01 нау, 2019 сағат 07:30

Дидар Амантай. Түн күбірі (Нұрлан Қабдайдың үш әңгімесі жөнінде)

Менің жастық шағым – Уильям Фолкнер. Қолыма тисе болды – жастық шағым есіме түседі.

Тау-шатқалдар, сыңсыған орман, ойдым-ойдым тоғай, топ-топ қайың, қасқыр құйрық қарағайлар – сосын, қызыл жидек, сиыр бүлдірген, қарақат, тошала, мойыл, таңқурай, мәуелі жеміс бұталары, жарықтық Қарқаралы шығысында жатқан Ақтерек ауылы.

Шілде айы, жаз ортасында ауланың ішінде немесе салқын үйде кітаптарды іргеме қалап қойып, шетінен суырып алып, бірінен соң бірін оқып жататынмын.

Тыста – тамылжыған дүние, жайма-шуақ маусым, бақытты шақ. Жайдарман мезгіл өмірдің соңын жоққа шығарғандай арқа-жарқа, алқам-салқам, шат-шадыман. Көңілі біртүрлі, қуанышы алабөтен.

Келте ғұмырда қайғы-мұң, уайым-шер, қасірет-қапа бар деп ойламайтын уақ.

Бұл атмосфера қаламгердің кітаптарында анық бейнеленген еді. Сонда, Фолкнердің шығармаларынан ағаштың шайыр иісі, қалың орман жұпары аңқып тұратын.

Сөздері сиқыр еді. Жазғаны – ертегідей, кейіптеген аңыз образдары нақ әрі айқын, ешбір қатесі жоқ.

Мен Нұрлан Қабдайдан соны көремін.

“Негры ничего не говорили, не издали ни звука. Глаза их отсвечивали в темноте, дикие и покорные; запах шел волнами, густой и острый. 
– Да, они боятся, – сказал другой индеец. 
– Что нам теперь делать?” (Уильям Фолкнер, “Қызыл жапырақтар”, әңгіме)

Немесе,

“Наконец дверь чуть-чуть приоткрылась, из щели блеснул отсвет тлеющих углей, пахнуло острым запахом негров, и в теплой струе воздуха показалась чья-то голова” (Уильям Фолкнер, “Сарторис”, роман).

Енді Нұрлан Қабдайға келейік: “Қылдырықтай белі қыз күнін сағындырмаған ақ келіншек күл төге шыққанда, көрші үйден екі көз ере шықты” (“Екі-үшеудің күйбеңі”, әңгіме).

Фолкнер де қара мақпал түнді, қараңғылықта жарқ ете қалған екі көзді жақсы көреді. Түн сипатын уақиға ізінен танимыз. Нұрлан Қабдай оны емеурінмен білдіре салады. Автор ұсақ детальдарында – анық, жалпы көрінісінде, тұтас әңгіме көлемінде – күңгірт. Іздегеніміз – осы.

“Түн ауған шақ. Шара аяғының ұшымен басып келіп орнына жатты. Шәйі көрпенің сусылы осыншама қатты естілетінін бұрын қалай аңғармаған. Жүрегі аузына тығылды. “Ояу жатса ше?” Ол күйеуінің жүзіне үңіліп қарамақшы болды, бірақ батылы жетпеді. Сосын… әлденені есіне алып күлімсірей беріп, оқыс селк ете түсті.

Сәмет ояу болатын. Ұрланып қойнына кірген келіншегінің аяғына аяғын тигізіп еді, құлпытастай суық екен. Анау сып еткізіп тартып ала қойды. Сол сәт мұның көңілін де көрдей түнек тұмшалаған” (Нұрлан Қабдай, “Екі-үшеудің күйбеңі”, әңгіме).

“Дверь закрылась. Баярд натянул поводья, и Перри с готовностью двинулся вокруг дома, ступая по сухим промерзшим стеблям хлопка, которые больно щелкали седока по коленям. Когда Баярд спрыгнул на мерзлую неровную землю возле зияющей двери, свет фонаря вырвал из темноты обломки стеблей и огромные ножницы человеческих ног, и негр с бесформенным тюком под мышкой направил фонарь на Баярда, который расседлывал Перри” (Уильям Фолкнер, “Сарторис”, роман).

Нұрлан Қабдайды оқимыз: “Мен бір қылышы жемтік талғамайтын қарақшы едім. Маған тап болған талай бейбақтың басы жырада қалды, қылышым жарқ еткенде өзім секілді талай мүсәпір бақ етуге шамасы келмей жайрап жататын. Иендегі талай құрқұдықтың түбінде мен жасырған алтын бар. Мен тіпті, сынық түйме үшін де кісі қанын жүктей салатынмын. Мен үшін ол бір шыбын қаққандай-ақ шаруа еді” (“Адам”, әңгіме).

