15 қыр, 2017 сағат 07:34

Құбажонда құланиек таң атса...

Қайрат Жұмағалиевтың таңдамалысы алғаш рет отыз сегіз жасында шығыпты. Ыстық қоламтадан жаңа суырып алған күлшедей алақандай сарғыш кітап еді. Алғашқы бетінде қалың қою қара шашын шалқасынан қайырып, жылтырата тарап, қасы, көзі қиылып, сүйісқұмар көнтек еріні шырын құмар бал араның қылтыңдаған қылдырық жемсауындай қиғаштай керіліп, әнтек бұлтиып, шекелей көз тастап, сызыла қараған сылқым жігіттің суреті беріліпті. Үстінде аймақы өрнегі бар әйей көйлек. Арқасынан қағып, иығынан сипай бергің келеді.

«Жап-жасыл көктем, елгезек басым елпілдеп, ЖенПИ-дің шалқар залына кірдім еркіндеп», – десе, дегендей. Айна-қатесі жоқ. Ақиқат. Өзі әдемі, өзі бойдақ, әрі ақын жігіт. Фабрикадан әлгінде ғана шыққан су жаңа банкноттай сусып, қолға тұрмайды. Іздесең – таба алмайсың, тапсаң – айырылып қаласың. Жылт етіп, көзіңе бір түседі де, қылт етіп, қайта жоғалып кетеді. Сол бір сүйріктей сүйкімді жігітпен университет бітірген бойда таныстым. Менен бірер жас үлкен. Көшеде кезіккендер оны іні, мені аға санап, жаңылысып жатады. Содан шығарып: «Анау қыздар мені сабақ білмейтін шәлдуәр баласын оқуға түсіруге әкеліп жүрген завферма екен деп келе жатқан шығар. Еркелей бермей, жөндем жүр!» – деп қоям. Онымды тыңдайтын Қайрат бар ма?! Домалап бара жатқан қызылды-жасыл допқа көзі түскен қызыққұмар бала мысықтай арсалаңдап барып, әлгілермен таныса кетеді. Ыздиып тұрып амандасып, сызданып тұрып сұрақ жаудырады. Бас айналдыратыны бар сиқыршыдай «қарағым-шырағым» деп тұрып-ақ естен тандырады. Сүр бойдақтардың сөзі сүр қазының тұзындай екен ғой. Әп дегеннен сіңіп, әне-міне дегенше қаталата шөлдетеді екен. Қайратпен көшеде тіл қатысқан адам желімше жабыса қалады. Қарап тұрып жолдан қаласың, әйтпесе, бағыттап келе жатқан шаруаң жайына қалып, басың ауған жаққа қаңғып кетесің. Оны ертіп көшеге шығу басыңа қауырсын қалпақ киіп желге қарсы жүрумен бірдей, бәрібір айырылып қаласың.

Бірде Жаңыл апамның жұмысына хабарластым. Жарықтық қуанып кетті. «Әбішжансың ба? Мамаңнан хабар бар ма? Аман ба екен? Қарның ашып жүрген шығар. Жігіттерді ертіп, келіп кет. Ел жақтан үйткен қой келді. Сылқытып ет асып қоям. Әлгі біздің жүгірмекті өзің тауып алып, ертіп әкел. Ескертіп қоюға телефон жоқ. Өзі хабарласпайды. Таңертең кеткеннен көзге түспейді. Ысқырып-әндетіп, тауық шақыра бір-ақ келеді» – деді. Жұмекенге, Асқарға, Қалиханға, Есенжолға – тісі қышып, іші пысып жүр-ау дегендердің бәріне хабарластым. Ал Қайрат... Апам айтқандай. Ту қоянның құйрығындай жылтыңдап, ұстатпайды-ау, ұстатпайды. Түсте хабарласқанымда орынында отыр еді. «Рас, рас... Құйқасы бес елі бесті қой: «Мені жейтін қайсың бар?» – деп, екі-үш күннен бері біздің мұздатқыштың қақпағын сүзіп, арпалысып тұр. Кілең түлкі құрсақтар болып, жиылып кеп, сауабын алмайсыңдар ма түге?!» – деп кейуанасыған. Жұмыс аяғында соқсақ, «қалқатайдың» өзі де жоқ, ізі де жоқ. Көзі жоқ кісіні анау-мынау деу қиын ғой. Тіліміз қышып тұрса да, қыршып тістей қойдық. Уақытты құр өткізбей, «консилиумды» құрып жібердік. Ол – белгілі Бегей. Науқасының қандай екені де мәлім. Қыздар институтына соғып, екі-үш сағат табанын қыздырса, маңдайы жіпсіп, құлантаза болып айығып, құр атқа мінгендей құрағытып шыға келмек. Дәу де болса сонда жүр. Басқа ешқайда емес.

