05 қар, 2018 сағат 09:17

Елордада Digital Bridge халықаралық инновациялық форумы басталды

Бүгін Астанада «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Digital Bridge - Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға. Қатысушылар форумның диалогтік алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылап, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен және бизнес-модельдермен бөліседі.

Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының негізгі өкілдері, технология саласындағы танылған сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, сондай-ақ бірқатар елдің мемлекеттік секторларының өкілдері, ғалымдар, цифрлық әзірлемелер саласының мамандары, венчурлық инвесторлар қатысуда.

Digital Bridge алаңында 50-ден аса қазақстандық және халықаралық спикер сөз сөйледі деп күтілуде. Олардың арасында Startup Genome бас директоры Жан Франсуа Готье, Hyperloop Transportation бас директоры Дирк Альборн, Стартап академиясының менторы және кеңесші, стартап тақырыбы бойынша сатылымға ең көп шыққан кітаптың авторы Боб Дорф, Галактика жекеменшік ғарыш компаниясының негізін қалаушы және иесі Алия Прокофьева, Priceline Group қоса негізін қалаушы Джефф Хоффман, венчурлық капиталдың халықаралық фирмасы Global Catalyst Partners төрағасы және тең мердігері Камран Элахиан бар.

Форум аясында «Цифрлық экономика дамуының жаһандық тренді жөнінде диалогы» атты пленарлық сессиясы өтеді. Сонымен қатар сессия жұмысына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Константин Носков қатысады деп күтілуде.

Белгілі болғандай, спикерлер халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, әлемдік нарықтағы цифрлық кәсіпкерліктің жаһандық үрдістеріндегі Қазақстанның әлеуетін талқылайды. Форум аясында Қазақстандағы цифрландыру саласының ең алғашқы Digital Bridge Awards жүлдесі табысталмақ.

Бұдан басқа, Digital Bridge форумының аясында Astana Hub ІТстартаптар халықаралық технопаркінің бастамасымен екі эксклюзивті іс-шара ұйымдастырылмақ. Осы орайда Astana Hub Battle стартаптар жарысы және Astana Hub Awards Қазақстанның стартап-индустриясы саласындағы сыйлығы қамтылады. 

Іс-шара бағдарламасында 9 панельдік пікірталас сессиясы қамтылып, шақырылған спикерлер экожүйелердің тұрақты стартаптарын құру; мемлекетті цифрландыруда Blockchain технологиясын қолдану; электрондық үкіметтің дамуына жаңа ақпараттық технологиялардың әсері; ғарыштық инновациялар, Қазақстан технологиялық кәсіпкерлерінің жаңа келешегін қалыптастыру жолы мен инновациялық дамудың басқа да тақырыптарын талқылайды.

Форум цифрлық трансформация, электрондық үкімет, технологиялық кәсіпкерлік және 4-ші өнеркәсіптік революция идеяларын ілгерілетуге арналған Еуропа мен Азия елдерінің арасындағы диалогтік алаңды құрайтын жыл сайынғы іс-шара болады деп көзделуде.

Айта кетейі, халықаралық шара Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұйымдастыруымен, «Зерде» Ұлттық инфокомуникация холдингі» АҚ және Astana Hub халықаралық технопаркінің қолдауымен өтіп жатыр.