14 там, 2018 сағат 08:33

«Digital Arena»: Еліміздегі түйткілді мәселелер цифрландырудың арқасында өз түйінін табады

Қазіргі таңда цифрлық технологиялар әлемдік экономикалық дамудың негізгі факторына айналуда. Ол ел экономикасының болмысын түбегейлі өзгертіп, еңбек өнімділігінің артуына, өмір сапасының жақсаруына жағдай жасайды. Нәтижесінде әлеуметтің әл-ауқаты артып, экономикалық өсім қамтамасыз етіледі. Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, цифрлық экономикасын жолға қойған мемлекеттердің барлығы алдыңғы қатардан көрініп жатыр. Мәселен, Сингапур цифрлық саясаты арқылы дамудың даңғыл жолына түсті. Олар инновациялық технологияларды мемлекеттік басқаруға және қоғам өмірінің барлық саласына енгізді. Нәтижесінде жаппай жұмыссыздық жойылып, жайлы өмірге қол жеткізді. Ал, АҚШ жастары мен өнертапқыштары цифрлық технологиялар жасауға өте бейім. Олардың қызығушылығынан көптеген жаңа технологиялар пайда болып, жаһандық экономикаға айтарлықтай түсім түсуде. Ең бастысы – адамдардың тұрмыс-тіршілігі жеңілдеп, жайлылық сыйлауда. Цифрландырудағы мақсат та осыған негізделген. 

Ал, елімізде мемлекеттік қызметті оңтайландыру мақсатында қандай істер атқарылуда?  Білім саласын онлайн-режимге көшіру процесі қалай жүргізілуде? Оның пайдасы мен қажеті қанша? Цифрландыру бойынша Қаржы министрлігінің көздегені не? Қандай жұмыстар жасалды? Осы және өзге сұрақтар 11 тамызда Астанадағы Astana hub технопаркіндегі өткен «Digital Arena» форумында талқыланды. Оған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари, Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев қатысты.

Әлемнің алпауыт мемлекеттері цифрлық технологиялардың маңызын әуел бастан түсінді. Цифрландырусыз жағдайдың жақсармайтынын да, мемлекеттік саясаттың дұрыс болмайтынын да біледі. Өйткені, бұл – заман талабы әрі қазіргі шындық. Цифрландыру елдің ішкі және сыртқы саясатының дамуына, халықтың ахуалының артуына айтарлықтай серпін береді. Цифрландыруды қолға алып, жоғары көрсеткішке жетіп отырған мемлекеттердің бірі – Ұлыбритания.

«Мен Ұлыбританиядағы жағдайды айтқым келеді. Біз бұл мемлекетпен келісім жасасқанбыз. Ондағы мемлекеттік ақпараттық жүйе дамыған. Бұл ел мемлекеттік органды дамыту үшін алдымен трансформациялық стратегия жасайды. Артынша жобаларды қолға алады. Олардағы цифрлық бастамалар ағымдағы тапсырмалардың төңірегінде қаржыландырылады», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі 50 кәсіпорын жаңашылдықтармен жұмыс істейді. Оған мысал ретінде «Керемет» компаниясын айтуға болады. Ол мемлекеттiк сатып алу қызметіндегі тәуекелдерді басқару жүйесiн жасаған болатын. Бұған қоса, 40 бағдар әзірленіп, бүгінде бұл бағдарларды құқық қорғау органдары пайдаланады.

Аталған форумда «ашық микрофон» айдары болып, IT саласындағы бизнес бастаушылар вице-министрлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Осы ретте, бір қатысушы отандық әлеуметтік желінің жоқ екендігін айтып, Білім және ғылым вице-министріне өзінің ұсынысын білдірді.

«Біз бір жылдан бері отандық әлеуметтік желі әзірлеп жатырмыз. Біз де қазіргі таңда чат, канал барлығы дайын. Бұған қоса, жаңалықтар бөлімін дайындап жатырмыз. Осыған байланысты біз әлеуметтік желілер арқылы қосымша бағдарламалар енгізгіміз келеді. Мықты ұстаздардың эфирлік білім алуларын осы әлеуметтік желі арқылы қамтамасыз етсек дейміз. Осыған қатысты сіздермен жұмыс істесек деген ниетіміз бар», – деп өз ұсынысын білдірді IT компанияның директоры.

Білім және ғылым вице-министрі өз кезегінде осы мәселеге қатысты платформалар жасалып жатқанын, онлайн жүйе бойынша бірқатар істер атқарылып жатқанын баса айтты.

«Қазір мұғалімдер жыл сайын облысқа барып, біліктілігін арттыру курстарына барады. Осыған көптеген қаражат жұмсалады. Осыған байланысты біз онлайн режимді іске қоссақ дейміз. Біз министрлік осы мәселеге қатысты барлық жағдайды жасаймыз әрі қолдау көрсетеміз», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари.

Ал, баласының IT-технологияларға бейім екенін айтқан ата-ана программалау пәнінің мектептерде ашылмағанын, оның орта білім беретін білім ошағында қолданыста болғанын қалайтынын жеткізді.

