13 там, 2019 сағат 14:34

Елорда әкімі қала халқы үшін ең өзекті үш мәселені атады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов шешімін табуды талап ететін елорданың ең өзекті үш мәселесін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншісі – бұл салымшылардың мәселесі. Қазіргі таңда қалада 50-ге тарта проблемалық нысан бар. Олардың құрылысы 5 немесе 10 жылдан асып кеткен. Ал салымшылардың саны 14 мыңға жетіп отыр. Олардың проблемалық санатта жүргендері – 10,5 мың адам. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрліктермен бұл мәселені шешіп жатырмыз. Әр үй бойынша нақты механизм бар», - деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, аталмыш мәселеде арыз бойынша даулар, инвесторлар мен салушыларға қатысты мәселелер, салымшылардың өз арасындағы келіспеушіліктер секілді сұрақтар бар.

«Міне, сол себепті, әр үй бойынша жеке жұмыс жүргізілуі тиіс. Осы жылы 10 үйді пайдалануға берсек, келесі жылғы кезекте тағы 15-і тұр. Алдағы 3 жылда жағдайды түпкілікті өзгерткіміз келеді», - деді шаһар басшысы.

Әкімнің айтуына қарағанда, елорда үшін өзекті екінші мәселе – қала шетін абаттандыру.

«16 кент, қосылған тұрғын үй кешендерінде қала халқының 25 пайызы өмір сүріп жатыр. Ондағы халық саны – 280 мың адам. Оған қатысты сұрақтарды да үшке бөліп отырмыз: біріншісі – инфрақұрылым, екіншісі – әлеуметтік нысандар, үшіншісі – абаттандыру. Жылы аялдамалар, автобустардың бағдарларына келгенде қала шетіндегі тұрғындар біршама қиналатынын жасырмаймыз. Бұған қатысты Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бар. Алдағы үш жылдың жоспары бекітілген», - деді ол.

Алтай Көлгінов үшінші мәселеге елорданы газдандыру жұмысын жатқызды.