02 жел, 2016 сағат 09:51

Каспий құбыр консорциумы арқылы рекордтық мұнай тиелді

- 2016 жылғы қараша айының қорытындысы бойынша Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалында 4 438 701 тонна (35 151 943 баррель) мұнай тиелді. 

Бұл Теңіз-Новороссийск мұнай тасымалдау жүйесін пайдалану басталған уақыттан бергі рекордтық айлық көлем, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Консорциум ақпаратына қарағанда, бұған дейінгі рекорд 2016 жылғы наурыз айында белгіленген. Ол кезде бір айда танкерлерге 4 210 000 тонна мұнай тиелген.

Консорциумның бүкіл тарихы кезінде Теңіз терминалында 4,3 мыңнан астам танкер тиеліп, олар арқылы 460 млн. тоннадан астам мұнай тасымалданды. Оның ішінде қазақстандық өндірушілердің үлесіне 398 млн. тоннаға жуық мұнай тиесілі болса, қалғаны  ресейлік өнім.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы КҚК Теңіз терминалы халықаралық Oil Terminal 2015 конкурсының жеңімпазы атанды. КҚК аталған конкурста жалпы төрт рет марапатталған. Бұған дейін ол «Үздік технологиялық жабдықталу», «Сенімді серіктес» және «Тұрақтылық» аталымдары бойынша «Мұнай терминалы» халықаралық сыйлығының лауреаты атанған.