27 нау, 2020 сағат 14:20

Министр журналистердің карантиндегі жұмыс тәртібін түсіндірді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев карантиннің күшейтілген режимінде БАҚ редакцияларына үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Арнайы бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларына айтарымыз, қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге жіберу қажет. Қалада жұмыс бабымен жүру үшін журналистің өзімен бірге қызметтік куәлігі және редакциялық тапсырма туралы анықтама болуы қажет. Анықтаманы телефоннан да көрсетуге болады», - деді Дәурен Абаев «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде. 

Сонымен бірге, министр карантиннің күшейтілген режимінде тұрғындардың ауруханаға бара алатынын жеткізді. 

«Дәрігерге көрінуі керек азаматтар ауруханаға бара алады. Бұл дәлелді себеп болып саналады», - деді Д. Абаев. 

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 адам, Алматы қаласында – 48 адам, Қарағанды қаласында - 4, Жамбыл облысында -3 адам, Атырау облысы - 3 адам, Шымкент қаласында - 2 адам, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам, Ақмола облысында - 1 адам, Павлодар облысында - 1 адам, жалпы 125 науқас тіркелді.