22 шіл, 2019 сағат 11:26

Шекарадағы аудандарды қайта құру қажет – Ерлан Саиров

Ерлан Саиров журналистерге Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қалай мүше болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БАҚ өкілдерінің Ұлттық кеңес құрамына қатысты сауалдарына жауап берген Ерлан Саиров ұйымға өзінің қалай мүше болғанын айтып берді.

«Жеке маған Ұлттық кеңес туралы Жарлық шығардан екі күн бұрын Президент кеңесшісі хабарласып, ұсыныс айтты. Мен ұсынысты қабылдай отырып, өзімнің төрт мәселе бойынша ұстанымымды айттым. Олардың ішінде сайлау, митингтер, саяси партиялар және БАҚ туралы заңдарды бойынша фундаменталды ұсыныстар бар», - деді ол.

Сарапшы шекарадағы аудандардың жағдайын жақсарту үшін Ұлттық кеңес аясында қандай ұсыныстарды мемлекет алдына қоятынын да айтты.

«Тарихтан белгілі бір заңдылық бар. Шекараны шекарашылар ғана емес, жергілікті халық та күзетуі керек. Сонда ғана ол шегенді болады. Шығыстағы Катонқарағай, Марқакөл, Ақсуат, Мақаншы өңірлерінен ел үдере көшіп кеткен. Мысалы бұрынғы Марқакөл ауданында осыдан 30 жыл бұрын 27 мың адам тұрған. Қазір тек 6 мың адам қалған. Мұны гуманитарлық проблема деп те атауға болады. Дәл осындай проблема Алматы облысында да бар. Бұл мәселені шешу үшін кезінде қысқарып қалған аудандарды қайта құру қажет. Содан кейін шекаралық аймақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жасау керек. Бұл өте маңызды. Ұлттық кеңесте бұл мәселе де талқыланатын болады», - деді Ерлан Сайыров.