Уильям Фолкнерді қайта қараймыз: “Негр осветил фонарем стойло. Перри осторожно переступил через порог, и в полосе света от фонаря глаза его загорелись фосфорическим блеском, а Баярд, войдя за ним следом, принялся растирать его сухим концом попоны. Негр исчез. Вскоре он снова появился с охапкой кукурузных початков, бросил их в кормушку Перри, и лошадь с жадностью зарылась в них мордой (“Сарторис”, роман).

Нұрлан Қабдай ше: “Жұрт бұрынғыша сейіл құрып, сапарлауды қойды. Өйткені әр ағаштың тасасында мен тұрғандаймын, әр таудың қуысында мен жатқандаймын. Не керек, жаратқанға сүйкімсіз арманым өзіме жақты” (“Адам”, әңгіме).

Тағы бір әңгімесіне назар аударайық: “Бір-бірімен беттескен қос шомбал тасты көргенде-ақ Шыжықтың көзі қарауытып кетті. Бір уыс бидай қашан бір үзім нанға айналғанша алда әлі бір кештік ауыр жұмыс барын, сосын тағы... бүк түсіп, бұратылып жатып таң атыру керегін ойлап үлгерген” (Нұрлан Қабдай, “Кішкентай қасірет”, әңгіме).

“Жертөледегі жалғыз қап ұн иесіз үйдегі тəні жүдеген панасыздардың жанын жылытқан, алыста, əл үстінде жатқан əкелеріне деген сағыныштың, жоқшылықтың емес, шын мəнінде Құдайдың алдында тізе бүккен балалардың əкеміз тезірек жазылса екен дейтін кіршіксіз тілек-дұғаларының нышанындай еді” (Нұрлан Қабдай, “Кішкентай қасірет”, әңгіме).

Ірі суреткер Уильям Фолкнер мен Нұрлан Қабдай мәтіндерін салыстыра отырып, біз ұқсастықтарды да, өзгешеліктерді де байқаймыз. Текст – ткань. Алашадай берік тоқылғанда, кілемдей жарқырауы тиіс. Сәтті тоқылса, сәні ғана кіріп қоймайды, сапасы да артады, жібі тарқатылмайды.

Нұрлан Қабдайда қайраткер тұлғалар Виктор Гюго, Оноре де Бальзак, Лев Толстой, Герман Мелвилл, Джек Лондон, Томас Манн, Мұқтар Әуезовтердегідей қарым-қабілет, алапат күш-қуат бар. Әзірше қадау-қадау әңгімелерінен, тұс-тұстан, тосын, елеусіздеу бір бой көрсетіп қалады, бірақ болашақта үлкен таланты толық ашылады деген ойдамыз.

Сөзінде, сөйлемдерінде мін жоқ, десек те, “мықшындап” деген тәрізді ауыз екі тілдегі белсенді орамдар мәдениетті қаламға жараса бермесі хақ. Сөйлем әсем болуы керек.

Тіл – анық күйінде немесе таза күйінде – өлең, деген ғұлама ойшыл Мартин Хайдеггердің ғақлиясы бар. Жырдай сұлу, ғазалдай сүйкімді сөз образдары көңілді қуантады, бойға қуат береді.

Жас қаламгердің оқыған-тоқығаны көп, қаламы қалыптасқан, тілі құнарлы, жекелеген тұстарының өзінде шығарма тұтас, бүтін, төрт құбыласы түгел.

Қызыл сөзге әуестігі жоқ. Әдетте, сөз қуалаған сөйлемнен алыстап кетеді. Ол проза талаптарын меңгерген, сюжет тәртібін біледі, әдеби сауаты, көркем ізденістері бар.

Шарт – бұзылмайтын тәртіп, бұлжымайтын ереже, тұрақты қағида: сөз – нақ, сөйлем – ықшам, әрекет – анық. Қосарымыз – әсерлігі, әсемдігі, әнділігі.

Проза – тынымсыз ойшылдың шығармасы. Жазушы – бейнетқор тұлға. Пәлсапашы болғыңыз келсе, роман жазыңыз, деген екен Альбер Камю.

Жазушы – зор атақ. Қаламгердің бойында жүз ақынның жүгі бар, бір пәлсапашыға екі жүз жазушы тең.

Метафора. Бейкүнә ой – қанатты сөз. Әсемдігі асқан ақындық тұжырым. Бірақ, шындығы да жоқ емес.

Нұрлан Қабдайдың ізденістері біздің үмітімізге қанат байлайды. Үкілеген үмітіміз ұлықтаған қуанышқа айналсын деген тілеуқор көңілімізді алдынан жарылқасын.

Стиль – кітап оқудың перзенті. Фальш – білмегендіктің баласы. Ең сүйкімсізі – пафос. Сүйіктісі – бейтарап қалам.

Жұмбақтың шешімі – сол.

Дидар Амантай,

01.03.2019