07 қар, 2019 сағат 10:57

Мемлекеттік орган ғимараттарында смартфонды пайдалануға рұқсат берілмек

Жақында мемлекеттік орган ғимараттарында мемлекеттік қызметшілерге смартфон пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мендегі ақпарат бойынша аталған қаулы Үкіметке енгізілген, жақын арада ол жайында жарияланатын болады. Барлық өкілетті органдарда келісуден өтті, осыдан кейін ол Үкімет отырысының қарауына шығарылады. Биылғы қараша айында тиісті шешім болады деп үміттенеміз. Бұл тұрғыда смартфондарды ешбір шектеусіз барлық мемлекеттік қызметшілерге қайтару мәселесі ескерілген», - деді вице-министр Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның атап өтуінше, кез келген мемлекеттік қызметшіде өз қызмет орнында алған ақпаратқа қатысты жауапкершілігі бар.

«Ақпаратты негізсіз таратқаны үшін қызметші заңнамаға сәйкес жауапты болады», - деді А. Оспанов.