06 нау, 2017 сағат 08:50

Ішкі істер министрін тағайындау өкілеттігі Президент құзіретінде қалды

Еліміздің Ішкі істер министрін тағайындау және қызметінен босату өкілеттігі Қазақстан Президентінің құзіретінде қалдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер министрін тағайындау және қызметінен босату Президенттің жеке құқығында болсын деген ұсыныс көтерілген еді. Бұл жайында біз жазбаша да ұсыныс  алдық. Оны қарастырдық және ұсыныспен келістік. Себебі, біріншіден, Ішкі істер министрі мемлекеттегі қоғамдық қауіпсіздік үшін, азаматтардың жеке басының қауіпсіздігіне жауап береді», - деді Парламент палаталарының отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі заң жобасын екінші оқылымға дайындау жөніндегі бірлескен комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Сонымен қатар оның айтуынша,  Елбасы - Қазақстан Республикасының Президенті өзінің жоғары мәртебелі лауазымына байланысты ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып саналады.

«Ал Ішкі істер министрлігінің құрамында Ұлттық гвардия бар.  Ол тікелей әскери мекеме.  Сол себепті қолдадық. Сондықтан бүгінгі таңда Елбасының жеке құқымен тағайындалатын және қызметінен босатылатын Ішкі істер министрі осы тәртіппен қала береді. Қорғаныс та, Сыртқы істер министрі де. Ал Әділет министрін бекіту және қызметінен босату Парламентке беріледі», - деді Мәжіліс депутаты.  

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар  енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.  


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/ishki-ister-ministrin-tagayyndau-okilettigi-prezident-kuziretinde-kaldy_a3005383