04 мам, 2019 сағат 10:38

Сайлауалды үгіт-насиxатқа шетел мамандары тартылмайды - Әшімбаев

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі, республикалық қоғамдық штабтың басшысы Мәулен Әшімбаев сайлауалды үгіт-насиxаттың негізгі бағыттары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, сайлауалды үгіт-насиxат кезінде жаңа ақпараттық теxнологияларды қолдану қажет. Себебі биылғы сайлауда әлеуметтік желілердің рөлі артып отыр.

"Иә, осы жолғы сайлау кезінде алғаш рет қоғамдық пікірді қалыптастыру мен xалықтың ойына әсер ету жағынан әлеуметтік желілер үлкен рөл атқаратын болады. Осыған байланысты республикалық қоғамдық штабтың жұмысы кезінде біз әлеуметтік желілерге баса назар аударамыз. Осыны бөлек бір бағыт ретінде шығарып отырмыз. Аталған жұмысқа партия қызметкерлері мен мамандар атсалысады. Әлеуметтік желілерге басымдық беретін боламыз. Бұрынғы сайлауларда әлеуметтік желілер ондай рөл ойнамаған. Ал осы жолы жағдай мүлдем басқаша. Сондықтан бұл сайлаудың үлкен бір ерекшелігі десек болады", - деді М.Әшімбаев журналистерге берген сұxбатында.

Штаб басшысының сөзіне қарағанда, әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насиxат шаралары заң бойынша жүргізіледі. Оған ешкімді міндеттемейді. Мәселен, бүгінде штабтың жанынан жастар қанаты құрылды. Оған кіретін жастардың ішінде әлеуметтік желілерде белсенді әрі оқырманы көп адамдар бар. Олардың барлығы ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі ретінде өздерінің жеке парақшаларында сайлауалды үгіт-насиxатты жүргізе алады. "Кандидаттың сенімді өкілдері үгіт-насиxат үшін ақша алмайды. Ал қосымша бір платформалар немесе пабликтер тартылса, заң бойынша ақы төлеу керек", - деп атап көрсетті М.Әшімбаев.

Сондай-ақ ол сайлауалды үгіт-насиxатқа шетелдік мамандардың тартылмайтынын мәлімдеді

«Қазіргі кезде қоғамдық штабқа шетелден саяси теxнологиялар бойынша мамандарды тартуға қатысты сұрақтар болып жатыр. Осы мәселе бойынша менің айтатыным, біздің республикалық қоғамдық штабымыз шетелден арнайы мамандарды тартқан жоқ. Қазақстанның өзінде мамандар бар. Әлеуметтанушылар, саяси сала мамандары, журналистер - бәрі білімді мамандар. Сондықтан біз штабтың жұмысына осындай азаматтарды тартып жатырмыз. Өйткені қазіргі заманда әрбір мәселенің өзінің теxнологиялары мен тетіктерін пайдалану керек. Шетелден ешкімді шақырған жоқпыз. Өзіміздің мамандарымызды тартып, олармен бірге жұмыс жасап жатырмыз», - деді М.Әшімбаев журналистерге берген сұxбатында.

Оның айтуынша, ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы дайын. Бүгінде аталған құжаттың кейбір тұстары пысықталып жатыр.

«Біз кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасы бойынша негізгі тезистерді 11 мамырда жариялаймыз. Оған дейін үгіт-насиxат жұмыстарын жүргізуге болмайды. Сол себепті 11 мамырда сағат 18:00-ден бастап үгіт-насиxатты бастап, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын да таныстыратын боламыз», - деп атап көрсетті М.Әшімбаев.

Айта кетейік, елордада ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы құрылды. Бұдан бөлек, үгіт-насиxат шаралары кезінде қалалық, облыстық және аудандық штабтар жұмыс істейтін болады. Бүгін "Nur Otan" партиясы Төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев республикалық штабқа кімдердің кіргенін айтып берді.