#
#
Сенбі 06/06/2020

Рухани жаңғыру және Абай әлемі

  • 24.04.2020
  • 0
  • 620

                                     ...Һәмма  ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған:

                                    әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз

                                     қорқақ мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ ақылсыз,

                                     надан келеді; әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз

                                    жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы

                                     жоқ жандар шығады.

Абай Құнанбайұлы. «Үшінші» сөз 

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы биыл екпіндетіп өткен 3 жылды еңсеріп, 4-ші жылға қадам басқалы тұр. Шапқан жерінде шаң қалдырып, қас қағымда көз ұшына ұзаған тайбурылдай зулаған уақыт ұстатпай келеді. Елдің мұрат, мүддесін айқындап, оған жеткізуге бағыт берген бағдарламаның ұлттың жоғын жоқтап, барын бағамдау жолындағы ұлы мақсаты қаншалықты орындалды? 3 жылда діттегеніне жете алды ма? 

Бағдарламаның шашауын шығармай, құндылығын құртпай, қажетімізге жаратып, келер ұрпаққа маңызын сақтай отырып жеткізу, ондағы ұлт іргесінің берік болуы үшін қойылған міндеттерді бұлжытпай орындау – болашақ үшін жасалатын маңызды шаруа.   

Әлем елдері жұдырықтай жұмылып, күллі адамзат басына түскен сынаққа қарсы бірлесе күресіп жатқан уақытта халықтың өз ішіндегі бірлігі бекем, ынтымағы мығым болмағы сөзсіз. Мазасыздыққа бой алдырмай, күрмеуі қиын түйткілдің түйінін шешу жолдарын қарастырған абзал. Ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлы «төртінші» қара сөзінде: «Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!», – дейді.  Әрине бүгінгідей ел басына күн туып, қазақты ғана емес, бүкіл әлемді індет шарпыған кезеңде «қалай жаңғырдың? не тындырдың?» деп қараша халықтың алқымынан алу – адамдыққа үлкен сын болар еді. Дегенмен, уақыттың ұлы көшіне ілесіп, жүріп өткен ұзақ жолда не тындырдық екен деп, артымызға қарайлап, өз-өзімізге сын көзбен қарап, есебін бермесек, азаматтығымыз да сынның тезіне түсері анық. Абай атамыздың тілімен айтсақ: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» («Он бесінші» қара сөз). Айында болмаса да, жылында алған есебіміздің өзі біраз дүниенің басын ашып берері анық. 3 жыл бұрын жарияланған бағдарламада: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», – делінген. Жоғарыда айтылған сұрақтарға халықтан емес, әуелі өзімізден жауап алып көрейікші. Әрине, Өзіңді танудың төте һәм табысты жолы – «Абай жолы».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы», – деп, жалпы адам атаулысының өмір сүруінің айқын бағытын атап көрсеткен еді. Үшбу мақаламызға арқау ретінде Абайдың толық адам ілімін алуымыздың негізгі себебі де хәкімнің даналығы мен бүгінгі күннің өмір сүру салтын ұштастыра отырып, Абай заманы мен қазіргі жаһандану кезеңінің  гармониясын, жалпы ұрпақтар сабақтастығын көрсетуге тырысу деп қабылдарсыз. Айтқалы отырғандарымыз жалпы адам баласына бағдар боларлық жұмыс болмаса да, адами, рухани құндылықтарды айғақтауға, Әуезовше айтқанда, теңізге құйылған тамшыдай ғана үлес қосса да, белгілі бір деңгейде өз парызымызды атқарғандығымыз болмақшы.

