14 там, 2018 сағат 14:15

Қазақстанда 5G байланысы қашан іске қосылатыны белгілі болды

Еліміздегі ақпарат және коммуникациялар министрлігіне алдағы жақын уақытта 5G ұялы байланысы технологиясына пилоттық тестілеу жүргізу үшін байланыс операторын анықтау керек болып тұр. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында ведомство басшысы Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұялы байланыс стандарттарының жаңа буыны әр 10 жыл сайын әзірленіп отырады. 1981 жылы бірінші стандарт – 1G, 1992 жылы - 2G, 2001 жылы - 3G және 2010 жылдың аяғында - 4G енгізілді. 2020 жылға қарай 5G стандартын енгізу күтілуде. 5G ұялы байланысын Қазақстан Республикасының аумағына енгізу Халықаралық электробайланыс одағының 5G стандартын қабылданғаннан кейін мүмкін болады. 2019 жылы Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында өтетін Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясында осы шешімді қабылдау жоспарланған», - деді министр.

Абаевтың айтуынша, Халықаралық электробайланыс одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін ғана телекоммуникациялық жабдықтардың өндірушілер қабылданған стандарт бойынша жұмыс істейтін тиісті құрылғыларды жаппай өндіруді бастайды.

«Өз кезегінде Министрлік 2019 жылдың 2 тоқсанында 5G ұялы байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізуді жоспарлап отыр. 5G ұялы байланысын пилоттық тестілеу үшін Министрлік жиіліктерді іріктеу жұмысын Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Алматы облыстарында жүргізіп жатыр. Сонымен бірге, Қорғаныс министрлігімен келісілген жиілік ресурстары операторлардың біреуінде ғана 5G технологиясын тестілеуден өткізу жеткілікті. Яғни, Министрлік жуық арада 5G мобильді байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізу үшін байланыс операторын анықтауы қажет», - деді Абаев.

Ведомство басшысы жалпы, 5G стандарты не үшін қажет екеніне де тоқталып өтті.

«Бұл ең алдымен жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді. Кейбір сарапшылар 5G қосылған жағдайда пилотсыз көліктер жүргізуге мүмкіндік пайда болатынын айтып отыр. Мысалы үшін: бұл 4G мобильді байланыс технологиясымен салыстырғанда жылдамдығы 40 есе көп технологияны ұсынады. Интернет еш кедергісіз жұмыс істеген жағдайда көптеген артықшылықтарға қол жеткіземіз. Денсаулық сақтау саласында нақты уақыт режимінде қашықтықтан күрделі операциялар жүргізу үшін қолдануға болады. Қауіпті аймақтарда, яғни, кен орнында немесе құрылыс барысында экскаваторды, кранды кабинетте немесе орталық басқару бөлмесінде отырып-ақ белгілі қашықтықтан басқаруға мүмкіндік туады», - деп түйіндеді министр.