28 жел, 2016 сағат 14:37

Көріксіз ойдан көркем тіл тумайды

Қисық тілді шығарма сақау адам секілді, кәрі құлақты кеседі, жас құлаққа жаман үлгі болады

   Ілияс Омаров

  Тіл – жанды құбылыс. Қоғам дамыған сайын оның сөздік қоры басқа тілден енген  жаңа сөздермен, байырғы сөздердің жаңа қолданысқа түсуімен толығып, жетіліп отырады. Қоғамның саяси және экономикалық өзгерісі тілдің ұлттық сипатына әсер етпей қоймайтыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, сөздік қордағы толығу мен жетілу бағытының мақсат-мүддесі тіл жанашырларының алдында күрделі мәселелер туындатады. Қазақ тілінің Мемлекеттік мәртебесінің құрметтелмеуі, қазақ пен қазақтың қазақша сөйлеспеуі, ғылым тілінің жаппай қазақиланбауы, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге құлықсыздығы секілді әзірге шешімі «күмәнді» көкейкесті мәселелер жаңа ғасырымызда да маңыздылығын сақтап тұр. Жазушы Марал Ысқақбайша айтсақ:

  - ...Біздің ана тіліміздің мәртебесі үшін, оның тазалығы үшін күресіміз тарих бетінде жазылып қалған деректерге қарағанда, анық он ғасырға созылған екен. Міне, бүгін біз ХХІ ғасырдың табалдырығын аттағанда бұл мәселе бұрынғыдан әлдеқайда өткірлеу қойылып, күн тәртібінде және тұр /Марал Ысқақбай. Он ғасырға созылған күрес немесе «екендік» деген сөз бар ма? Қазақ әдебиеті, 03.02.2006/.

  Әрине, тіл тазалығы үшін күрестің ұзақтығы көңіл көншітпегенмен, оның үдемелілігі көңіл қуантады. Өйткені жоқтаушысы, қамқоршысы бар тіл - өміршең. Бірақ тіл тазалығының деңгейі сөйлеу немесе ақпарат құралдарының тілімен ғана межеленбейтінін ескергеніміз жөн. Тілдің шынайылығы, құдіреттілігі, қадыр-қасиеті көркем шығарма тілінде ғана айшықталады. Көркем шығарма өнер туындысы десек, сол туындыны сомдайтын, халықтың рухани азығына айналдыратын өзегі – тіл. Жазушының көрікті ойы көркем тілмен берілсе, сурет пен образды оқырманның өзі-ақ сұрыптап алады.Өткен ғасырдың көркем шығармалары осындай құбылыстарға толы болды. Біз сөз тіркесі мен сөйлемдерден сурет көріп өскен оқырмандар қатарын толықтырдық. Сұңғақ денелі, сұлу емес, сүйкімді, ұяң емес, ашық, ордаң емес, әдепті (Ғ.Мүсірепов), жыртық көз дәу қара; үмітпен ұйықтап, үреймен оянған (А.Нұрманов), мұрнын бет, құлағын ауыз етіп жіберу (Т.Нұрмағамбетов), әннің өлімі - өлім, аттың өлімі – қаза; елдің  өңменіне бесатар  кезену- еміп отырған үрпіні шайнағанмен бірдей (А.Сүлейменов), жұлығынан жұлынына дейін қыңыр (О.Бөкеев), екі көзі бірін-бірі көріп тұрған сияқты; жуан ерін табақ (Ж.Нәжімеденов), хан құшағында қалтырап жатқаннан гөрі, құл құшағында құтырып шыққан (Ә.Нұрпейісов), малшы болса да итаршы болмаған кедей; өз ішінен үндемей тынып, уланып ойланды (М.Әуезов) секілді оралымдарды тудырған жазушылардың талғам деңгейіне таңданатынбыз. Бұлардың бәрі - Абайдың қиыннан қиыстырған талғамы. Осындай талғампаздығы жоғары кезеңнің өзінде «Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармаларының тілі» атты конференция ұйымдастырылып, сексеннің сеңгіріндегі Ғабит Мүсірепов «Ана тілін анамыздай ардақтайық» деп баяндама жасаса, көркем әдебиет тілінің бүгінгі жай-күйін болжап, сол үшін алаңдағаны болар. Ол кезде көркем шығарманың тілі әдеби сынның басты назарында болды. Тілдік норма жазушы тарапынан қатаң сақталып, сыншы тарапынан қатаң бақылауда ұсталды. ХХІ ғасырдың көркем шығармалары бұндай ұстанымнан алшақтай түскен секілді. Дәлел ретінде жаңа ғасырдың оншақты жылы көлемінде жарық көрген үш әңгіменің тілін мысалға келтіруді жөн санадық. Үшеуі де әр жылдарда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген. Біріншісі – Айгүл Кемелбаеваның «Тобылғы сай» әңгімесі /ҚӘ.18.02.2000/. Әңгіменің идеясы, тақырыбы, көтерген мәселесі туралы пікір айтудан аулақпыз. Әңгімедегі саналық қисынға үйлеспейтін ой мен тілдік нормадан ауытқыған тұстарды ғана талдап ұсынуды мақсат тұттық:

- ... Ол тамағы құрғағасын, жас пішеннің шетінде(?) жайғасып, дәм оралған дорбасын ашты. Ішінен ет пен бауырсақ, қияр мен сәбіз алып жеп, әлденіп, сусынға айран жұтты.

-... Үлкен әтеш ұшып жеткенде(жас пішенге)әлдебір ұлы сағынышқа елтіп, дарқан даланың қасиетті түгіне аунап-қунайтын тәрізді.

-... Бижан түнгі бірдің ұйқысына шомып,жарты сағаттай қалғып кетіпті.

-... Балам-ау, осының не(?), сандалып түнге дейін жүріп?! Шала ес болып өзіңді әрең таптық, тәуба,-деді анасы.

-... бензин бензонасосқа мүлде жетпеді. Машина биік сайда(?) тоқтады... Шопыр тетігін біледі, тез жөндеп, жүрмей тұрған машинаға оталдырып, ауылға айдап келді.

   Бұл үзінділердегі авторлық баяндаулардың көріксіз  ойларға толы екендігіне әңгімені оқып шыққан әрбір тұлға төмендегіше уәж айтар еді:

- Тамағы құрғаған адам алдымен ет, бауырсақ, қияр, сәбіз(?) жемей, бірден сусын ішер еді ғой;

- Әтештің далаға деген ұлы сағынышы қайдан, қашан пайда болғаны таңғалдырады;

- Ұйқыға шомған кісі қалғымайды, ештеңені сезбей ұйықтайды;

- Баласының шөпке кеткенін білетін ананың «сандалып» жүрсің деп ренжуі мүмкін емес қой;

- Бензині таусылған көліктің моторын ауыстырсаң да жүрмейтінін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі.

 Жазушы қай ғасырдың оқырманына шығарма ұсынып отырғанын, әңгіме жанрына қойылатын талаптардың жоғарылығын өз деңгейінің өресімен өлшеген сияқты. Ой кереғарлығымен қатар тілдік норманың барлық салада /лексикалық, грамматикалық, стильдік тұрғыдан / бұрмалануы автордың ана тіліне деген «жауапкершілігінен» мағлұмат беретіндей. Пейілі толысу, сап тиылған хош иіс, шалғынды тиеу, жас пішеннің шетінде жайғасу, биік сайда тоқтау, балапанын шұбату, есіл-дертіңді қаузау, терезесі жоқ есіктің саудырауы, байлап алып әкелу, бұлттың көгеруі, көзі атыздай болып бақыраю т.б., зорлықпен байланыстырған сөз тіркестері мен жасанды фразеологизмдер тіліңді күрмейді.