Философия ғылымында «harmony of the soul», яғни жан үйлесімі (гармониясы) дейтін ұғым бар. Адамның ойлау, сезу, қалау, әрекет ету және т.б. қабілеттері бар. Бұл мүмкіндіктерді оған оның «жаны» сыйлаған. Ал «жан» – адамның мәңгілік бөлшегі. Ол өзінің ең биік шыңына шықпағанша жер бетіне әртүрлі адам кейпінде қайта-қайта келе береді екен. Ұлы ойшылдың ұсынған «толық адам ілімі» де, сірә, осы мәселені дәріптесе керек-ті. Елбасы өз бағдарламасының «Сананың ашықтығы» бағытында: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі», – деп еді. Осы орайда америкалық саяси қайраткер, дипломат, жазушы, АҚШ тәуелсіздігі үшін соғыс көшбасшыларының бірі Бенджамин Франклиннің айтқан мына бір тәмсіл сөзін ойымызға тұздық ретінде алғанды жөн көрдік: «Hide not your talents, they for use were made. What’s a sun-dial in the shade?», яғни «Өз талантыңызды жасырмаңыз, ол сізге пайда әкелу үшін берілген. Көлеңкеде тұрған күн сағатынан не пайда?». Күн сағатының қуат алып, тоқтаусыз жұмыс жасауына себепші күннің нұры екені белгілі. Дәлірек айтсақ, адам өзіне берілген қабілет пен мүмкіндікті пайдаланбаса, қолда бар қазынадан мақрұм қалған, көзі бар, бірақ көрмейтін, құлағы бар, естімейтін, тілі бар, алайда айтары жоқ тірі мүрде немесе ештеңеге жарамайтын, тот басқан пышақ тәрізді.

Батыс философиясының негізін қалаушылар, ежелгі гректің ең әйгілі «Үш данасы» деп қастерленген Сократ, шәкірті Платон және Платонның шәкірті Аристотель философиядағы «адам» мәселесіне баса көңіл бөліп, адамгершілік мәселелерін шешу үшін ақыл-ойды қолдануды алғашқы болып айтушылар еді. Софистика мектебінің ең ірі өкілдерінің бірі Сократ өзінің «маевтика» әдісін пайдалана отырып: «Адам – өте қиын құбылыс, оның санасы субъективтік дүниелерге толы, бірақ адам – өзін-өзі тани алатын рухани құбылыс. Өзіңді танып біл! Таным – адамның басты қабілеті мен мақсаты. Өйткені біз таным арқылы объективті ақиқатқа жетеміз», – дейді. Әлемді, дүниенің әрбір құбылысын тану қажет-ақ. Әйтсе де, адам өзінің ішкі әлемін танып, білуге ұмтылғаны жөн. Өзін тану арқылы дүниені таниды. Ол өзін сырттай бақылап, іштей үңілген сайын өзінің қаншалықты білімді, ақылды, санасының жоғары немесе төмен, жүрегінің ізгілікке немесе жауыздыққа толы екенін аңғарады. Яғни аңғаруға ішкі қауқары жеткілікті. Соған қарай шара қабылдап, өзін дамытудың бағытын іздеп, жолын қарастырады. Әрине, құлқы болса...

Сократтың бұл ұстанымымен қазақ философы Абайдың «Адам бол!» идеясы ұштасып жатыр. Оның да көксегені пендені «адам», «тұлға» ету болды. Қазақ халқында бағзыдан қалған «Сауысқан тоты боламын деп, жүрісінен жаңылыпты», «Қазға ерем деп қарғаның шаты айырылыпты» дейтін мәтелдері нағыз бүгінгі пендешілікке салынғандарға айтылғандай-ақ. Біреудің салған үйі, киген киімі мен жеген тамағын аңдып, сөз етіп, оған жетем деп жүріп өзінің шынайылығын жоғалтып, бағытынан жаңылып, өмір сүрем деп емес, әлдекімдерге еліктеймін деп жанталасып, ақыр аяғында жетем деген мәресіне жетпек тұрмақ, жыртығын жамай да алмай қалатындар қаншама. Өз жолымен емес, біреудің салған соқпағымен жүріп, жұрттың сөзіне сенгіш, айтқанына көнгіштер өз алдына бөлек әңгіме. Кемеңгер Абайдың:

– Басында ми жоқ,

  Өзінде ой жоқ,

  Күлкішіл кердең наданның.

  Көп айтса көнді,

  Жұрт айтса болды

  Әдеті надан адамның, – дейтін ойынан бұл жағдайды бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жайлаған «індет» десек те артықтық етпес. Біз не айтсақ та, не істесек те, әркім өз биігіндегі дүниені көреді. Алайда адам өзін дамытуға қабілетті. Жалпы адам – саналы жаратылыс. Ал санасыздыққа өз аяғымен барады. Оның төрт аяқты хайуаннан да басты айырмашылығы да сол санасында. Ұлы ғұлама өзі пір тұтқан Сократқа арнаған «жиырма жетінші» қара сөзінде: «Адам екі аяғына басып тік тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һәм өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы бар», – деп, адам мен жануардың парқын тілге тиек етіп, тағы да адамның асқан шеберлік пен салахият иесі екендігін айтады.