Екі «ала белдеу» арбаға бөлініп отырып, Гоголь ақсақалдың «ауылына» тарттық. Алдында ішке кіре алмаған бойдақ жігіттер сеңдей соғылысып жүрген атақты институттың аямай опаланған қызыл шырайлы бас корпусын айғыр азынағандай қылып, үрлемелі оркестр арсылдап-күрсілдеп басына көтеріп жатыр екен. Екі машинаны сыртқа тастап, білектеріне қызыл байлап, билет тексеріп жатқан алма мойын, шие ерін бойжеткендерге тілшілік куәлігімді көрсетіп, әзер ішке кірдім. Инеден де жіңішке жіптіктей өкшемен жалтыраған тас еденді өші бардай бет-жүзіне қарамай тақ-тақ қадап, тапсына басқан бір бойжеткен қос бұрымын бұлтылдатып, би болып жатқан залға қарай жүйткіп барады екен. Қуып жеттім. «Қарындас... қарындас...» Жалт бұрылды. Көп жабысқақтың бірі деді ме, қарақат көздерін жалт-жұлт еткізіп, үріккен құлындай, қаймыжық еріндерін қайшылай қарады. «Мына кештің ұйымдастырушыларының біреуін көруге болар ма екен?» «Ал, көрдіңіз, айта беріңіз». «Рақмет, айып етпеңіз. Сыртта екі машина күтіп тұр» Қыздың көзі кәрін шашатындай ежірейе түсіп барып, кенет ойына қорқыныш кіргендей, аяқ астында атыздай болды. Іштей жымиып қойып, сөзімді жалғадым. «Ішінде бір әйел отыр». Мірдей қадалған нәркес көздер жұмсарды. Қасында «үйелменді-сүйелменді үш баласы бар». Үні шықпаса да, «Уһ» дегені білініп тұр. «Жайлаукөлден бе, Ұланбелден бе әйтеуір, ауылдан келіпті». Қыздың көзіндегі қорқыныш жайбарақат таңғалысқа ауысқан. «Иә, сәт...» – деп, үзілген сөзді қайта жалғадым. «Оқудағы күйеуі екі жыл болыпты, хабарласпапты. Соның мына бидің ішінде жүргенін бір жерлестерінен естіпті. Балаларын шұбыртып, кіріп келмек екен. «Ұят болады», – деп, әзер кідірттік». Қарақат көз қарындасымыз қаһарына қайта мінді. Қатты пісіп кеткен қарбыздай тарс айырылды. «Қап, оңбағанды-ай! Аты-жөні кім екен?» Шатынаған көздері – Африкадай. Күйдіріп барады. Ытқырына шыққан ызғарлы сөздері – Арктикадай. Үскіріп тұр. Өлең оқитын қыз болса, танып қоя ма деп, қысыла-қымтырыла: «Жұмағалиев дей ме? Фамилиясы... әйтеуір аты – Қайрат», – дедім өп-өтірік күмілжіп. «Жарайды, күте тұрыңыз!» Сауап болғанда әлгі қыз логарифм болмаса, лирикаға көп бас ауырта қоймайтын сыңай байқатты. Залға кірісімен, оркестрдің дымы өшті. Үйді басына көтерген үнжарғы: «Осында Қайрат Жұмағалиев деген біреу жүрген көрінеді. Үш баласымен әйелі сыртта есік алдында тұр. Тез қарасын өшірсін!» Сол-ақ екен, жоғарыдан төмен қарай сұлаған мәрмәр баспалдақ аспаннан бұршақ себелей жөнелгендей тақ-тұқ етіп сытырлап қоя берді. Сүйріктей қос қара туфли жарысып ойнаған қос құлыншақтың тұлымшағындай құлтылдап, жұлдыздай ағып келеді. Туфлиден жоғарыраққа көз тастауға жүз шыдамады. Алтын қыстырғышы бар галстугын сықита тағынған сылқым жігіт зеңбіректің добындай зуылдап қасымнан өте шықты. Соңынан мен де жүгірдім. Алдыңғы машинаның алдыңғы есігін жұлқып ашты. Қуып жеткен мен арқасынан қармап, ішке кіргіздім...

