13 қаң, 2020 сағат 15:10

Министрлік медициналық сақтандыруға қатысты фейк ақпаратқа сенбеуге шақырды

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова елімізде күшіне енген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты Whats App-та тараған жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір Whats App мессенджері арқылы денсаулық сақтауға қатысты жаңа кодекстің қабылданғаны туралы хабар тарап жүр. Аудиофайлмен таратылған ақпаратта міндетті түрде келісімге отыру керектігі айтылады. Бұл жалған ақпарат екенін айтқымыз келеді. Аудиофайлды тыңдасаңыз, әңгіме Ресей Федерациясы және медициналық сақтандыруға қатысты федералды заңнама туралы айтылып отырғанын ұғасыз. Біздің заңнамаға оның түк қатысы жоқ», - деді Людмила Бюрабекова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысы мессенджерлер арқылы тараған бұл ақпаратқа сенбеуге шақырды.

«Бұл хабарламаларды таратқан адамдарды жауапкершілікке тарту туралы құқық қорғау органдарына жүгінеміз», - деді ол.