шағала ториды
сән құрап.
 
Ауылдас үй-үйді жағалап,
Саулығын сұрасып
 дәм татқан.
Ағайын тумасын аралап,
Ауылдың арасын
шаңдатқан.
 
Ауылдың ғажайып
таңы да,
Қораздың үнімен ататын.
Түні де ерекше
тағы да,
Сыбыры естіліп жататын!


Домбыра

Бабаның күйі бар,
қос ішек үнінде.
Сазына сыйынар,
өткен де, бүгін де.
 
Қазақтың сазы бар,
шанақта сақталған.
Тарихтың дағы бар,
күйінде ақтарған.
 
Ұлтыңның тілі бар,
пернеде тіл қатқан.
Бабаңның біліп ал,
мұрасын тыңдатқан!

Домбыра –
қазақ бұл,
ал қазақ – домбыра!
Киесі ғажап бұл –
Қазына, мол мұра!
 
Қастерлеп, ұғынар,
домбыра күмбірін.
Балақай, ұғып ал –
Қазақы үн құнын!


Үлкенге құрмет

Қария да бала боп,
Тоймаған еш қызыққа.
Бар көңілі дала боп,
Болған болар бұзық та!
 
Бірақ кезі балалық,
Қиындықпен шырмалған.
Ауыр жұмыс далалық,
Балғын жүзін күн қарған.
 
Ертелі-кеш еңбекпен,
Білектері шынықан.
Сол еңбекпен ер жеткен,
Қария ол тыныққан.

Қарт ғұмырын ардақта,
Өткенінен түңілген!
Көнген олар салмаққа,
Үміт күтіп бүгіннен!
 
Қарияны аяла,
Шежіресі ұлтыңның!
Көмегіңді аяма,
Қазынасы бұл күннің!


Құлыншақ

Құлыншағым, құлыным,
Төрт түліктің төресі.
Алтын айдар жұрыным,
Тұлпар болар өресі.
 
Ауыздықпен алысқан,
Қазанаттың киесі!
Дәуірменен табысқан,
Тектіліктің иесі!
 
Сәйгүліктер тұяғы,
Дүбірлеткен даланы!
Қарғып өтер қияны,
Арындаған қадамы!

Күміс түсті түгіне,
Күннің нұры жарасқан.
Күмбір - күмбір үніне,
Дала сазы таласқан!
 
Қамбар Ата баласы,
Ғасыр жүгін арытқан.
Түр тұрпатын қарашы –
Бабам даңқын танытқан!


Ұстаз

Өмір – майдан, ақ-қарасы алысқан,
Әлсіздерді әмірімен жанышқан!
Ұлы сезім сол майданның батылы –
Ұстаздардың жігерімен табысқан!
 
Ұстаз осы –
Еңбек, мақсат бірлігі,
Шәкіртімен еселенер бір күні.
Ұстаз осы –
шуағымен суғарған,
Білім нәрі, төгілетін күн нұры!

Ұстаз осы –
Сәби жүрек, бала тым,
Бекітетін келешектің қанатын.
Ұстаз осы –
әр жыл сайын жасарып,
Жүрегінде шәкіртінің қалатын!
 
Ұстаз осы  –
Жас арманның желкені,
Бағыт алар үміт толы ертеңі.
Өріс алар
білім құтын жұтқандар,
Елдігінің туын шықпас өркені!
 
Ұстаз осы –
Қажыр, қайрат, «Жас жалын»,
Бәске тіккен еңбек үшін бастарын!
                               Ұстаз осы – Төзімділік жалауы,                                
Жеңісімен көркемдейтін аспанын!

Ұлық емес,
Ұлы жолды тапқандар –
Болашаққа арай төккен ақ таңдар!
Тұғыр бекем,
сарқылмасын
білім нәр,
Санасына жігер отын
жаққандар!


Әжесінің көзі

Ойын қызды жарысып,
Арасында алысып.
Келіс болмай кей кезде,
Қалды олар қағысып.
 
Алысты да жұлысты,
Тастай салды бұл істі,
Қайта енді келісіп,
Бір-бірімен ұғысты.
 
Жыртып бірі кимесін,
Бірі үзіп түймесін.
Бар ойынды түгесіп,
Қайтты олар үйге кешін.

Көріп әже киімді,
Қабақ шытып күйінді.
Бергеніңе шүкір деп –
Содан кейін сыйынды.
 
«Тентегім» деп, сүйгесін,
Қадау үшін түймесін.
Қолға алды әжесі,
Жібі менен инесін.
 
Шиыршықтап сабағын,
Жасауратып жанарын.
Немересін шақырды:
Сабақта – деп, қарағым!
 
Әжесінің мақтаны –
Немересі ақтады.
«Әжесінің көзі» - деп,
Әжесі оны мақтады!