06 шіл, 2017 сағат 08:18

Елбасы Астана әуежайына өз есімін беру бастамасына қатысты пікірін білдірді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Россия 24» телеарнасының тілшісіне Астана әуежайына өз есімін беру бастамасына қатысты пікірін білдірді.

- Бұл менің бастамам емес. Мен ылғи да бұндай бастамаларға қарсы болып келдім. Бірақ бұндай ұсыныс қайт-қайта алдымнан шыға береді. Соған қарағанда, адамдар атқарылған жұмысты көріп, соған ризашылығы мен алғысын білдіргісі келетін секілді, - деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. - Кез келген саясаткер, Мемлекет басшысы тарихта атқарған ісімен қалуы керек. Баға беретін біздің буын емес, келер ұрпақ. Мен ұлы философ, Рим императоры Марк Аврелийдің «Сіздің неге әлі күнге ескерткішіңіз жоқ?» деген сұраққа: «Мен кейін адамдар мына ескерткіш кімнің ескерткіші деп сұрағанын қаламаймын. Керісінше, «мына адамға неге әлі ескерткіш қойылмаған?» - деп сұрағанын қалаймын», - деген жауабын жиі есіме аламын.

Айта кетейік, «Қазақстан болашаққа көз тігеді» атты арнайы репортаж Ресейдің танымал «Россия 24» телеарнасында жарияланған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев телеарнаның тілшісі Роберт Францевке берген сұхбаты негізінде жасалған репортажда ҚР Президенті Астананың салыну тарихы туралы, елорда аумағындағы жасыл белдеудің дамуы, елдің бітімгерлік миссиясының негізгі мақсаттары, ел экономикасын жаңғырту, индустриялық-инновациялық жаңғырту бағдарламасының қорытындысы туралы айтып берді.