Америка функционализмінің негізін қалағандардың бірі, философ, психолог Уильям Джеймс сананың жұмысын зерттеп, екі негізгі детерминантты анықтайды – көңіл аудару және әдет. Сондай-ақ тұлғаның жаратылысын қарастыра отырып, адам өміріндегі басты қасиеттері – сезім мен эмоцияның маңызды сипатқа ие екендігін зерделейді. Өз-өзін бағалау жайлы алғаш айтқандардың бірі болып, тұлғаның өзін-өзі сыйлау формуласын дәлелдеп шығарды (өзін-өзі бағалау = табыс/талаптану). Жалпы Джеймс тұлғаның тұлға болып қалыптасуында аса маңызды рөл атқаратын құрылымдық бөліктерін атапты. Тұлға жасамның бұл терминдеріне хәкім Абай қандай анықтама берді?  

«Адам баласының ең жаманы – талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады». Ұлы ойшыл талап жайлы сөз қозғап, талаптылардың дұрыс һәм бұрыс бағытта ниеттенетінін айтады. Яғни адамдардың білім-ғылым іздеуге емес, тек мал-дүние табуға талаптанып, өзі де, ұрпағы да малды болса, малын қыстауда малшыға бақтырып, ол қыстауы тарлық етсе, өзгенің қыстауын сатып не тартып алып, қыспақшылап, өктемшілеп, көтен зорлықпен күн көру әдісін айшықтайды. Бүгінгінің адамдары да сол заманғы әдісті қолданып, асып түспесе, кем түспесі сөзсіз. «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды», – дейді ойшыл.

Джеймс айтқан «сезім» жайлы Абай Құнанбайұлы: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ», – дейді. Кез келген жұмысты істеу үшін адам алдында «сезіну» тұрады. Жалпы «сезімге» қатысты айтар дүние көп-ақ. Бір істі бастау үшін, өзіңе жауапкершілік алу үшін, Отан алдындағы, ұлт алтындағы парызыңды өтеу үшін, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды ұлықтап, сананы жаңғырту және т.б. үшін де,  әуелі оларды сезіну, сезу, махаббат керек. «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады». «Қарынның ашқанына емес, қадірдің қашқанына жылайтын» тасжүрек заманға, адамдары өз мәнфағаты үшін бір-бірін аямайтын жауыз қоғамға махаббат пен сезім дәнін молынан себу қажет. Ал білім-ғылым мен өнерге «көңіл аударып», жақсылық пен ізгілікті «әдетке айналдыру» – жаңғырған қоғамның басты барометрі. 

Жалпы адам жайлы алғашқы ілімдер ежелгі Шығыс мемлекеттерінде пайда болған. Ежелгі Үнді философиясында адам әлемдік жанның бөлігі ретінде пайымдалса, көне қытайлықтар адамның адамдығын сыртқы келбет, көрінісінен іздейді екен. Өз ілімінің түп қазығы ретінде «адамсүйгіштік» мәселесін алған Конфуций адамның үш түрін атайды: асып-таспайтын дана адам; күй талғамайтын жақсы адам; қорықпайтын батыл адам. Сондай-ақ Қытай елінің атақты ғұламаларының бірі Чжан-Цзы өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды «аспан адамы», рухани бастауынан бөлінбеген адамды «қасиетті адам», шындықтан бөлінбеген адамды «кемел адам» деп атапты.

Ал Абай атамыз: «Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен. ...Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен», – деп, адамды иман арқылы таниды. Дінімізде «иманның тұрақтайтын орны – жүрек» делінген. Иман нұры жүрекке құйылады. Жүрек кейбіреулерде тым нұрлы, енді біреулерде жай ғана кесек ет. «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі». Осы тұста Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір шумағы ойға оралады:

– Өмірдің өкінбейтін бар айласы,

  Ол айла – қиянатсыз ой тазасы.

  Мейірім, ынсап, əділет, адал еңбек,

  Таза жүрек, тату дос сол – шарасы.

Адамзатқа ең керегі – ой мен жүректі таза, тұнық ұстап, өмірдің ластанған лайымен жүректі былғамау. Болатты да тот басады, адамның да жан-дүниесі солай кірлейді. Ақын Абайдың «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде:

– Бойдағы мінді санасам,

   Тау тасынан аз емес.

   Жүрегімді байқасам,

   Инедейін таза емес, – деп ренжігенін көреміз. Адам өзіне берілген ғұмырында ұдайы адамшылыққа ұмтылып, ізгілікке аяқ басып, адамзатқа ортақ іс қалдырмағы ләзім. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?», – демекші, адам тіршілігінің қайнар көзі – жүрек. Оның ізгілікке бағытталған қасиеттері жүректен қайнап шығады. Ғұлама өз туындыларында «жүрек» сөзін елуге жуық мағынада, 110 рет қайталап, қолданған екен. Алағай да бұлағай қоғамның аяқ алып жүре алмайтын қиянат пен қорлығы, азғындығы мен сатқындығынан да жүректе өшпейтін қара дақтар пайда болады. Ал ол қоғам – біз, адамдар. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды», – деп шындық пен өтіріктің аражігі жүрек арқылы анықталатынын тұспалдайды. Әйтсе де, мына бір өлең жолдарында:

– Дененің барша қуаты,

  Өнерге салар бар күшін.

  Жүректің ақыл суаты,

  Махаббат қылса тәңірі үшін, – деп, әруақытта да жүректің әмірімен жүруге болмайтынын, кез келген мәселеде жүрек арқылы ақылға жүгіну қажеттігін меңзейді. Иман айнасы – жүректі мұнтаздай таза қалпында сақтау – әр кінәмшіл, күнәға бейім пенденің өз еншісіндегі мәселе.              

«Он сегізінші» қара сөзінде: «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық», – деген екен. Адамға болмысынан, тумысынан, Жаратушы тарапынан берілетін бұл адами нығметтердің патшасы – тән саулық.

Елбасының кеше ғана жариялаған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында: «Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді», – деп халықтың басына түскен ауыр жағдайды жеңуге рухани қолдауын білдірді. Сынақ адамды шыңдайды. Сындарлы сәтте ұлттық рух пен күш-жігер өлшемі, ел азаматтары мен азаматшаларының білімі, халықтың рухани һәм материалдық жиған-тергені таразыланып жатқандай. Конституциямыздың алғашқы бабында айтылғандай, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі екенін ескерсек,  дәл қазір күллі адамзат адам үшін, сол адам баласының ертеңгі болашағы үшін, олардың бір күн болса да, артық өмір сүруі үшін күресуде. Ұлтым деген абзалдарымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, қолдан келер көмегін көрсетуге құмбыл, көрсетіп те келеді. Тән саулығы болмаса, жан саулығының мінсіз болмағы, ұлттың «рухани жаңғыруы» бекер болмақшы. Ал рухани әлсіз, ауруға бейім адамнан боркемік ұлдар мен болбыр қыздардың тумасына ешкім кепілдік бере алмайды. Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді. Қазіргі сұм жағдайды аман-сау еңсеріп шығуымыз – қазақ баласының болашақ көгінде қырандай еркін қалықтауының бірден-бір кепілі. Ал індеттің құрсауында қалсақ, 3 жыл емес, 30 жыл бойы рухани жаңғырсақ та, еткен еңбектің күлі көкке ұшары хақ.

Ал адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: ғылым, білім, өнер, тәрбие, әдеп, дін, иман, іскерлік, тапқырлық, жомарттық, әділдік және т.б. бойында жетілдіріп, дамытып, еріншектік, мақтаншақтық, мал шашу, өтірік сөз, өсектен ада, бойын тасада ұстаған жан – Абай ойлаған, армандаған «толық адам». Олай болмаған жағдайда «рухани мүгедек».

Қорыта айтсақ, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек!».  

 Жұлдызай Әбдіманапқызы

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

«Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінің қызметкері

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар