11 ақп, 2019 сағат 13:28

Поэзиядағы Дүниежүзілік жаңару жолында

8 ақпан - Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні «Қабырғасыз әлем. Шекарасыз өлең» атты Дүниежүзілік әдеби акцияның аясында өтті.

Кештің шымылдығын ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып «Қабырғасыз әлем. Шекарасыз өлең» акциясының мақсаты мен мәніне тоқталып, халықаралық іс-шараға қазақ қаламгерлерінің қолдауын жеткізіп, «Дүниежүзілік поэзия қозғалысының» Үндеуін оқып берді.

Ендеше, Ұлт порталы сол Үндеу-хатты оқырман назарына ұсынғанды жөн санады.

 

Фернандо Рендон,

Поэзиядағы Дүниежүзілік жаңару жолында...

Ықылым замандардан бері поэзия - санадағы ой еркіндігі мен сөз бостандығының бейнесі, адам баласын өзге жаратылыс иесінен ерекшелеп тұратын оның бойындағы, болмысындағы бар ғажайып сезімнің қағаз бетіндегі көрінісі іспетті. Тылсым әуезбен өрілген таңғажайып сурет десек те қателеспеспіз.

Сонымен қатар әр ақынның әдебиет, оның ішінде өлең концепциясына қатысты өзіндік түсінігі бары ақиқат. Ол – бүгінгі өміріне деген шынайы көзқарас, орасан өзгерістер туралы һәм жалғыздық һақындағы ойлар.

Кейбір мәдениеттер өз ішінен дәлелсіз сынға толы қарсылықтан, сенімсіздік пен күдіктен құралған скептицизм мен нигилизмге орын беріп жатса, ал өзге орталарда поэзия, бұл – үміт пен сенімнің шырағы.

Көне ұлыстар поэзия жер энергиясы мен өзге де маңызды элементтердің жымдасып, біте қайнасуынан жасалады деп білген. Сол себепті ол ертедегі халықтардың қараңғы кезеңдерді артқа тастап, ата дәстүрімен қатар сақталған салтанатты ән-жырлары арқылы жаңа дәуірлерге дейін жеткен.

Поэзияның негізгі идеясы – өмірдің өзінен алынған идея: ол – ғасырлар тоғысындағы әртүрлі кедергілер мен қысымдарға қарамастан, адамзаттың түп тамырын сақтап, тарихын түгендеу.

Әдебиет – нұрлы болашақтың жақтаушысы. Ал, поэзия - соғыс пен қан-төгісті, мәдени, рухани әм тұрмыстық даудың салдары бар жаппай тәртіпсіздіктер мен адам өліміне апаратын қандай да бір топтық текетірестерді  айыптайды.

Өткен ғасырлардағы саяси жүйелердің қай-қайсысы да мемлекеттер мен қауымдарға толыққанды тыныштық пен береке-бірлік сыйлаған жоқ. Капитализм да бұл күндері Жер бетіндегі тіршілік пен тұрмыстың отын сөндіруге жақын. Миллиондаған адам аштық пен жоқшылықтан, жүздеген мың халық емі табылмаған ескі аурулар мен дәрігерлер сауықтыра алатын қарапайым дерттерден, мыңдаған кінәсіз жан соғыс ошақтарында сәт сайын аспаннан түскен бомбалар мен өзге де жарылғыш заттардың кесірінен қырылып жатыр.

Соғыс – бұл алпауыт державалар көздеген саяси және экономикалық пайда, миллирдтаған қаржы бәске тігілген инвестиция ғана. Сөйте тұра, олар халықтардың ғасырлар бойы сақталған мәдениеті мен дәстүрін таптап, діні мен ділін ұмыттыруға сеп боп, ең ақыры Ата тілінің жойылуына дейін жеткізер жойқын әсерін тигізіп жатады. Сондықтан біз сол тілдер мен мәдениеттердің қорғаушысы болуды мақсат тұттық. Онымен қоса, біз - халықтардың аймақтық ерекшелігі мен өзгешеліктерінің мүлде жоғалуына әкеп соқтырар бірполярлы мәдениетке қарсымыз.

Дүниежүзілік Поэзия қозғалысы Үкіметпен, беделді шенеуніктермен бір жастықты бөліскен әлемдік плутократтарды (мемлекетте өз байлығының арқасында үкіметке беделін жүргізетін басшы топтың өкілі) айыптайды. Олардың экономикалық көзқарасы – бұл саяси апат. Нағыз демократия бейбітшілікті бұзатын, қара басының қамын күйттейтін сол тажалмен, яки плуторкатиямен күресуі тиіс. Біздің қозғалысқа мүше мыңдаған ақын үкімет пен нарықтағы алпауыт ойыншылардың, заңсыз саудагерлердің бөлек жұмыс жасауын талап етіп, ортақ нүктесі жоқ қос тарапта күн кешуіне үндейді. Сонда ғана әлемдегі жалпы экономикалық жүйе дұрыс жолға қойылып, сонда ғана нағыз демократияның таңы атпақ. Өйткені демократия бұл – тауар емес, сол себепті экономикалық даму - заңсыз сауда мен бас пайдасын ойлаған жалған бай-манаптардың жүргізіп жүрген стратегиясымен жүзеге аспайды.

Бұл күрес - атом бомбасын астына салып, қауіпті танкілер мен қару-жарақ шығарып, вирустар мен кредитті ойлап тауып әлемді басқарғысы келетіндермен, адамзаттың тілін жаныштап, үнін өшіргісі келетіндермен жүргізілетін ашық күрес.

Иә, поэзия әр адамның, жеке тұлғаның жан дүниесін, яки өмірін нұрландырып, оны сәулелі сәттермен қауыштырып, ғаламат оқиғалардың кейіпкері қылады. Ол Ұлы тарихи өзгерістердің, әлеуметтік, рухани және мәдени төңкерістердің, жалпыхалықтық толқулардың бейнесі, қаруы іспеттес.

Поэзия өзіндік үні бар, тәуелсіз ақындардың ерекше әм қауіпті тәжірибелерінің нәтижесі боп есептелгенмен (өйткені шығармашылық ізденістер ақынның өзімен-өзі бетпе-бет қалған кезінде жүріп, кесек те кестелі дүниелер көбіне оның ауыр жалғыздық күйін кешкен сәттерінде жазылатыны ақиқат), ол қоғамдық сананың дауысымен сабақтас, халықтың жанайқайынан туған ой-пікірлермен өзектес.   

Адамдар, оның ішінде көтерілісші тап өкілдері ғаршыдан тараған беймәлім энергия арқылы поэзиямен жақын байланысқа түседі. Өлең олардың ішіндегі буырқанған сезімдерді оятып, кеуделеріне махаббат, парасат, рух сәулесін сіңіреді.

Асылы, поэзия – жаңа тарих үні, жаңа өмір тілі. Поэзия тарихы – адамзаттың рухани өмірінің тарихы, мыңжылдық өркениеттер жаңғырығы. Оның дәлелі – мәңгілік Жеңілмеген жырлардың дабысы.

Тарих әр ғасырдағы, әр мәдени кеңістіктегі әлемнің ең ғажайып ақындарын Ұлы арманшылдар, өзге ғаламшарлық ойшылдар, кейде құрғақ қиялды насихаттаған утопияшыл қаһармандар бейнесінде сипаттайды.

20 ғасырда бүтін құрлықтағы жаңа әдеби қозғалыстар мен поэзиялық ағымдар күллі ғаламшарды басып өтті. Бірінші Дүниежүзілік соғысқа дейін Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азия аймақтарында авангардтық дадаизммен қатар пайда болған сюрреализм жолын ұстанған ақындар, суретшілер мен кинематографистер легі келді. Сюрреалистер қозғалысы тығыз шығармашылық байланыс орнатып, халықтың ой-санасын, өмір сүру салтын түбегейлі өзгертіп, таным-түсінігін кеңейтуге тырысқан шағын да үлкен жаңашыл топтардың алғышарттарын жасауға тырысты.

Ал, битниктер қозғалысы - Солтүстік Америкадағы ақындардың соғыстан кейінгі буынының, түпкі мақсатында, әлемді мәңгілік соғыс ошағына айналдырғысы келген жалған америкалық арман ұсынған өмір сүру салтына ашық қарсылығын бейнелейді.

Біз бүгінгі күнге деген шынайы көзқарасымыз һәм өз таным-түсінігіміздің деңгейі арқылы Жер шарындағы жаңа поэтикалық галактиканың пайда болғанын, оның түлеп, түрлене түскенін байқай аламыз.

Дәл қазір әлемнің әр тарабында жүздеген халықаралық поэзиялық фестиваль өтіп, мектептер пен семинарлар құрылып, электронды басылымдар мен кітаптар дүниеге кеп, жүйелі жұмыс атқаратын әдеби ұйымдар мен топтар жасақталып жатқанын көріп жүрміз.

Мыңдаған қаламгер, 135 мемлекеттен 265 ұйым мүше болған Дүниежүзілік Поэзия қозғалысы әр елдегі Жазушылар одақтарының басын біріктіруге өлшеусіз ықпал етіп отырғаны жалған емес.

Өйткені тек қана жеке де ұжымдық ынтымақтастық пен бірліктің, татулық пен бауырмалдықтың тілін, жаңа қағидаттарын қалыптастыру арқылы және ақындар мен суретшілердің дәл осындай халықаралық қозғалысының ықпалы арқылы қайталанбас жобамызды өміршең ғып, тарихтың сәулелі парақтарын толтыруға ат салыса аламыз.

Біз әдебиеттегі ішкі және терең туыстық қатынастар әсерінен қоғамдық сана трансформацияланып, адамзаттық проблемалар төңірегінде ләйім рухани ықпалдастықта, ауызбірлікте қызмет ететінімізге сенеміз. Бұл – Жаһандық поэзиялық қозғалыс тастаған ұран.

Біздің қозғалыс Жер шарындағы әлеуметтік-саяси белсенділік пен күрестерді қолдайды және әртүрлі формациядағы отаршылдық езгі мен қанаудың әм билеп-төстеу мен қысымның барлық түріне қарсы шыққан халықтың сөзін сөйлеп, олармен бірге толық әділетті, саналы, тәртіпті, өз таңдауы мен ісіне жауапты жаңа үлгіде дамыған қоғам құруға атсалыспақ.

Иә, Ұлттық және халықаралық поэзиялық ұйымдардың өзара тығыз әм берік қарым-қатынас орнатып, шығармашылық байланыста болуы, Дүниежүзілік Поэзия қозғалысының түпкі мақсаты - осы.

Тәржімалаған: Айбол Исламғали