29 жел, 2016 сағат 11:21

Сағынтаевтың сынынан кейін Теміртауда компанияның бас энергетигі жұмыстан кетті

Қарағанды облысының Теміртау қаласында тұрғындардың пәтерлеріне жылуды күшейту үшін «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның ЖЭО-2 жұмысын қалпына келтіруге тырысуда, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысының сынынан кейін, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Теміртаудағы ЖЭО-2-ге барып, жағдаймен танысты.

«Жылу маусымының басында 6 энергетикалық қазандықтың 4-еуі жұмыс жасап тұрды, бірі - ағымдағы жөндеуде, екіншісі - күрделі жөндеуде болса, үшіншісі - су жылытатын қазандық. 4 жылыту турбинасының 3-еуі жұмыс істеп тұрса, біреуі - күрделі жөндеуден өтуде.  Үш бойлер - резервте», - деп мәлімдеді «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның жөндеу жұмыстары жөніндегі директоры Вадим Басин.

Ол ЖЭО-ның қалыпты жұмысына № 1-қазандыққа жасалып жатқан жөндеудің ұзаққа созылуы кедергі келтіргенін атап өтті. Оны 30 желтоқсан күні іске қосу жоспарланған. Онымен қоса, 26-27 желтоқсан күндері жұмыс жасап тұрған екі қазандықтың тесілуі салдарын жоюға тура келген.

Облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді. Тапсырмалар мәні нақты аталмайды. Бірақ «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның бас энергетигі Владислав Вовнянко өз еркімен жұмыстан кеткені белгілі болды.

«Вовнянко 2016 жылдың 27 желтоқсанынан бастап тараптардың келісімімен жұмыстан босатылды», - деп растады бұл ақпаратты компанияның баспасөз қызметінің басшысы Зүлфира Мухамедиярова.

Бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысының әкімін Теміртау тұрғындарының үйлеріндегі температура небәрі 12 градус болып тұрғанын айтып, оның жұмысын сынға алды. Н. Әбдібеков 30 желтоқсан күні жағдайдың қалпына келетініне сендірді.