Бұлқынтып отырып, тау етегіндегі шеткері көшедегі үйіне жеткіздік. Барған бойда қоян қуып келе жатқан тазыдай төргі бөлмедегі төсекке атылды. Былауға түсіп жатқандай тарс бүркеніп алды. Біз түгілі: «Қарағым, не болды?» – деп, асты-үстіне түскен Жаңыл апайымызға жақ ашпады. Тай жуасытқандай болып, пәлденіп келген біздер білектерімізді сыбанып, дастарқанға отырдық. Біріміздің сөзімізге біріміз киіп, көйітіп жатырмыз. Апам жарықтық мәз-мәйрам. Сақ-сақ күледі. Біз Қайратты тастай беріп, апамды мақтадық. Сосын ол пісірген тамақты мақтадық. Ауызымыздың суы құрып, өз ерінімізді өзіміз сорып, өз тілімізді өзіміз жеп қоятындай таңдайымызды тақылдата тамсанып, қылғына жұтындық. Дастарқан үстіндегінің бәрін, тұз екеш тұзды да, тіс шұқығыш екеш тіс шұқығышты да көпірте мақтап жатырмыз. Тұздан шығарып, Елтон мен Басқұншақты мақтадық. Ол екеуін мақтап ек, соларға тиіп тұрған Нарын құмы есіне түсіп, сақ-сақ күліп отырған Жаңыл апам: «Балпиған баттауығы қайран Нарын, самалын саумалдай қып сайрандадым, Нарынды кіре қыстап, шыға жайлап, жүр ме екен менің қайран, бауырларым?» – деп көзін сығып алды. Бұл әңгімені естіп жатса, Қайрат та шыдай алмас деп, төргі бөлмеге құлақ тігіп қоямыз. Тас меңіреуленіп алған. Өзі түгілі керуеті де тым-тырс. Сонда да күдерімізді үзбейміз. Кәуеп пісіріп жатқандай, қызыл сөздің сексеуілін үсті-үстіне көсеп бағудамыз.

Әңгімені қай-қайдан, қайым дүниеден бастайтын Қалихан сай-сүйегіңді сырқыратады. Оны Асқар жарықтық ерінін шүйіріп, одан сайын өршелене өрбітіп, «бұрыштап, дұрыстап, пәмдеп, дәмдеп» әрлей түседі. Әңгіменің неден туындап жатқанын ұмытып кеткен Есенжол: «Мә, бұларың дұрыс емес қой. Олай емес, былай ғой» – деп сөзге киліксе, манадан бері көзін тарс жұмып, тісін ақситып, сылқ-сылқ күліп, мәз болып отырған Жұмекен көршісінің санын бармағымен басып, төр жаққа көзімен ымдап, ауызын жұмып, басын шайқайды. Әңгімені тіс шұқығышқа аударып: «Tic шұқығыштың көкесі Қарқаралының аршасы көрінеді ғой», – деген кезімізде төргі есік сарт етіп ашылды. Бұлданған Қайрат қызыл жолақ шапанын көмілте жамылып, сирағы сидаңдап ауыз бөлмеге өтті. Шүмекті сарылдатып-шорылдатып жуынды. Қышырлатып тісін тазалады. Қорқылдатып-қорсылдатып көмейін тазалады. Біресе оң жағынан, біресе сол жағынан өз бетін өзі шапалақпен шарт та шұрт сабалайды. Сосын үстіндегі шапанын иығына желең тастап, шымшып буылған қаптың ауызындай қып, кіндігін шортитып, төргі бөлмеге өтіп бара жатып, кенет Қалиханды алай, Есенжолды былай бір итеріп, қақ төрге қаздиып отырып алды. Жеңді түріп, білекті сыбанып, мал соятын кісідей табақтың үстіне «иә, біссіміллә» деп, төңкеріле төніп отырды. Намаздың алдында дәрет алатындай шарта жүгінгенімен, шаруасы белгілі екен. Сол алақанды жайып жіберіп, оған оң  алақанымен әуелі қаракесек ет, сосын құйрық май, сосын қазы-қартаны қабаттап салып, оны туырлықтай іңкәл нанмен қымтап, білезік тұстан сұқ саусаққа қарай бас бармағымен нұқып жіберіп, қылғытып кеп жіберді. Бұл – сабаздың ет жегені. Сөйтіп, үйме табақтың орта тұсы еңсеріле, майлыққа керенау қол созды. Кәрлен кесені алып, ортасына жетер-жетпес қылып, сорпа құйды. Қалған жерін қатқан уыздай дірілдеп тұрған қою қатықпен толтырып, асықпай-үсікпей ауызына апарды. Бұл – шіркіннің сорпа ішкені. Оны қақшып салғасын «Құдай, баяғыдағыдай араның ашылып тұратын кез емес. Тойсам, торғайдай тамағым жоқ» – деп, танауын делдитіп, ерінін жымқырып, мекірене күліп, алақанын жайып, қасындағыларға сығырая қарайды. Ол – бата сұрағаны.

