24 ақп, 2019 сағат 21:54

Сафуанның Ғабит Мүсіреповке жазған хаты

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВКЕ ХАТ

...говорите, всегда так, как чувствуете,

выйдет грубо - ничего! Добрые люди

поймут.

Л. Н. Толстой - М. Горькому.

Ғабе!

Мен шынымды айтайыншы: Сіздің алдыңызда әдебиет мәселесі түгіл, былайғы дүнияуи шаруалар жайында да мардымтып ештеңе айта алмай жүрмін. Алдында отырған үлкен адам өзінің батпандаған білімімен, жиырма-отыз жылдық әдеби бай тәжірибесімен басып, тұншықтырып тастардай ма, қалай!? Әрине, жақсы ой, тың пікір болса, қуана қол соғып қуаттайтыныңызды да жақсы білемін. Бірақ әлгі бір ұяңдық, жай ұялушылық емес-ау, қаймығушылық бәрін де жеңіп кете беретін секілді. «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашады», - деп кемеңгер Абай бекер айтпаған екен ғой, көңілімде - мезгілсіз дүние салған сүйікті қызыңыз Мара туралы Сізге жұбаныш әкелер ме деген құлпырма сөздерім бар еді, соны ауызымнан шығарсам, әлденені сындырып алатындай көріндім. Енді, міне, Сізден әлдеқайда алыста - Қарағандыда өз үйімде оңаша отырмын. Ал оңашада су қорқақтың өзінің де батыр болып кетері белгілі емес пе. Сондай бір еркіндік биледі ме, білмеймін, өзіммен өзім сырласқандай болып, кейбір пікірлерімді ортаға салуды жөн көрдім.

...Кейінгі буын - біздердің алдыңғы буын - сіздерден артық бір мүмкіншілігіміз бар секілді, Ғабе. Себебі алты буын - сіздерде әдеби ата жолы, дәстүр деген болған жоқ. Сіздер бірден жоқтықтың өзінен шытып, соныдан жол салдыңыздар. Біз «Ботагөзді», «Абайды», «Амангелді» мен «Қазақ солдатын» мақтан етеміз . Ал осылардың ар жатында тамыры әртінге кетер тарих жоқ қой. Орыс совет әдебиетін біз жақсы көреміз. Шолоховы мен Федині, Толстойы мен Леоновы бар жан-жақты әдебиет дейміз. Ал сол әдебиетіңіздің өзі, менің түсінігім бойынша, әлі күнге өзінің бабалары шыққан биікке көтеріле алған жоқ. М. Горький айтқандай, қилы-қилы дауысты үлкен оркестрге ұқсайтын Л. Толстойды былай қойғанда, Тургеневке, Чеховқа не болмаса Гончаровқа теңдесер бұл күнгі орыс совет жазушысы бар ма? Дәл осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, қазіргі орыс совет әдебиетінің деңгейіне жетіп қалған қазақ совет әдебиетінің профессионализмі жөнінде қанша көтеріп айтсақ та артық емес. Асылында, орыс әдебиетінің алтын ғасыры деп аталатын XIX ғасырдағы А. Пушкин, Л. Толстой секілді данышпандары болғандықтан тана бүгінгі Фединіңіз, Фадеевтеріңіз айтулы биікке көтеріле алды деуіміз керек.

«Гений для народов не чужд», - депті Гете. Асығып келіп қол қоятын даналық сөз. Өйткені сол Гете мен Бальзак та, жә болмаса Толстой мен Лермонтов та өз ұлттарының ғана емес, біздің де рухани азығымыз ғой. Таланты бар қай әдебиетші болмасын, соларға соқпай өте алмайды. Бірақ Гете тек неміс үшін, ал Толстой болса орыс қауымы үшін ғана жазған жоқ па?! Талантта жаттық жоқ деп қанша айтқанымызбен, шындап келгенде, біз үшін әлгі алыптардың бәрінен де ұлы Абайымыз етене жақын. Осы күнгі қазақ ақындары Абай дәстүріне онша көп мән бермейтін секілді. Сондай өкінішті жай деп ойлаймын. Себебі бүгінгі поэзиямыз Абай шыққан биікке көтеріле алды ма? Ол - ол ма, ақындарымыздың орыс поэзиясынан алған үлгісі де мардымды емес пе деп шамалаймын. Басқа тілде сөйлейтін ақыннан үлгі алу үшін де талант керек пе, қалай өзі?! Оны мынадан байқауға болатын секілді: Хамит Ерғалиев сынды ақынымыз Александр Твардовскийдің жазу мәнерін құп алып, өз кейіпкерінің жан дүниесіне, тұрмыс хал-ахуалына батылырақ еніп кетіп еді, соның артынан қазақ поэзиясында өз қадарынша Василий Теркинше шылым тартатын, кисет ұстайтын, күнделікті күйкі тірлікте халықтың жалпақ тілімен сөйлейтін қарапайым геройлар пайда бола бастады. Неліктен бұлай? Тайыр Жароков «Василий Теркинді» одан бұрын оқымап па? Өзі майданда қан кешіп келген Жұмағали Саин осы поэманың барын Хамиттен бұрын білмеп пе? Ойландыратын сұрақ. Бұдан туатын қорытынды мынадай: төл шығарма, төл жазушы-ақындар басқа тілде сөйлейтін ақын-жазушылардан, басқа тілде дүниеге келген шығармалардан әлдеқайда жақын, етене. Шынында да, Байроннан үйрене білу үшін Пушкин не Лермонтов бола білу керек. Ал Пушкин мен Лермонтовтан тағылым алу үшін ұлы Абайдың дәрежесіне көтеріле білу жон. Ал ондай таланттардың өмірге сирек келетіні айтпаса да түсінікті емес пе!

