29 нау, 2018 сағат 08:37

«Мұзды» еріту ешқашан да кеш емес - «Ninety One» тобының әншісі

Бүгін Астанада «Жас Отан» жастар қанатының ІV съезі аясында өтіп жатқан гала-форумда Орталық кеңес мүшелігіне сайланған Ninety One тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев сөз сөйледі, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ол ең алдымен съезд қатысушыларына өнер жолына қалай келгені туралы баяндап берді.

«Бірден сұрақ: музыка деген не? Шынымен де, музыка деген не? Дәл осы сұрақтарға жауап тапқаннан кейін өмірім бірден өзгеріп кетті. Мен өнерге деген қызығушылығым арқылы Ninety One тобына келіп, әлеммен музыка арқылы танысуға мүмкіндік алдым. Топ болып құрылғаннан кейін бәрі бірден жақсы болып кеткен жоқ. Алдымызда көптеген түсініспеушілік болды. Бірнеше қалада, бірнеше алаңда біздің өнер көрсетуімізге қарсы болды. Яғни, өлең айту, шоу көрсету, нағыз заманауи әртіс болу ХХІ ғасырдың қазағына тән емес екен. Дәл сол уақытта біз ХХІ ғасыр мен қазақ менталитеті және мәдениеті бір-бірімен сәйкес келмейді деген таптаурынмен кездестік. Мен онымен толықтай келіспеймін. Қазаққа мәдениетсіз болу тән емес, қазаққа заманауи болу тән, менің ойымша. Осы уақытта сұрақ туындайды, батыс мәдениеті біздің мәдениеттен несімен ерекше, батыс мәдениеті заманға сай және әрдайым өзгеріске ұшырап отырады. Сол себепті де бүкіл әлемнің жастарына ол өте тартымды. Біздің мәдениетімізді, рухани қорымызды биік деңгейге шығарғымыз келсе онда жастардың қызығушылығын ескеруіміз қажет. Қазіргі трендтерге еліміздің мәдениетін бейімдеуіміз қажет», - деді ол өз сөзінде.

Дулат Мұхаметқалиев рухани жаңғырудың негізгі көзі өнер саласы, рухани қорды қоректендіруші салмақты құралдардың бірі шоу-бизнес екенін атап өтті.

«Қазіргі уақыта шоу-бизнеске 91 тобы q-поп бағытын әкеліп ұсынып отыр. Бұл бағыттың негізгі мақсаты неде? Барлық музыкалық салаларды, бағыттарды, TV-шоу, бағдарламаларды қазақ тілді контенттермен толтыра отырып, қазақтың мәдениеті мен тілі, өнері жан-жақты бола алатынын дәлелдеу», - деді Ninety One тобының әншісі.

Ол өзі өнер көрсететін топ құрылғаннан бері екі жыл ішінде жеткен жетістіктеріне тоқталып, қазақ тілінде ән тыңдап жүрген шетелдік жанкүйерлерінің көп екенін айтты.

«Өз еліміздегі көптеген жүлделерді алуымызды былай қойған кезде, ең үлкен жетістігіміз – әлемнің 120 мемлекетінде біздің ресми тұрғыда жанкүйерлеріміз бар, фандомның аты – «иглз». Егер де біз қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарғымыз келсе онда біз қазақ тілін соған ыңғайластыруымыз керек. Бұл жерде латын әліпбиі өте ыңғайлы келеді. Сол себепті де топтың аты Ninety One деп аталып, топ әндерінің бәрі латын әліпбиінде шыққан. Ол қадамның берген нәтижесі біздің шетелдік жанкүйелер қазақ тілінің әдемілігіне қызығушылық танытып, қазақ тілін үйрену үстінде және де үйренгеннен кейін бізге әртүрлі видеожолдамаларды қазақ тілінде жіберуде. Жастардың сұранысы бойынша, дәл сол жастардың екпінімен және сіздердің қолдауларыңызбен біз қазақ мәдениетінің, тілінің, өнерінің, кодының қорын жәй ғана өзара дамытып қана қоймай, бүкіл әлемдік деңгейге шығара аламыз. Өнер саласында әріптестеріме айтарым, бәріміз бірігіп елдің экономикасына ықпалын тигізетін өнер нарығын аяққа тұрғызып, Қазақстанның атын әлемдік деңгейге шығарайық. «Мұзды еріту» ешқашанда кеш емес», - деп сөзін аяқтады Дулат Мұхаметқалиев.