Еттен кейін апам шай құяды. Қайраттың пияласына әуелі сүт толтырады. Соның үстіне исін бұрқыратып бір-екі тамшы қаракүрең шай тамызады. Бұл көкеңіздің – шай ішкені. Сосын ол бұлттан шыққан күнге ұқсап, шікірейіп кеп отырады. Әрі-бері бір қарап қояды да, әңгімеге араласады. Бұл – ашуының басылғаны. Көңілінің ашылғаны. Ол жадырағасын қалғандарымызға не жорық?! Кеу-кеулей жөнелеміз. Қалихан Жаңыл апамның келін жұмсайтын, немере сүйетін кезі келгенін айтып, майын тамызып сөз қозғайды. «Иә, дұрыс айтасың, қырықтағы жігіттің жиырмадағы ұлы болсын деген ғой», – деп апай қуаттайды. «Елуге дейін тілі салақтап, түн баласы ел ақтап, көп қыдырған қаңғыма шалдың ербеңдеген көлеңкесі мен ерқара қылып ерте салған мәужіреген кемпірсымағы болады», – деп Асқар сықылықтайды. Көзін жұмып, аузын ашып, қаралай мәз болып отырған Есенжол: «Мә, әйел дегеннің керек жері көп екен-ау өзі», – деп кемеңгерсінеді. «Иә, бұл біледі!» – деп, Жұмекен мырс етеді. «Ондай әзәзіл әңгімелеріңді қойыңдар, түге... Қырыққа жетпей, қызығымнан айырылып, қыршын кетер жайым жоқ», – деп Қайрат кергиді. Екі иық тұсын саусақ ұшымен шым-шым ұстап желпініп қояды.

Оны көндірмек болып істемегеніміз жоқ. Есіктен кіріп келе жатқанда бесіктегі жыламаған баламызға: «Күні-түні шапқылап, болма, балам, ақымақ, тезірек жігіт болғайсың, Қайраттан бұрын қатын ап!» – деп сарната әндетіп, әлди де айттық. Оған қыңатын Қайрат жоқ. Азынатып қоңырау соғады. Тарсылдатып есік соғады. Бұлданып аттайды. Тұлданып амандасады. Талтайып тұрып, аяқ киімін шешеді. Шалқайып тұрып төрге шығады. Көсіліп тұрып ұйықтайды. Ұйқысы қанғасын үсті-басын қағынады-сілкінеді.

Айнаның алдына барып, алай бір ежірейеді, былай бір күжірейеді. Сосын: «міне, дұрыс!» – деп, айнадағы өзіне кісімсіне бір қарайды да, ысқыра әндетіп шыға жөнеледі. Би іздеп кетеді. Бұрын маған: «Тамағыңды пісіретін апам бар. Киіміңді жуып беретін быткомбинат бар. Сұлулық көру керек болса, сурет галереясы бар. Өз басыңды өзің ноқталап, ерте үйленіп нең бар еді. Қызметте – партконтроль, түзде – нарконтроль, үйде – женконтроль: кіл «контрольдің» ортасында жүр солай Валентина Гаганова иірген жіптей есіліп, жіптіктей болып», – деп ұрсатын.

Құдайдың құдіретіне сөз бар ма?! Бір күні ақ пен қызылдың арасында кіріп келіп, ігір де жоқ, мігір де жоқ: «Мен үйленем. Құдалыққа сен барасың», – дегені. «Қашан?» «Алдағы жексенбіде». Тентектен тез хабар деген осы. Уәделі күні – түске дейін тым-тырс. «Әлгінің айтып жүргені өтірік пе, шын ба?» – деп шыдай алмай, үйіне бардым. Әулиенің жалауындай қылып екі-үш машинаға әлекей-күлекейлеп лента байланыпты. «Қайрат қайда?» «Ұйықтап жатыр» «Қашан барушы ек?» «Төртте». «Қазір қанша?» «Үш». Ішке өтсем, Қайрат төргі бөлмеде шырт ұйқыда. Жалаңаш төсін тау жақтан ескен самал лепке төсеп, мажыра боп шалқасынан жатыр. Ұлмалап-жұлмалап, әзер ояттық. Жабылып жүріп, әзер киіндірдік. Қалыңдықтың шыққан үйінің иесі – институт мұғалімі екен. Бізді күтіп қалса керек. Үйіндегілер терезеден, балконнан жылт-жылт сығалап қояды. Кіреберісте күйеу жігіт мені иығымен қағып, ысырып тастап, өзі алға түсті. Үшінші ме, төртінші ме – жоғарғы қабатқа көтерілдік. Оқтаудай тікірейіп тұра қалды. Қоңырауды өзі қақты. «Ассалаумағалейкум!» Айқайлап сәлем беріп кірді. Төрдегі дастарқан құрулы бөлмеге өтті. Босағаға тоқтамай, төрге қарай адымдады. Алшайып кеп отырды. Терезеге қарап: «Хороший вид», – деп тамсанып қояды. Өзі емес, менің құда екенімді ұмытып кеткенін сездім де, босаға жақтағы орындыққа жайғаса салдым. Қалыңдық көрінбейді. Қалғандары маған: «Ұялма, қарағым. Не ішесің, не жейсің?» – деп, бәйек болып жатыр. Табақшаға салынып бас әкелінді. Қайрат бала сүндеттейтін молдадай пышағын жалаңдатып, өзі жайғап жатыр. Ас соңында сұңқылдап, өзі бата берді. Құрақ ұшып жүрген қыз-келіншектерге иегін бір көтеріп қойып, бетін сипады. Бұйым сұралды. Тойдың бүгін екені айтылды. «Келіңіздер», – деп шақырылды. Менде үн жоқ. Ақырына дейін шыдайын деп, босағаға қарай ығысып тұрып, төрдегілерге жол бердім. Жамырай қоштасып, құдалар қалды. Жадырай күліп, біздер кеттік. Арада екі сағат өтпей, Жазушылар одағының асханасында той басталды. Есік алдында құдаларды алдарынан шығып қарсы алдым. Аяғым аяғыма жұқпай құрақ ұшып жүрмін. Олар мені, өзімсініп, айналып-толғанып жатыр. Күйеу баламыз осы екен деп жүрген сыңайлы. Күліп жібермей, әзер шыдап бақтым.

Алдарына түсіп, орындарына әкеп отырғыздым. Сосын күйеулер тұрған бөлмеге кетіп, оларды жетектеп әкеліп, өз орындарына жайғастырдым. Құдалардың көздері атыздай. Тамада болып той бастадым. Сонда барып құдалар жағдайға түсінді. Алғашқы үзілісте бәріміз қыран-топан күлкіге баттық. Бақсақ, баяғыда Қайрат талағы тарс айрылып, көрпесін тас қып жамылып жатқанда Қарқаралының аршасы туралы айтылғанда, тосыннан атып тұруы тегін емес екен. Болашақ қалыңдығы София Қарқаралының қызы болып шықты.

Содан бері Қайратты көргенде сол бір албырт шағымыз еске түседі. Бір-бірімізбен аямай қалжыңдасып, бірімізге біріміз еркелеп, біріміз бірімізге сүйкенбей жүре алмайтын қимастығымыз ойға оралады. Көз ашпай жатып, соғыс килігіп, жетімдікке, жоқтыққа ұрынып, еркелейтін ешкіміміз болмай, ойынымыз қанбай, бұйығы өскен біздер Алматыда танысып, арман үстінде табысып едік. Бірімізді біріміз көргенде ешкіміз тауға жайылғандай болушы еді. Қимастығымыз бен сыйластығымызды бәрінен жоғары қоюшы едік. Өткен жанып, өлген тірілгендей, қайта көтерілген қара шаңырақтардың алғашқы қуаныштары мен қызықтарын бірге бөліскен, бір омартаның бал араларындай есіл боздақтардың көбінің көздері жоқ екендігін ойлағанда, өз топырақ, өлең төсегіңнен өзге жаққа ауып келгендей, жүрегің шымырлап қоя береді. Жұмекен мен Жүсіптің күзге қарай түстікке оралған қаздай сұңқылдаған домбырасын, Асқардың тотияйындай ойып түсер уытты ойлары мен ұстарадай тіліп түсер қыршаңқы қалжыңын, Меңдекеш пен Қабиболланың мақтадай жұмсақ, миуадай тәтті әдемі әзілін, Мұқағалидың айлапат нар тұлғасы мен қылдырықтай нәзік сезімін, Төлеген мен Сабырханның ақкөкірек сыршылдығы мен шыншылдығын, Зейнолла, Мағзом мен Маршалдың бәріне түсініп, бәріне шыдайтын марқасқа төзімін, Берекет, Мекерия, Нұн, Санбайлардың қаралай масайратар бауырмалдығын сағынасың. Тұтас бір дәурен енді оралмастай болып өтіп кеткенін сезінесің. Оның өзі өтіп кетсе де, елесі жадыңа оралып, жанынды тербеп жүрмесе, ауызына емізік тимеген жетімек сәбидей әбден жеміріліп, келеге келе алмас едің.

