29 сәу, 2019 сағат 10:19

Жатақхана бойынша қымбат ЖСҚ әзірлеуді тоқтатуды сұраймыз - Күләш Шәмшидинова

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасының студент жастардың тұру жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова Елбасының 75 мың орындық жатақхана салу туралы Үшінші бастамасын орындау мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Өткен жылдың өзінде оқу орындары мен жергілікті бюджет есебінен 3 мыңнан астам орын енгізілді. Осы жобаға инвесторларды кеңінен тарту мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаларына негізделген арнайы тетік жүзеге асырылуда, қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылып, қаржы көлемі бекітілді. Жатақханалар құрылысымен айналысатын кәсіпкерлерге инженерлік коммуникациялары дайын жер телімдері беріліп жатыр.

«Мемлекет банктік несиенің 7%-ын субсидиялайды, жатақханалар құрылысына қойылатын талаптар жеңілдетілді. Бұл шаралар инвесторлар шығындарын қысқартып, жобалардың жалпы құнын төмендетуге мүмкіндік береді», — деп ҚР білім және ғылым министрі, жатақхана қолданысқа берілгеннен кейін 8 жыл қатарынан мемлекеттік тапсырыс орналастырылатынын айтты.

Нұр-Сұлтан қаласында жатақхана ақысын әкімдік тарапынан субсидиялау тетігі енгізілген. Бүгінгі таңда 19 мыңнан астам орынның енгізілуін қамтамасыз ететін 43 жоба іске асырылып жатыр. Олардың 20-сы кәсіпкерлердің, 24-і оқу орындарының, оның ішінде 13-і жеке меншік оқу орындарының бастамасымен жүзеге асады.  

«Аталған жобалар аясында осы жылдың өзінде жоспарланған 5 мыңның орнына 9 196 орын енгізіледі. Яғни, жоспар 184%-ға орындалады», — деді К. Шәмшидинова. Өңірлердің арасында алдыңғы қатарда — Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысы.

Оның айтуынша, мемлекеттік жоғарғы білім ордаларымен салыстырғанда, жекеменшік оқу орындарының белсенділігі анағұрлым жоғары. Мысалы, биыл жекеменшік оқу орындары 8 жатақхананы енгізетін болса, мемлекеттік оқу орныдары небәрі 2 жатақхананы енгізбек.

«Өңірлерде жатақханалар құрылысын кеңінен тарату мақсатында инвесторлармен кездесулер өткізіледі, жобаның арнайы сайты іске қосылды. Биылғы мамыр–қыркүйек айларында инвесторларды кеңінен тарту үшін үздік жобалар акциясы өткізілетін болады.

Ағымдағы жылдың көрсеткішіне қол жеткізу үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Дегенмен келесі жылдың жоспарының орындалуы алаңдатып отыр. Осыған орай келесі шараларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуді сұраймыз. Бірінші - өңірлерде барлық оқу орындары көрсетілген жатақхана салудың толық кестесін бекіту. Екінші - қымбат тұратын жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді тоқтату. Үшінші - жер мәселесін оңтайлы шешу мақсатында мемлекеттік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес акционерлік қоғам етіп қайта ұйымдастыру жұмысын жеделдету. Төртіншіден, осы жобаны іске асыру барысында сейсмикаға қатысты мәселелер көтерілді. Осыған байланысты нормативке сейсмиканы ескеретін коэфициентті қарастыру», - деді министр», — деді білім және ғылым министрі.

Өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов баяндады.

Өз кезегінде, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова жатақханаларды уақытылы енгізу және студенттер үшін қолайлы тұру жағдайын қамтамасыз ету ұзақмерзімді міндет екенін атап өтті.