17 қаз, 2018 сағат 10:15

Нығматулин қазақша қойылған сұраққа орысша жауап берген вице-министрді сөкті

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова қазақша қойылған сұраққа орысша жауап бергені үшін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннен сөз естіп қалды, деп хабарлайды baq.kz.

Бүгін Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға салынды.

Отырыста депутат Мұсырман Кәрібаев білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асыловаға өзін толғандырып жүрген сауалға жауап беруін сұрады.

«Бибігүл Амангелдіқызы, бюджетті көктемгі нақтылау кезінде Мемлекет басшысы Жолдауында қойылған міндеттерді және Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын, сондай-ақ басқа да міндеттерді іске асыру үшін білім және ғылым министрлігінің шығыстары 117 млрд 800 млн теңгеге ұлғайтылды. Алайда қазіргі таңда аталған сомма 23 млрд теңгеге азайтылды. Бұл бөлінген қосымша қаражаттың шамамен 20%-не тең. Бұл министрліктің қосымша бөлінген бюджет қаражатының осынша қомақты соммасын игермеу себебі қандай? Бұл Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын толық әрі уақтылы орындауға теріс әсерін тигізбей ме?», - деді ол.

Алайда вице-министр қойылған сұраққа орысша жауап берді.

Осы орайда Нұрлан Нығматулин Бибігүл Асыловаға қазақша үйренетін уақыт келгенін айтты.

«Бибігүл Амангелдіқызы, сіз Мәжілісте барлық мұғалім мен оқушыны 3 айда ағылшынша үйретіп жатырмыз дедіңіз. Бірақ сізге де мемлекеттік тілге үйренетін уақыт келген шығар», - деп түйіндеді сөзін Мәжіліс төрағасы.