Адам болмысының сол шипасы бүгін бар да ертең жоқ сылдыр уақытпен, жұмыр баспен бірге ғайып боп кетпесін деп, әсерлі сөз, әдемі тіл берілген. Ол бірін-бірі кекеп-мошқап, сынап-мінеп жүру үшін емес, онсыз да оңды-солды тоналып, қапаланып жүретін мұңдар көкіректерге мейірімнен нұр сеуіп, ізгіліктен із тастап, шипа дарытып, емдеп-демдеп жүру үшін берілген. Осыны түсінген ақын мен жазушы адамгершіліктің балгері болып табылады да, түсінбегендері жай әншейін тіл безеген, тіс кезеген кісілігі жоқ кісәпірлер болып шығады. Ақыл тістен айырылып, азу тістері андыздаған арсыздыққа біткен қызыл тіл өмірді жүдетіп, көңілді күйзелтеді. Жылата білсе де, жұбата алмайды.

Оны ұғыну үшін де адамдар талай гәпті өз басынан өткерулері керек болады. Қайрат Жұмағалиев – дәл сондай адам. Дәл сондай ақын. Мен бұны онымен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен адам ретінде анық көзім жетіп айтып отырмын. Ол, сыртынан қарасаң ханның баласындай болып, мұнтаздай киініп, мүлтіксіз сөйлеп, мұқият қимылдайтын сырбаз адам. Кейде маңдайын күн, табанын құм күйдірмеген байбатша сияқтанып жүреді. Ешқашан ештемеден тауы шағылып көрмеген еркетотайдың нағыз өзі сияқтанып көрінеді. Жарқ-жұрқ сөйлеп, жалт-жұлт қимылдап, қарқ-қарқ күледі. Қайғы-мұңнан хабары жоқ қарқалазы жандай. Кейде мұнысы ойыны ма екен, шыны ма екен деп, аңырып қалған кездерім де аз емес. Бірақ, бұл сұраққа оның өзі де жауап бере алмайтынын түсінемін.

Өйткені, бұл – расында да оның әрі ойыны, әрі шыны. Дүниеде ақи-тақи дұрыс та жоқ, теріс те жоқ қой. Бәрі де топыраққа түсіп кеткен миуадай дүние ғой. Тәттіден дәм татқың келсе, әуелі оны тазалап ал. Әйтпесе, қоқыс асайсың, не бұйырмыстан иманды ауызың, сылп етпей құр қаласың.

Қайрат – осы қарапайым шындыққа баяғыдан қаныққан адам. Ол адамның бірінші міндеті – қуана білуге үйрену деп есептейді. Ол өмірден қуаныш іздейді. Адамдардан жақсылық күтеді. Табиғат тек құдіреттен тұрады деп біледі. Ол бақытты біреу әкеліп береді деп ойламайды. Бақытты бола білуді, бақытты адамдай ойнап-күліп жүре білуді мұрат тұтады. Суреткердің қай-қайсысы да талантты актер. Оның әр кейіпкері – әрқилы актерлық амплуасы. Ақын да солай. Оның әр өлеңі – қырық құбылып отыратын көңіл-күйінің енді қайталанбас бір тұсы. Қайрат Жұмағалиев те солай. Бірақ, трагик те комик те емес. Екеуінен де жоғары, екеуінен де қиын бақытты адамның рөлінде тапжылтпай жүре алатын тамаша актер. Қартайса да, өліп-өшетін ғашық болуды қапысыз бейнелейтін қалтқысыз лирикалық қаһарман сияқты. Сәл нәрсеге масайрай қуанып, сәл нәрседен мәз-мәйрам жасай алады. Бұл оның таланты ғана емес, табиғаты. Өнері ғана емес, өмірі. Суреткерлік ұстанымы ғана емес, адамдық өмірлік кредосы. Өлеңді оның құлағына періште сыбырламайды. Өзі іздеп табады. Көріп жүргендері мен көңілге түсіп жүргендерін сезім таразысына қайта-қайта тартып жалықпай парақтау арқылы табады. Елекке салып құм елеп, алтын айырғандай, саралап отырып табады. Сондықтан да ол поэзияны адам көрмеген некен-саяқтан емес, күнде көзге ұрып тұрған үйреншіктіден түртінектеп отырып қарастырады. Үйреншіктіден үйдей пәлені ғана көріп, үйдей жақсылық пен жарастықты көрмей кетуден сақтандырады. Ақын да – алтын жұмыртқа таратқан асыл тұқымды тауық сияқты ғой. Ол, бірақ, ондай асылды кез келген күні кез келген жерден апыл-құпыл асай салмайды. Ондай тау-тау болып үйіліп жатқан мол игілік пен мол ізгілік, таудай бақыт пен көлдей ырыс қайдан кезігіп, қайдан табылмақ?! Ондай жақсылық күнделікті тіршіліктің көп күйбеңінің арасынан күл арасындағы тарыдай бірде кезігіп, бірде кезікпей, жігерді құм қылып барып, аса сирек ұшырасады. Сол аздың өзіне қанағат ете алған сабырлы жүрек қана адамдарға адал қарап, абзалдық істей алмақ. Пайдаға шаш-етектен көміліп, кеңірдектей тойынған соң ғана сарқытынан сауға беріп, қалғандарды қарық қыламын деп ойлайтын қараулар кең дүниені тарылтпаса, жарылқап жарытпайды. Қайыр тек қанағатқа бітеді. Пайғамбарлар ақылы тасып бара жатқандықтан ақыл айтпайды. Мен білгеннен қалғандар қапы қалып жатқан жоқ па екен деп уайымдайтын қайырымдылықтан айтады. Суреткерлер де солай. Іштегісін бүгіп қала алмайтын адалдар. Барымен бірге бөлісетін сақилар. Ақындық дегеніміз – Құдаймен тайталастырардай құдірет, ібіліспен арпалысатындай аруақ емес. Ол – тікенек гүлге тұмсығын тығып, тіміскіленіп жүрген бал араға бұйыратын болмашы шырындай ләззат. Сол болмашы шырыннан ғана омарта толтыратын бал жиналмақ. Бірақ, сондай мардымсыз екен деп, күдер үзіп не тоқмейілсіп кеткен сабырсыз сана, ашқарақ пиғыл, тоғышар көкірек өзге түгіл өзін де қарық қылып жарымайды. Сондықтан да Қайрат: «Жайдары жазда сырласып гүлмен, талайын соның өлеңге қостым... Алдына барып балауса жырмен, құрбымнан жылы лебіз де тостым... Абайдан кейін жыр жазып жүрген бізде де ес бар дейсің бе, достым?!» – деп ағынан ақтарылады. Бұндай бұлтартқызбас ақиқаттан шын суреткер апшымайды. Өйткені, ол да бармағынан бал таматын зергер сияқты. Өмір бойы көз майын сарқып, түртіншектеп өткені. Жарық дүниеде ағыл-тегіл ақтарылып жатқан ақиқат айдыны жоқ. Тау-тау болып қаттала жиылып тұрған ас та төк шындық та жоқ. Бәрі де алтын мен күмістей шым-шымдап өніп, мысқалдап өлшенеді. Ағаштағы мәуедей, бұтақтағы жидектей, қауыздағы дәндей...Майда-майда жолығады. Әсте-әсте дәм татып қана қадіріне жетілесің. Ол да, міне елу жыл бойы ерінбей-жалықпай жарық дүниенің дәмі аузыңнан кетпейтін миуасын теріп келеді. Сондықтан ол «еңбекқор жанда өзгені күндеуге мұрсат болмайтынын» біледі. «Құдіретті мынау уақыттың жырын жаттап ап, тақылдап тыным таппайтын сағаттың тілін» түсінеді. Сондай жан: «жанарынан жай атқан тап болып оқыс бір сұлу – сол еді мені оятқан... әдет боп кетті күрсіну; қап-қара жалын өртеген – шарасыз маздап жанып ем; өртеген мені еркем ең, ұқпай жүрмін әлі мен; жүрмін-ау тірі әйтеуір, ақыл мен сезім арбасып, серпілем түбі қайта бір.. жүрмін ғой әзір жер басып.. айықпай ғашық дертімнен... өз басым азап шектім кеп, содан ба – тұрмын өртіңе біржола күйіп кеткім кеп... кезім жоқ көңілім жайланған, сырымды сыртқа аңдатпай, келемін шыдап майданнан жаралы қайтқан солдаттай», – десе, қалай сенбейсің. Қаймақтай уылжыған уыз сезімнің қалтқысыз сыры ғой! Сондай сезімтал жүрек: «Атырау мен Аралым – Ер Даламның жайнаған қос жанары секілді едің; көп күдік көңілімді кісендемек... тек қана жаратқаннан күтем медет; шынымен ел аманда өр даламның бір көзі оқыс ағып түсе ме деп?!» – күйінсе, сен де бірге күйзелесің. Көзге ұрып тұрса да, көңіл түйе бермес түйсік. Сол мазасыз сана: «Қарасын көрмесем де жетер шыңның, қатерін сезбесем де өтер сынның, жыл өткен сайын (тіпті ұға алмадым!), әйтеуір – сезікшілмін, секемшілмін; білмеймін желең күннен безіндім бе, өтті ме сол бір желбас кезім мүлде; болмаса – мен көтерер уақыт жүгін енді ғана шын айқын сезіндім бе; секілді өткен күннің өкпесі көп, ойсыз, қамсыз күндерді көп кешіп ек; елегізем талпынған сайын арман биіктеп бара жатқан жоқ па осы деп; жалғыз жүрген адамдай жел өтінде кейде тоңам талма түс әлетінде; жыл өткен сайын тіпті көктем-дағы маған ылғи кешігіп келетіндей», – деп тебіренсе, имандай ұйыйсың.