Орталық баспаларда біздің прозамызды фольклордан жаралды деген пікір айтылып жүр. (Мәселен, Зоя Кедринаның мақалаларын алсақ та болады.) Өз басым мұндай ұшқары пікірге қосыла алмаймын. Қазақ совет әдебиетін жоқтықтан бірден туды дегенде, мен бұл жерде бұдан бұрын профессионалды тол прозамыздың, төл драматургиямыздың болмағанын ғана айтып отырмын. Әйтпесе сізге Шекспир мен драматург Островскийдің, жә болмаса Максим Горькийдің, ал Мұхтар Әуезовке Лев Толстойдың әсері болған емес деп кім айта алмақшы?! Біздің бүгінгі марқайған прозамыздың тамыры фольклорда емес, кемелді классикалық орыс әдебиетінде, сол арқылы бүкіл дүниежүзілік әдебиетінде жатыр. Ал бұл тамырдың мәні - қазақ совет әдебиетінде Мұхтар Әуезов сынды, Сәбит Мұқанов сынды және өзіңіз сынды соқталы өкілдерінің барлығында деп білемін. Міне, кейінгі буын біздердің артық мүмкіншілігіміз де осында болса керек. Өйткені өзіміздің ана тілінде жазылған төл әдебиетімізде бізге үлгі боларлық, үйренерлік шығармаларымыз бар.

Біз сіздерге әрі шын мағынасындағы ұстаздарымыз деп, әрі жанашыр қамқоршыларымыз деп қараймыз.

Бұл пікір маған сіздің Қарағанды қаласына келуіңізге орайласа туған еді. Шынымды айтсам, мен бұрын ешкімнен көмек сұрап көрген адам емес едім. Көмек сұрайын деп дәмеленген кезім де болған жоқ. Себебі терістігіне көзім енді жетіп отырған бұрынғы ұғымым бойынша әдебиетімізде қол ұшын берер азаматтар аз, некен-саяқ ғана болып көрінетін. Горький қамқорлығы деген біздің арамызда жоқ секілденетін. Сіз жасаған қамқорлық жайында өзіміздің Әбдіжәміл өзге дүниені ұмыта айтқанымен, көңілімде әлдебір күдік қала беруші еді. Әбдіжәмілді әлдеқалай бір жолы болғыш жалғыздың өзі ғана шығар деп ойлайтынмын. Бұл пікірімнің ұшқарылығын енді ғана аңғарып отырмын. Сіз маған құлағын күйге келтіріп, бұрап қойған домбыра ішегіндей болып көріндіңіз. Өз бетіңізбен үн шығармайсыз. Ал сол ішекке бір саусақ барып тиетін болса, әдемі де жәйлі бір күй төгіліп жүре беретіндей. Бұл жерде айта кететін бір мәселе: ол қолдың ақсаусақ немесе құс болуы шарт емес. Әйтеуір, қозғала білсе болғаны. Әдемі де жәйлі үн дегенім, әрине, жас жазушыларға деген қамқорлығыңыз ғой. Өзіңіздің әдебиеттегі үлкен орыныңызды барынша сезініп, сол әдебиет үшін беліңіздің қайысатындығы, жаныңыздың ауыратындығы. Бұл, міне, Горький қамқорлығы. Мен сіздің тарапыңыздан осындай бір қамқорлықты сезіндім. Жас адамның бойында өз күшіне сенбеу деген бір кесел болады ғой. «Болашаққа жол» романының алғашқы тарауларын оқып, пікір айтқаныңыздан кейін, мен сол бір кеселден арыла бастаған секілдімін. Өз күшіме сене бастағандаймын. Осы сенім маған шабыт әкелді. Кітапқа біржола, алаңсыз кірісіп кеткен жәйім бар. «Ғабең мені мақтады» деп мақтанып, дандайсып кету жоқ, әрине. Дандайсу - санасыздықтан, бос жайдақтық пен саяздықтан туатынын мен жақсы білемін.

Ендігі айтарым: осы бір-екі айда романды бітіріп қалам ба деп шамалаймын. Содан кейін осындағы жігіттердің тезіне салу ойымда бар. Сөйтіп, солардың да пікірлерін тыңдап, жөндейтін жері болса жөндеп, Алматыға кітабымды дайын күйінде апарсам ба деймін. Қолжазбаның ұзын ырғасы екі жүз елу беттей. Бұл машинкада төрт жүз бет шамасы. Ал осындай қалың дүниені бастыруға менде қаумет жоқ. Мұндағы жігіттер сізбен ақылдасуды жөн көреді. Шынында да Жазушылар одағының тарапынан көмек болмас па екен?

Хатымды Максим Горький сөзімен аяқтауға рұқсат етіңіз. Ол кісі Лев Толстой туралы: «Не сирота я на земле, пока этот человек есть на ней», - депті ғой бір кезде. Сіздер барда мен де жетімдік көре қоймаспын. Бұл бірақ саясат тілі емес, өз тілім, өз жүрегімнің тілі.

Сәлеммен, Сафуан.

Қарағанды қаласы.

26 сәуір 1951 ж.