  Екінші әңгіме – Оразанбай Егеубаевтың «Тажалы» /ҚӘ.31.03.2006/. Әңгіме «Қап-қараңғы түн. Көзге шұқыса көрмейсің» деп басталады. Қазақтың көзге түртсе көргісіз түні ғой. Шығарманың басты тақырыбы – адамның жазықсыз аңдарға тажал болып келуі. Әңгіме- әңгіме емес, ертегі тәрізді.Кейіпкерлері – Қоян мен Марал. Қоян болғанда қандай, «Бейберекет сүйісу, ақақай- уақақай, жезөкшелік оған керек жоқ. Момындық пен білместік жан иесінің түбіне жетеді.Оны да ескермейтін» қоян. «Қанағатшыл, қорықса ытқи безе жөнеледі. Қатерден қашу арқылы құтылуды білетін» қоян. Сөйте тұра, «Жол соққан болдырған адам осылай ұйықтайды. Қоян секіріп оның үстіне шықты. Тік тұрып сол жерде ана жақ-мына жағына қарауыл қарап алды. Бәрі де баяғыдай екен. Ыршып ұясының алдына түсті. Ыршимын деп аяғын серпе тепкенде ... екпіні ұйқышыны оятып жіберген» қоян. Адамның қолына түскенде «Қараңғы түнді қақ айыра баж еткен» қоян. «Қоянның құлын да-құлын шырқыраған жанталасты ащы шарылы бүйірдегі орманда бұзаулап жатқан маралды жүрегіне біз пісіп алғандай селк еткізді» деп Маралдың ғажайып әлеміне жетелейді. «Тобылғы сай» мен «Тажал» әңгімелері ой кереғарлығы жағынан бір-бірімен үндеседі. Екеуі де жаңа ғасырдың «жаңа қазақтарына» арналғандай. Екеуі де «Мен не деймін, домбырам не дейді?!»- нің кебін киген.

  Марал да тегін марал емес. «Әлі де біле алмай тұр. Мынасы да ұрғашы бұзау еді. Тұңғышын қойып, екіншісі де балалы-шағалы болып кеткелі қашан. Әкесін қойшы, бүгін қасында сол балалары мен жиендері де жоқ, Алды-алдына телім-телім кеткен. Дүние деген шіркіннің опасы осы болғаны ма?! Мұны ойлағанда жүрегі қасіреттен тілінгендей ойсырады. Ана көңілі балада. Бала көңілі далада»,- дейтін марал. Автордың  бап- баяғысындай мамыражай, жауыз иіс емес, тағы ұқсай да қалды,  дамыл-дамыл толассыз, ағыл-тегіл төгіліп, мөлдір көзін жаутаң-жаутаң қайта-қайта қадап, сенделіп барып тұрып кетті секілді қолданыстары көзге оғаштау көрініп, ... сөз тіркестері мен сөйлем құрылыстары ыдырап, бір-біріне көлеңкесін түсіріп тұратын сөздер өз мағынасын дәл баспай, екі оқты болып, ауытқып шығады /Ғ.Мүсірепов/.

  Әңгіменің үшіншісі – Серік Нұғыманның «Қамалы» /ҚӘ.11.03.2011/. Әңгіменің жазылу әдісі - өзгеше. Ешбір адамның есімі берілмейді. Сырттай таныс, іштей бейтаныс қыз бен жігіттің кездесуі, жігіттің отырған қалпындағы қыздың бейнесін ойша суреттеуі төңірегіндегі авторлық баяндау желісіне құрылған. Оқиға жоқ. Жігіттің іштей толқуы, толқи отырып қыз бейнесінен қол жетпес бақытын көріп, төбесінің көкке екі-ақ елі жетпей шаттануы. Қызымыз да « ...көптен бері арманына айналған- ай маңдай ару. Екі көзін төмен салып уылжи үлбірейді». Жазушы адам баласының танымындағы шынайылық пен сезіктіліктің алмасу үдерістерін қарама-қарсы отырған екі адамның біреуінің санасынан өткеріп, екіншісін әңгіменің соңына дейін әрекетсіз отырғызса да, оқырман уақыттың қалай өткенін байқамай қалады. Бар болғаны мамандық төңірегіндегі бір сұрақтың екі рет қайталанып, бірі толық, екіншісі аяқсыз қалған жауап болмаса, қыз бен жігіт сөйлеспейді де. Бірақ оқырман екеуінің түсінісіп отырғанына сенімді. Жігіттің ойындағы бейнелеу қыз қалауынан шығып, «Талайдан арман болған- ақ дидарлы ажарлы жүз ақ маңдайын бері беріп, ешбір боямасыз, табиғи қалпында көз үйіріп күлімдеп отыр». Қыз портретін осы қалпында қалдырғанда әңгіме желісіндегі тіл көркемдігі қалыпты деңгейін сақтап, ой тұтастығы құбылмас еді. Егер «Қабақпен қоса қарлығаш құйрық қасты да кері тартқанда, керіліп, кеңейе түскен жазық маңдай ашық, әппақ, кіршіксіз уыз жүзге ерекше әр беріп, айнадай айдындып, жарқыратып жіберіпті» теңеуі болмағанда, қыз келбеттілігі солғындамас па еді. Қарлығаштың қанатына телініп келген дәстүрлі теңеу жазық маңдайдағы аспанға шапшыған қарлығаш құйрықты қасқа ауысқанда уыз жүзге әр бере қоюы екіталай-ау. Ай маңдай, жазық маңдай аруымыздың суреті «Пешененің етегіндегі сүрмелі қос доғаның қосылған тұсынан тік төмен ағып түскен жіңішке қыр мұрын тым  сүйкімді, астындағы соңғы үлгідегі қызыл күлгін түске қаныққан ұйық ерінмен біте қайнасып уылжып тұр» бояуымен қанықтырылып, қарауға қымсынатындай күйге жеткен. Маңдайына жазылған немесе пешенесіне жазылған тұрақты сөз тіркесіндегі «пешенені» «маңдаймен» тікелей ауыстырып алу- қайталаудан қашудың жолы емес. Қарлығаштың құйрығы қос доғаға ауысқанын да оқырман қалт жібермейді. Теңеудің ең көріксіздігі – мұрынның ерінмен біте қайнасып уылжуы.

  Міне, үш қаламгердің үш әңгімесіндегі тілдік нормаға қатысты түйткілдер осылай өрбиді. Сенгің келмесе де, шығарма мәтіні өзгермейді. Таралымы он мыңнан төмендеп көрмеген «Қазақ әдебиеті» газеті оқырмандарының тең жартысы оқығанның өзінде, қаншама жанның көңілінде күпті ой қалғаны белгілі. Әйтпесе, сайдың биік емес, терең; балапанын шұбату емес, шұбырту; көзі атыздай болудың өзі – бақыраю екенін жазушы білмесе де, ана тілін ардақтайтын әрбір қазақ ажырата алады. Ауызекі сөйлеу тілі арқылы тіліміздің тазалығын сақтап қалу мүмкін еместігін ұғынған жөн. Ғылым тілі де ғылымы жетік елдердің тіліне жалтақтайды. Өйткені жаңалық атауы соны алғаш ашқан елдің тілімен аталады. Сол атауымен басқа елге тарайды. Тіл тазалығының шынайы үлгісін көркем әдебиет қана сақтап келген. Сөздік қордың сырлы құндылықтарын сөйлететін де көркем шығарма екенін білеміз. «Өзгелерді қазақша сөйлетеміз» деп жүріп, өзегіміз саналатын тіліміздің құдіреттілігіне көлеңке түсіріп алмайық, ағайын!

  Қайсар Қадырқұлов,

   ҚазҰУ-дың доценті

«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, № 9,  2012 жыл,  (133 – 139 б.б.).