#
#
Жұма 15/11/2019

Қазақстан көрсеткіштер өсімі бойынша үздік он елдің қатарына енді – Brand Finance

  • 06.11.2019
  • 0
  • 216

Brand Finance компаниясы биылғы 100 ұлттық бренд рейтингін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ranking.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Компанияның мәліметінше, кез келген елдің бренді мемлекеттің абырой-беделіне, келешегін болжай білуіне, елдің байлығына, бәсекеге қабілетіне айтарлықтай ықпал етеді. Биылғы зерттеу жұмысы дамушы елдердің ұлттық брендтері дамыған елдерге қарағанда қарқынды түрде өркендеп келе жатқанын көрсеткен. Мәселен, дамушы елдерде бренд құнының орташа өсімі 13,9 пайызды көрсетсе, дамыған елдерде 0,4 пайыздық өсімге жеткен.

«Рейтинг 100 елді сараптайды. Әлемдегі ең қымбат брендтер көшін - АҚШ, Қытай және Германия сақтап қалды. АҚШ-тың бренд құны 27,8 трлн АҚШ долларын құраса, Қытай - 19,5 трлн АҚШ доллары, Германия - 4,9 трлн АҚШ долларына жеткен. Ең қымбат бренді бар алғашқы елдердің бестігін Жапония (4,5 трлн АҚШ доллары) және Ұлыбритания (3,9 трлн АҚШ доллары) түйіндейді. Сонымен қатар алғашқы ондыққа Франция, Үндістан, Канада, Оңтүстік Корея және Италия кірді. Қазақстан 7 сатыға көтеріліп, Жаңа Зеландия (45 орын) мен Иран (43 орын) арасында 44-ші орынға (2018 жылы - 51 орын) ие болды. Айта кету керек, Қазақстанның бренд құны кейбір Еуропа елдерінен (мысалы, Португалия, Румыния, Мажарстан, Словакия және басқалары) гөрі жоғары» делінген хабарламада.

Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында рейтингке 14-ші орынмен Ресей (2018 жылы 18-ші орын) кіреді.

«Ұлттық брендтердің рейтингін түзу кезінде экономикалық, демографиялық және саяси факторлар, оның ішінде инвестициялық көрсеткіштер, туристік тартымдылық, зерттелетін елдердің экономикалық өсу динамикасы, ұлттық тауарлар мен қызметтердің өндірісі, тұтынылуы мен экспорты, адам капиталы және басқа да төрт сегментке біріктірілген параметрлер ескеріледі», - деп хабарлайды ақпарат көзі.

Айта кетерлігі, биылғы рейтингте Қазақстан ұлттық бренд құнының өсімі бойынша үздік он елдің қатарынан көрініп отыр. Біздің елдің бренд құны 41,9 пайызға өсіп, өсімі жоғары ондық ішінде сегізінші орынға табан тіреген. Бренд құнының өсімі жағынан Гана бір жылда 67,1 пайыздық өсімге жетсе, одан кейінгі орындардан Уганда (+55,7 пайыз), Парагвай (+55,4 пайыз), Бангладеш (+53,8 пайыз) және Мысыр (+50,1 пайыз) көрінген.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар