17 нау, 2020 сағат 06:21

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қосымша 400 млрд теңге бөлінеді

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қосымша 400 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын синхрондау аясында кәсіпкерлер үшін теңгелік қаржыландыруға қолжетімділікті көтеру көзделеді. Біріншіден, несиелендіру 1 трлн теңгеге дейін, яғни 400 млрд теңгеге ұлғаяды», - деді кәсіпкерлікті және отандық өндірісті қолдау шаралары жайында баяндаған министр.

Оның атап өтуінше, қаражат ең алдымен импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өнім өндірушілерге беріледі. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиелендірудің жоғарғы шегі 7 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Ағымдағы шығыстарды жабу үшін бизнестің айналым қаражатын қаржыландыруды кеңейту ұсынылады.

«Несиелер бойынша түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі біріктендіріледі және 6 пайызды құрайды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасында салалық шектеулер алынадыжәне «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасында басым тауарлар тізбесі кеңейтіледі«, - деді Руслан Дәленов.