02 жел, 2016 сағат 09:48

Рақымшылыққа 30 мың адам ілігуі ықтимал - Иоган Меркель

- Рақымшылыққа 30 мыңға жуық адам ілігуі мүмкін. 

Бүгін Парламент Мәжілісінде  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау турал» заң жобасы бойынша жұмыс тобы отырысының алдында тілшілерге  сұхбат берген ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель осылай мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қазір барлығын ресми түрде есептеп шығу мүмкін емес. Себебі, онда бірнеше санат бар. Мәселен, өндіріске алынған теріс қылықтардың (авт. - қылмыстық теріс қылықтар) барлығы тоқтатылады. Соттың қарауындағылар да тоқтайды. Осы орайда қазір бұл заңнама күшіне енген кезде осындай істер нақты қанша болатынын айта алмаймыз... Шамамен біз 30 мың жуық адамды есепке алып отырмыз», - деді Меркель.

Бұл ретте 30 мыңның ішінде тек абақтыда отырғандар ғана емес, сонымен қатар айыппұл шарасына, шартты жазаға кесілгендер, қоғамдық жұмыстарға және басқа да ауыр емес жазаға тартылғандар қамтылады.

Белгілі болғандай, лаңкестік және басқа ауыр қылмыс жасағандар қамтылмайтын болады. Негізі рақымшылық жасау аса ауыр емес қылмыстарға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және қоғамдық қауіптілігі жоқ қылмыстарға көзделген.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын енгізді. Бұл рақымшылық шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады.