11 қыр, 2019 сағат 08:15

Дәурен Абаев шетелдік продюсерлерге бірлесіп сериал түсіруді ұсынды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев шетелдік продюсерлер мен телеарна өкілдеріне бірлесе сериал түсіруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Ресейден, Қытайдан, Польша мен Үндістаннан келген әріптестеріме ресми түрде айтарым – біз бірлескен жоба жасауға дайынбыз. Арнайы қаражат бөліп, жеке әрі сапалы өнім дайындауға әзірміз. Ол өнімді Қазақстанда да, шетелде де түсінікті болатындай шығаруға болады. Егер сіздердің тараптарыңыздан қандай да бір ұсыныс болса – мархабат. Бірақ, егер біз серіктесе жұмыс істесек, ол елдің телеарнасымен біздің елдің телеарнасы бірлесе жұмыс жүргізген жөн болар еді. 2020 жылы бірлескен жоба әзірлейік. Біз келесі жылдың аяғында 2 миллион доллардан артық қаражат тапты деп мақтана айтып отыратындай (күлді) сол бірлескен өнімді шығарайық», - деді Дәурен Абаев елордада өтіп жатқан Astana Media Week шарасында.

Айта кетерлігі, бүгінгі шараға Польша, Үндістан, Ресей мен Қытай елдерінен продюсерлер мен режиссерлер келген болатын.

Еске сала кетсек, елордадағы «Қазмедиа» орталығында үш күнге созылатын Орталық Азиядағы ең ірі медиа-оқиға — Astana Media Week өтіп жатыр. Astana Media Week-тің бірінші күні сериалдық өнімдерді әзірлеу және шығару тақырыбымен және салық преференциялары, кино прокатының шарттары, мазмұны, фильм өнімінің шығармашылық деңгейі және оның демеушілер үшін тартымдылығы тақырыбымен ерекшеленеді.