«Менің ұлым 11 жаста, ол IT технологияларды жетік меңгерген. Мен оның осы салаға айтарлықтай қабілеті бар екенін байқадым. Осы ретте, оны робототехника және программалау курсына бердім. Мен ата-ана ретінде оның осы бағытта дамығанын қалаймын. Бірақ, мен мектепте осындай шаралардың жасалып жатқанын байқамадым. Мектепте де программалауға қатысты арнайы пәндердің болғанын қалаймын. Осыған байланысты министрлік тараппынан қандай істеп жасалып жатыр», – деп сауалын қойды ата-ана.

Өз кезегінде Рүстем Айдарбекұлы ІT cыныптарды ашу бойынша бірқатар істер атқарылып жатқанын, бағдарламаның нақтыланғанын тілге тиек етті.

«28 маусымда біз жаңа мектеп бағдарламасын жасадық. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасындағы тапсырмаға сәйкес, 2 сыныптан бастап программалау пәнін енгізу керектігі айтылды. Дегенмен, біз 1-10 сынып аралығында программалау пәні бойынша оқытуды бекіттік. Осылайша, барлық мектептегі 1-3 сынып оқушылары компьютерлік сауаттылықты оқитын болады. 4 сыныптан жоғары сыныпқа дейін ақпараттық технология пәні мен ақпараттық қауіпсіздік пәні болады. Елімізде 21 мың информатика мұғалімі бар. Оның 2 мыңы жаңа программалау пәнін меңгеретін болады. Осыған байланысты, біз мектептегі пәндерді алдымен пилоттық жоба аясында оқытатын боламыз. 2-3 жылдың төңірегінде бұл пәндер барлық мектептерге енгізілетін болады. Тағы да айта кетерлігі, еліміздің түкпір-түкпірінлегі аудандарды IT сыныптары ашылуда», – деді Білім және ғылым вице-министрі.

Қаржы вице-министрі де аталған сауалға өз жауабын айтты. Айтуынша, ел болып, бірігіп IT-сыныптарды ашу қажет.

«Елімізде робототехниканы оқыту бойынша көптеген жеке білім ошақтары бар. Онда программалау пәні бойынша базалық білім береді. Сондай-ақ, алдағы уақытта Назарбаев университетінде лабораториялық орталық ашылатын болады. Кәсіпкерлердің назарына айтарым, кім қаржыландыра алса, сол ашсын.  Бұл тек қана мемлекеттің жұмысы емес, бұл ортақ іс дегім келеді. Мәселен, кейбір аймақтарда мектептердегі IT cыныптарды жеке кәсіпкерлер ашып  жатыр. «Нұр Отан» партиясының жанында да компьютерлік білім беретін арнайы сыныптар бар және т.б.», – деп жауап берді ол.

Ал, аталмыш министрліктердегі цифрландыру процесіне келер болсақ, ҚР Қаржы министрлігінің бастамасымен көптеген ақпараттық жүйе қолға алыныпты.

 «Қаржы министрлігімен 25 ақпараттық жүйе жасалды. Цифрландыру бойынша біздің министрлік көшбасшылардың бірі. Бүгінде көптеген жобалар жасалуда. 2020 жылы тұрғындарды жаппай декларациялау процесі өтеді», – деді Р. Еңсебаев.

Қаржы вице-министрінің сөзінше, еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – жер телімдерін тіркеу. Осы ретте, Жол картасы жасалған. Айта кету керек, бұл процестер кейін мобильді қосымшалар арқылы жүзеге асатын болады.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметтердің жұмысын жеңілдету үшін бірқатар шаралардың жасалып жатқанын баса айтты.

«Біз қазіргі таңда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және мемлекеттік органдармен мәліметтерді жеңілдету ісі бойынша жұмыстар атқарудамыз. Стратегия жасауда мемлекеттік органдар өздерінің жобалары мен жүйелерін ең бірінші кезекке қояды», – деді Қаржы вице-министрі.

Ал, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Айдарбекұлының айтуынша, кез келген ұйымға автоматтандыру жүйесі қажет. Қазіргі таңда еліміздегі мектептерде электронды күнделіктер кең қолданыста. Мәселен, Bilimal.kz

Сондай-ақ, ол ситуациялық орталықтар арқылы мектептердегі жағдайды онлайн форматта бақылап отырудың маңызды екендігіне тоқталды.

«Цифрлық білім беру ресурстары бар. Бұған қадам басып жатырмыз.  Осыған сәйкес, қазіргі таңда еліміздегі мектептерде bilimland.kz порталы жұмыс істейді», – деп түйіндеді Р. Биғари.

Вице-министрлердің сөзінше, жақында көптеген мемлекеттік IT-cыныптар ашылып, 1-10 сынып оқушылары программалау пәнін меңгермек. 2 мың ұстаздың (информатика) біліктілігі артады. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары онлайн-режимде болып, уақыт пен қаржы үнемделмек. Бұған қоса, алдағы уақытта Назарбаев университетінде ақпараттық технологияларға қатысты лабораториялық орталық ашылатын болады. Болашақта жер телімін тіркеу де электрондық нұсқада орындалмақ. Осылайша, аталған салаларға цифрлық жаңашылдықтар өз пайдасы мен тиімділігін көрсетпек.

Назерке Еркінқызы