19 сәу, 2020 сағат 16:03

Есенғали Раушанов. Кітаптың бір аты – Халық

ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәлеулеттің «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасына күне кеше ғана Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үн қосып, карантин кезінде оқуға отыз кітап ұсынған еді. 

«Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу үшін алтын уақытымызды осындай пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», - деп жазды Тоқаев.

Өз кезегінде, Президент бұл эстафетаны барша қазақстандықтарға жолдайтынын айтқан. Ал бүгін «Қандай кітап оқып жатырсыз?» эстафетасын ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есанғали Раушанов жалғап отыр.

***

Бір рәуаятта ежелгі грек драматургі Еврипидтен, тағы бір шежіреде испан жазушысы Сервантестің «Дон Кихотынан» қалды дейтұғын қанатты сөз «Сіз маған досыңыздың кім екенін айтыңыз, мен сіздің кім екеніңізді айтып берейін» дейді. Қаламгер қауымның бірінші досы, әлбетте кітап. Басқаша болуы мүмкін де емес. Сондықтан кітапты қадірлеген адамның қай-қайсысы да бізге тонның ішкі бауындай жақын. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы қызметке келгенде әуелі қаламгер қауым қуанғаны белгілі. Жазушының баласы көзін ашқаннан кітап көреді, ол тәй-тәй басқаннан кітаптың арасында өседі, үй іші таңғы асқа жиналғаннан бастап, кешкі шәй кезінде де кітап туралы, жазушылар туралы, зиялы қауым жайлы әңгіме естіп өседі, қаламгердің үйінде бала-шағаның көзінше ақша, атақ, байлық, кек қайтару, есе жібермеу, қарпып қалу, тартып алу деген секілді дүнеауи сөздер айтылмайды. Айтылса, ол жазушы емес. «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ, тағы айтады «ата көрген оқ жонар» деп. Жазушының баласы жазушы болуы шарт емес, жаман адам болмауы шарт. Міне, біз сол үшін қуандық. Қазақстан Жазушылыр Одағы басшысы, көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Ұлықбек Есдаулетов «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж эстафетасын еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына ұсынғанда (бұл өте орынды ұсыныс болды деп санаймыз) біз, басқа жазушылар демімізді ішке тартып не дер екен деп күттік. Бүгін Президентіміздің жауабын оқып «Тусаң ту!» деп қуанып отырған жөніміз бар. Қ.К.Тоқаев мырза зиялы қауыммен диологқа дайын екенін бірінші күннен-ақ танытып келеді. Біздің Жазушылар Одағының соңғы ширек ғасырда азып-тозып кеткен ғимаратын жөндеу, талантты қаламгерлерімізге шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін арнаулы стипендиялар тағайындау, жалпы рухани әлемді мемлекеттік қамқорлыққа алу жөніндегі ұсыныстарымыздың қай-қайсы да жерде қалған жоқ. Оқыған кітаптарының басында хакім Абай тұрғаны қандай ғанибет! Қадыр ақын айтпақшы «өзге тілдің бәрін біліп, өз тілін құрметтегені» неткен жарасымдылық! Бұған дейін оның Мұхтар Әуезовтің қазақтың «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Абай жолы» эпопеясын қайта оқып жатқанын естіп қуанып едік. Кітаптың бір аты – халық. Қай заманда да жақсы патшалар бұхарадан қашпаған. Бұдан шығады, демек кітап кім-кімнің де жан досы болуға керек екен. Дұшпанды алыстан емес, өз маңынан іздеудің орнына халықтың арасынан, зиялылар тобынан іздеп қара басқан қанша хүкімдарлар өтті бұл дүниеден. Зиялы кісі қай кезде де – зиялы. Зиялылық өтпелі, өкпек статус емес, ол – Хемингуэйдің сөзімен айтсақ, «мәңгі тарқамас мерекең». Экономикалық дағдарыс, экологиялық дағдарыс, финанс қаржы-қаражат тығырығы басталғалы көп болған жоқ. Ал рухани карантин дағдарыс басталғалы ше? Жан дүниемізді пандемия жайлап алғалы ше? Бізге жетпей жүрген не нәрсе, қаржы-қаражат па, жоқ зиялылық па? Басқаны былай қойғанда ең лас дүние боп саналатын саясаттың өзінде зиялылық үстемдік етпесе, тобырға айналамыз. Тобырға айналудың сәл-ақ алдында тұрған ел қаншама Жер жетінде?!

Қазақ о бастан Құдай Тағала бағын артық жаратқан халық қой, бұлғақтың не түрін бастан өткерсек те бірлігіміз жоғалған жоқ. Біз  біргеміз! «Көппен көрген ұлы той», мына қиыншылық та ертең артта қалады. Әлемге әйгілі атақты бір телеарнаның мәліметі бойынша былтыр халықтың 47 пайызы бір де-бір кітап оқымаған. Бірақ әлеуметтік сауалнамалар аталмыш телеарнаны өткен бір айда 8 миллион халық көргенін жазуда. Асылы ауыртпалық елді біріктіреді, жақындастырады. Қасым-Жомарт Кемелұлының алдында орасан үлкен істер тұр. Абай айтады: «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді...» деп. Өткен бір жылда қаншама игі істің басы қайырылды?!  Ел Таза адамға сенеді және соған ереді. Басқаша болмайтынын сан мәрте көзіміз көріп келе жатқан жоқ па, ағайын?!  Енді шегінерге жол жоқ екенін халық көріп отыр,  бақылап, қадағалап отыр. Біз бұл туралы, бұйырса, әлі де айтатын боламыз. Өз басым қазақты жарқын күндер, жақсы жылдар күтіп тұрғанына иманымдай сенемін және сіздердің де сенулеріңізді қалар едім.

Дәстүр бойынша мен де біреуге эстафета ұсынуым керек екен. Және «не кітап оқығаныңызды айтсаңыз, тіпті жақсы» дейді. Бірақ менің олай еткім жоқ. Менің кітап оқитын қазақ екенім екібастан белгілі болар, ол менің мамандығым, арым ұятым, жұтар ауа, дәм тұзым. «Баршаңызға бір сәлем» демекші, кітап оқу жалпы қазақтың әдетіне айналса деймін. Баршамыздың, барлық кезде!

Есенғали Раушанов, 

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.