03 сәу, 2018 сағат 12:51

Нұрлан Нығматулин СҚО кәсіпкерлерімен кездесті

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Солтүстік Қазақстан облысы ауылшаруашылығы өнімін өндірушілермен кездесуінде Елбасының бес әлеуметтік бастамалары әңгіме өзегіне айналды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу кезінде әсіресе, шағын несиелеу, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ, халықты еңбекпен қамту мәселелеріне айрықша назар аударылды.

«Елбасының тапсырмасы бойынша осы жылы қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасы 62 миллиард теңгеге жететін болады. Бұл өз ісін ашқысы келетін азаматтарға зор мүмкіндік береді.  Сондай-ақ, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін өте қажетті. Аталған әлеуметтік жоба ауылдық тұрғындары көп сіздердің облыс үшін өте маңызды», - деді Н. Нығматулин.

Өз кезегінде бұл бастама ауыл халқының да ерекше қызығушылығын туғызды.  


Кездесу барысында ауылшаруашлығына цифрлық технологияны енгізу жайы да назардан тыс қалмады. Ол өнімділікті нығайтумен қатар, сапасын күшейтуге де кең жол ашатыны сөзсіз. Нұрлан Нығматулин Елбасының әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру әрбір өңірге тың серпін беретінін және халықтың әл-ауқатын көтеруге зор ықпал ететінін атап өтті.