Иә, сылдыр уақыт шылбырын сүйретіп маңып барады. Қайда барады, қайда апарады, әлде жол-жөнекей итере салып, кете бара ма – оны өзі біледі. Бірақ, оған, уақытқа ренжитін де рет жоқ. Қиыр батыстағы Нарын құмында, Бөкей ордасында, шырылдап дүниеге келген жас сәби төрт жасқа шығар-шықпасында әкесі майданға аттанып, басқыншы жау ауылдың іргесіне келеді. Сталинградтың дүрсілінен шаңырақ шайқалып тұрды. Қанқұйлы найза үзіктен шаншылып тұрғанда, алласы жар болып, аман қалған-ды. Сегізден енді асқанда етек-етек құмаршық теріп, уыс-уыс бүлдірген жиып жүрген Айбас құмы адам көрмеген алапат қарулардың сынақ алаңына айналып, ғасырлап жайлап келе жатқан рулы ел қара орын, қалың қауымнан тірілей айырылып. Теп-тегіс жүк вагондарына тиеліп, көз көрмеген тосын аймаққа көшірілген еді. Айқай соғыс кете сала, күткен жеңіс жете сала...Сонда талай жұрт көрер жарықтан, келер жақсылықтан қаралай күдер үзген. Сол шұбырындының ішінде аңырата ән салған анасы Жаңылдың аяқастынан суырып салып айтқан қайғылы қара өлеңін қағып алып жаттап, сүліктей сұлу қара торы бала Қайрат та кемсеңдеп кете барған. Мырзашөлге жеткен соң да, шыжыған күнге, көмейді қапқан май топырақ шаңға үйренбеген талай мүскін шыбындай қырылған. Сидаңдаған қара бала арам шөп отап, бұзау қайырып, мақта терген анасының етегіне орала жүріп, одан да аман қалған.

Оны адам еткен де осынау аналық махаббат еді. Арқа еті арша, борбай еті борша болып, күн-түн жұмыста жүріп, жалғызының жанын қалқалаған аяулы ана еткен адал еңбек пен ащы тер еді. Сондықтан да Қайрат желді күнгі түндіктей желпілдемейді. Борбайдан қан саулатып бұта тіліп, шөкімдеп мақта жинап, тілімдеп кескен тандыр нанмен нәрем айырған сәби көкірек жүрегіне жыр боп тұнар сұлулық пен ізгілікті аттап бастырмас айырт жыныстың арасынан ақық моншақ тергендей, үңіле қарап, үздіге іздеп жүріп табады. Тән ырзығын солай іздеген адам жан рахатын да солай іздейді. Таудай кеселге мойымаса да, сәлдей ізгілікке мәз-мәйрам боп қуанады. Қиянатты еңсеріп, жақсылықты тебірену – ақындықтың ауызыңа тосар ақ құты. Сондықтан да ол адал жеген нан мен айнымас ыстық ықыластың жыршысы. Адамгершілік пен мейірбандықтың жыршысы. Оның сөзіне жазылған әндердің көңілге қона кететіні де сондықтан. Тайма жолыңнан, танба бағытыңнан, алға тарт, ақпейіл ақын дос!

Әбіш Кекілбайұлы

2007 жыл